1 Сәуір 2014, 11:52
Сонымен, қарапайым ғана сұрақ, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы не дейді? Жоғарыда айтып өткеніміздей бұл құжат – сауатты түсіндіруі жағынан ғылымды талап ететін, сонымен қатар саяси, әлеуметтік және экономикалық сараптаманы қажет ететін, ауқымы жағынан өте көлемді құжат. Стратегияның мазмұнын жеңіл қабылдап, оңай түсіну үшін бөліп қарастыру, яғни дедукциядан индукцияға қарай жүру қажет. Құжатты 3 тарауға: бірінші – бүгінгі күнге дейінгі атқарылған шаралардың есебі (қол жеткізген жетістіктер, жіберілген кемшіліктер), екінші – ескерту, абай болу, төнетін қауіп-қатер, ескеру керек мәселелер, үшінші – алға қойылған мақсат-міндеттер, жоспар деп бөліп қабылдау қажет.
Бірінші тараудағы «Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы» атты тақырыбының өзі үлкен 8 бөлімнен тұрады. Сіз бен біздің күнделікті жаңалықтардан естіп-көріп жүрген мемлекеттің атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесін жинақтай келе, Қазақстан-2030 Стратегиясының негізгі қорытындылары шығарылды. Байқайсыз ба? Егер тек бірінші тараудың айналасында ғана әңгіме қозғасақ, онда үлкен том жазып шығуға тура келеді. Сондықтан, еліміздегі өзгерістер мен жасалып жатқан жұмыстар, қолға алынған реформалардың жүзеге асуы көз алдымызда болып жатқандықтан, бұл тақырыпқа тоқталмауды жөн санап отырмын.
Екінші тараудағы ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері жайлы халыққа алдағы уақытта қандай қауіптің болатындығын, неден сақтану керектігін, қай нәрседе абай болып, нені үнемі есте ұстау қажеттігін ескертеді. Олар: Бірінші – тарихи уақыттың жеделдеуі, екінші – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, үшінші – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, төртінші – судың тым тапшылығы, бесінші – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, алтыншы – табиғи ресурстардың сарқылуы, жетінші – Үшінші индустриялық революция, сегізінші – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, тоғызыншы – өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы, оныншы – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі.
Енді осы аталғандардың біршамасына рет-ретімен тоқталып көрейік. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі. Түсінген адамға Президент күннің тез айналуы, таң атса күн бататындығы туралы еске салып тұрған жоқ. Мәселе тіпті басқада. Көз ілеспес жылдамдықпен уақыттың сырғуына сөз жоқ, келісеміз. Кеше ғана тәуелсіздігімізді жариялаған мемлекет едік, 20 жылдан астам уақыттың қалай өткенін шынында да байқамай қалыппыз. Кеше ғана Бас қала – Астананы көшіргенбіз. Бүгін оған да – 17 жыл болыпты. Енді түсініктілеу болу үшін мынадай мысалдар келтіріп көрейік: осыдан 1-2 жыл бұрын қолыңыздағы қалта телефоныңыздың соңғы үлгісі - Samsung GALAXY S 3 немесе смартфон APPLE iPhone 2 болды. Бір жылға жетер-жетпес уақытта осы смартфондардың неше түрлі соңғы үлгілері шығып, алдыңғылары ескіріп қалды. Компьютер, ноутбук, планшет сияқты тізбелей берсек техниканың сан алуан түрі дәл қазіргі уақытта ешкімге таңсық емес. Алайда, уақытында игермеген білім мен техника, уақытында естімеген жаңалық – жаңалық емес. Кешегі жаңалық – бүгінгі ескі, бүгінгі жаңалық – ертең үшін ескі. Егер де дамыған 30 елдің қатарына қосыламын десең, онда әр нәрсені өз уақытында жасау керек, қажетті білім мен ақпаратты сол мезетте алу керек. Әйтпесе кеш қаласың. Президенттің айтпағы да осы.
Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік. Әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе Еуропа елдері мен Ресейде туу мен өлім көрсеткіші сәйкестік таппай, халықтың қартаю тенденциясы байқалуда. Африка, Азия елдеріндегі бұл көрсеткіштер керісінше. Бір отбасы – бір бала саясатын ұстанған Қытай мемлекеті, бір отбасы – екі бала саясатына көшті. Неге? Қытайда 1 қыз балаға 14 ұл баладан келеді екен. Өздеріңізге мәлім, Қытай әлемге барлық өнімді экспорттайтын ел. Тек қана тауар емес, тура мағынасында сонымен қатар адам экспорттайтын бірден бір мемлекет. Статистика бойынша, бүгінде әлемде екі жүз миллионға жуық адам жұмыссыз. Еңбек мигранттары болып келген шетелдіктер, сол елде отбасын құрып, жиендер санын арттыруда. Қазақ қашан да қыз баланы құрметтеп, төрге шығарған. Жиенге қол емес, дауыс көтермеген. Оның кеудесінен қақпаған, қолын қайтармаған, сұрағанын берген. Сол жиендер ертеңгі күні қай елдің саясатының сойылын соғады? Бұл үлкен сұрақ және ойланатын нәрсе.
Жер көлемі жөнінен – 9-орынды, ал халқының саны жөнінен – 62-орынды алатын Қазақстанға кім қызықпайды. Неге Президенттің ел халқының саны 2020 жылға қарай кемінде 20 млн-ға жуықтауы тиіс дейтіні енді түсінікті болған шығар.
Үшінші – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер. Ғалымдар мен сарапшылардың жер шарының тұрғындары 2050 жылға қарай 9 млрд-қа жуықтайды деген болжамы бар. Сондай-ақ БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, дәл қазіргі кездегідей азық-түлік экспорттайтын елдер өз өнімдерін қысқартпай осы қалпын сақтаса, онда жер тұрғындарын толық қамтамасыз етуге қауқарсыз болып шығады. 2000 жылдың 17-сәуіріндегі БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комиссияның 52-отырысында әлем халқының 825 млн-нан астамы, оның ішінде негізінен ана мен баланың тиісті деңгейде тамақтанбайтынын, яғни тамақтануға әлеуметтік жағдайының келмейтіні айтылған. Тіпті БҰҰ-ның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы қарары да қабылданды. Осы қарарда әлем жұртын Азияның шығысындағы мұхит жағалауындағы халықтар секілді құрт-құмырсқа, бақа-шаянмен қоректенуге шақырды.
Әлемдегі осы жағдайды пайдаланып, елдің ауыл шаруашылығын көтеруге мол мүмкіндік бар. Таза экологиялық азық-түлік өнімдеріне қашан да сұраныс бар. Шүкіршілік, біздің елдің халқы әзірге тоқ. Кейде ысырапқа шектен тыс жол беріп жатамыз. Президент, әлемдік қатермен бірге халыққа қандай мүмкіншілік бар екенін ескертіп отыр. Тек, осыны елге дұрыс жеткізе білетін, істің көзін үйлестіре алатын азаматтар болса болғаны.
Жалпы мемлекет басшысының атап көрсеткен қай қатердің де бір-бірімен тығыз байланыста екенін байқауға болады. Судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, алтыншы – табиғи ресурстардың сарқылуы, жетінші – Үшінші индустриялық революция, сегізінші – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық – зер салып қарасаңыз бірі екіншісін тудырып отыр. Бұл жағдайда ел халқынан не талап етіледі? Ең алдымен төзімділік, ауызбірлік, ынтымақ және білімділік пен еңбекқорлық. Хаһім Абайдың: «...Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ — бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой — бес асыл іс, көнсеңіз...» деп келетін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жұртшылық назарына тағы бір қайтара салған артық болмас.
Жолдаудағы тоғызыншы ескертпе – өркениетіміз құндылықтарының дағдарысын біз қалай түсініп жүрміз? Әрбір азаматтың ойлау қабілетіне байланысты өз құндылықтары бар. Біреуге – ақша, екіншісіне – киім, үшіншіге – қызмет, төртіншіге – дәстүр, бесіншіге – материалдық жағдай, алтыншыға – тарих, келесіге – дін, енді біріне – тіл немесе білім болып кете береді. Өркениеттер қақтығысы дәуірінде адами құндылықтардың дағдарысқа ұшырауы тұтас ұлттың ғасырлар бойғы мәдениетін тас талқан етіп, мемлекеттің шаңырағын ортасына түсіруге алып барады. Соңғы жылдардағы әсіресе жастардың дін атын жамылған теріс ағымдардың ықпалына топтаса келуі, олардың өмірлік ұстанымы мен қоршаған дүниеге көзқарасын түбегейлі өзгеріске ұшыратты. Нәтижесін көзіміз көріп, құлағымыз естіді.
Зайырлы мемлекет пен діни-идеологиялық қарама-қайшылықтың ушығуы қарулы қақтығысқа дейін жетті. Тек қана 2011 жылдың мамыры мен 2012 жылдың күзі аралығында 14 теракт орын алып, 70 адамның өмірін жалмады (оның ішінде 51 – террорист, 13 – күштік құрылым, 6 – қарапайым азамат). Экстремистік және террористік белсенділіктің арта түскенін мына сандар да айғақтай түседі: 2008 жылы – 9, 2009 жылы – 24, 2010 жылы – 8, 2011 жылы – 44, 2012 жылдың 1-жартысында – 81 адам ҚР Қылмыстық Кодексінің 253-бабы терроризм актісі бойынша қылмыстық жауапқа тартылған.
Отбасын құрғысы келмейтін жастардың көбеюі, бала тапқысы келмейтін аналардың артуы, тарихын білгісі келмейтіндер, «алма піс аузыма түс» дейтін жалқаулар, «жас күніңде ойна да күлді» ұранға айналдырғандар қоғамның да, мемлекеттің де бас ауруына айналғандар. Мұндайда тағы да сол Абайдың:
«Сабырсыз, арсыз,еріншек,
Көрсе қызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алты бақан алауыз...
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады...» - өлеңі еріксіз еске түседі. Міне адам құндылықтардың өзгеруі бір күннің ісі емес екендігін және қоғамдағы құбылыстардың оған әсер етпей қоймайтындығын байқауға болады. Сондықтан да ғаламдану үрдісінде ұлттық құндылықтарымыздың жойылып кетпеуі жолында мүмкіндігінше барлық мемлекеттік және қоғамдық тетіктерді іске қоса отырып, жастарға түзу жол көрсетуге барлығымыз үлес қосуымыз тиіс.
ӘБІЛӘЗИЗ ИСАЕВ, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты