«Қазақстан барысы — 2018» анықталды

3 Шілде 2018, 05:11 4229

1 шілде күні еліміздегі беделді спорт бәсекесі «Қазақстан барысы» болып өтті. Республикалық турнир бұл жолы Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Балуандар белдесуіне 14 облыс пен Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен 37 үздік балуан қатысты. Олардың ішінде турнирдің былтырғы жеңімпазы қатысушылар сапына іріктеусіз енді.
Тартысты белдесулердің қорытындысы бойынша, Қарағанды облысының балуаны Ержан Шынкеев «Қазақстан барысы» атанды. Екінші орынды əскер барысы Ерасыл Қажыбаев иеленсе, қола жүлдені шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров өз еншісіне байлады.

«Қазақстан барысы» республикалық турнирінің биылғы жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз балуан алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяққа» ие болса, екінші жəне үшінші орын алған балуандарға күміс жəне қола белбеу табысталды.

«Қазақстан барысы» атанған балуан — 25 миллион теңге, екінші орыннан көрінген балуан — 5,5 миллион жəне үшінші орынға лайық деп танылған балуан 1,8 миллион теңгені иеленді. Сонымен қатар əр белдесудегі жеңіс үшін балуандарға жүз мың теңгеден берілді.

Қазақ күресінен өтетін ауқымды жарыс осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы турнирге қатысқандардың арасында бұрын "Қазақстан барысы" атанған балуандар — Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиевтер бар.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: