«Қазақия 2015» блог-сапары басталды

13 Сәуір 2015, 12:01

Қазақия 2015» байқауына қатысушылар өз бағытындағы алғашқы стансасы – Алматы қаласында байқау сапарын бастап кетті.

Бүгін, 2015 жылдың 11 сәуірінен Қазнетте баламасы жоқ «Қазақия 2015» байқауына қатысушылар өз бағытындағы алғашқы стансасы – Алматы қаласында байқау сапарын бастап кетті. Іріктеуден өткен блогерлер тобы алдын-ала құрған жоспарлары бойынша әр стансадан әлеуметтік желілерде пост жазулары тиіс.

«Қазақия 2015» – Қазақстанның бірнеше облысы мен қаласын  қамтитын блог-сапар. Шарт бойынша байқау қатысушылары 12 күн ішінде 12 стансаны (Алматы, Сарыөзек, Үштөбе, Аягөз, Риддер, Семей, Ақсу-2, Екібастұз, Теміртау, Жаңаарқа, Жезқазған, Астана) темір жолмен басып өтеді. Блог-сапардың мақсаты – елімізді жаңа қырынан танытып, қазақтілді интернет кеңістікті сапалы мәтіндік, бейне, фото, аудио контентпен толықтыру. 

Байқаудың жүлде қоры – 1 миллион теңге.

Байқауға іріктеу 26 наурыздан басталып, алғаш өтініш білдірген 50-шақты адамнан екінші кезеңге 26-сы өтті, ал үшінші кезеңге 10 қатысушы ғана қалды. Шойын жолмен болатын сапардың өзі 11 сәуір мен 22 сәуір аралығына жоспарланған.

Саяхат барысында жазылған қатысушылардың еңбегі әлеуметтік желілердегі (әсіресе, Фейсбук) жазбасының тартымдылық индексі (пост, бөлісу, лайк, пікір) ескеріле отырып, қазылар алқасының қорытынды шешімімен анықталады. Қатысушылар жазбасының форматына (фоторепортаж, сұқбат, видео, т.с.с.) шектеу қойылмайды.

Жобаға Altel 4G GSM компаниясы демеушілік етуде.

Бөлісу: