1 Сәуір 2014, 11:52
Нұрсұлтан Әбішұлының оныншы – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі жайлы болжамы бүгінде айна қатесіз келуде. Оңтүстігіміздегі Ауғанстан, Пәкістан мемлекеттеріндегі ахуалды айтпағанда, көрші Қырғыз еліндегі жағдай әлі де мәз емес. ТМД елдерінің құрамындағы Украинадағы саяси тұрақсыздық, Қырым мен Севастопольдің Ресей құрамына өтуі, ЕуроОдақ пен G-8 мүшелерінің Ресейге қарсы санкциясы айналып келгенде Қазақстанға салқынын тигізбей қоймайды. Кеден Одағына мүше Ресей-Беларусь-Қазақстан мемлекеттерінің экономикасы біріне бірі өзара тығыз қатынаста болғандықтан, аталған елдің біріне қолданылатын санкция екіншісіне тікелей болмаса да жанамалай әсер етіп отырады.
Қазақстан Республикасы елдегі және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлермен халықаралық құқық арқылы күресуге, төнер қауіпті болдырмау және алдын ала сақтандыру мәселелерін шешуге, олардың негізінде жатқан іргелі себептерді жоюға қолайлы жағдайларды туғызу үшін дәйекті түрде қолдау жасайды.
Бүгінгі күні Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстарының құралдарының бірі болып табылады. Оның құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан кіреді.
ҰҚШҰ-ның негізгі мақсаттары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мүше мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қарулы күштерді әскери және ұйымдастыру жағынан күшейту, әуе шабуылға қарсы қорғаныстың бірлескен жүйесін сақтау, ТМД-ға кірмейтін мемлекеттермен шекараны бірлесіп қорғау саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты үйлестіру болып табылады.
Егер алдағы уақытта Украинаның ТМД қатарынан шығып, НАТО-ға ұмтылысын байқайтын болсақ, онда аймақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету өткір мәселеге айналады. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтқанымыздай тек аймақтық емес, әлемдік деңгейдегі жаңа тұрақсыздықтың тұтануына түрткі болады.
Жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты қандай болады? Бұл сұрақтың жауабын Стратегияның III тарауынан іздеп көреміз. 7 үлкен тақырыпқа топтастырылған аталған тарауда алдағы 35 жылдың немесе 7 бесжылдықтың кең ауқымды жоспары жасалған. Әрбір тақырыптың өзі ары қарай бірнеше бөлімдерге жіктеледі. Әрине, мұның барлығына бір мезетте тоқталып, талдап шығу үлкен күшті қажет ететін болғандықтан топтастыра, байланыстыра, бір-бірімен ұштастыра қарастырамыз.
Сонымен, «Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм» атты 1-бөлімде: Түгел қамтитын экономикалық прагматизм, жаңа кадр саясаты, макроэкономикалық саясатты жаңғырту, оның ішінде бюджет, салық, ақша-кредит саясаты, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты, инфрақұрылымды дамыту, табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесі, ауыл шаруашылығын жаңғырту сияқты 9 түрлі саланың дамуын қамтиды. Сондай-ақ ұлттық экономикамыздың жетекші күші – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік, білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары, мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту, дәйекті де болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту және жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі атты соңғы бөліммен 2050 жылға дейінгі атқарылуға тиісті жүгі ауыр міндеттер қойылды.
Мемлекеттің макроэкономикалық саясатын сапалық тұрғыдан жаңғыртуды талап етуі 2 кезеңнен – 2030 және 2050 жылға дейінгі 2 секірісінен тұрады. Экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғайтуды көздесек, бұл үшін қандай шарттар орындалу керек? Ең алдымен мемлекет өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс.
Бүгінге дейін елімізге 170 млрд. доллардан астам шетел инвестициясын алып келсек, бұл жүргізіп отырған инвестициялық саясатымыздың жемісі. Яғни, шетелдіктер үшін еліміздегі инвестициялық климат өте қолайлы деген сөз.
Жалпы Президенттің халыққа арнаған жолдауларының қайсысында болмасын әлеуметтік саясатты жаңғырту, жастар саясаты ешқашанда назардан тыс қалған емес. Көптеген жылдар бойы мемлекеттік идеологияның нақты тақырыбын таба алмай жүргенімізде «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды. Қазір қоғамның қызу талқысында жүрген мемлекеттің атауын өзгерту мәселесі көпшіліктен азаматтық белсенділік танытуды талап етеді. Бір адам немесе белгілі бір топ барша қазақстандықтарға қатысты саяси маңызы аса зор ел атауын ауыстыру сияқты күрделі дүниені өздігінен шеше салмау керек. Ертеңгі күні қай елдің азаматымын, біз кімбіз деген сұраққа қалай жауап беру керек? Көтерілген мәселе барынша зерделеніп, қоғамдық пікірдің нәтижесі сүзгіден өткеннен кейін ғана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы қажет деп есептеймін.
Әлеуметтік-экономикалық немесе мемлекеттік басқару жүйесінің қай саласы болмасын ғылымға негізделе отырып жоспарланбаса, бәсекелес мемлекеттерден шаң қауып қалатындығымыз бесенеден белгілі. Осыдан 10 жыл бұрынғы Елбасының халыққа Жолдауында: «ХХI ғасырда білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деген сөзі бүгінгі күні өткір де өзекті тұр.
ӘБІЛӘЗИЗ ИСАЕВ, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты