«Қазақфильм» аллеясы жаңа есімдермен толықты

30 Қыркүйек 2016, 06:19

Тағзым

Кеше Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының аллеясы жаңа есімдермен толықты. Бұл жолы аллеяда белгілі кинорежиссерлер Ораз Рымжанов, Шәріп Бейсембаев, Қанымбек Қасымбеков пен актер Сағи Әшімовтердің аты жазылған тақталар ашылды.  Жұлдыздар тақтасының ашылу Алматы көркем фильмдер киностудиясының 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Шара алдында ұйымдастырылған шағын митинге  ХII халықаралық «Евразия» кинофестивалінің бас директоры Рашид Нұғыманов, қазылар алқасының төрағасы, режиссер Валерий Тодоровский, белгілі әртістер мен режиссерлер қатысты. Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов:

– Бүгін – үлкен мереке. Кезінде отандық киноөндірістің дамуына көп үлес қосқан жандарды ешқашан естен шығармауымыз керек. Өткенін ардақтамайтын ұлттың болашағы бұлыңғыр, - деді.

Айта кетейік, аллеяда ескерткіш тақтасы ашылған актер Сағи Әшімов – Асанәлі Әшімовтің ұлы. Ол көрерменге «Өз дәніңді өсір», «Мазасыз балалар», «Ойлануға бір айда», «Қаралы сұлу», «Айсұлу жайлы аңыз» және  «Шоқан Уәлиханов» фильмдері арқылы танылды. Өмірінің соңғы сәттерінде Сағи Әшімов «Тоғысқан тағдырлар» телесериалына түсті.

Аллеяда қазір кино саласына еңбек сіңірген 30 адамның ескерткіш тақтасы бар.

2011 жылы аллея алғаш ашылған уақытта қазақ киносының корифейлері Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдулла Қарсақбаев, Сералы Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Кененбай Кожабековтерге арналған ескерткіш тақта орнатылды. Ал, 2012 жылы мұнда Әмен Қайдар, Ораз Әбішев, Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Раиса Мұхамедиярова және Тамара  Қосыбаевалардың есімі жазылды.

Мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімдерді шыңдап, артында өшпес із қалдырған халықтың аяулы ұл-қыздардың есімін ел жадында сақтауға қосар үлесі зор. «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» идеясында да халқымыздың бірлігі мен келісімінің бірегей дәстүріне, туған жер мен елге деген ерекше сүйіспеншілік, тәуелсіз Қазақстанның өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін ұлықтау дәстүрі туралы көп айтылады. Өткенін ардақтаған ұлттың болашағы да жарқын болмақ.


Айбота Өтеулі

Суреттер «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінен алынды  

Бөлісу: