6 Наурыз 2015, 11:06
Биыл «Қазақ хандығы» атты 10 сериал түсіріліп, оның бас режиссері ретінде таңдау Рүстем Әбдірашевке түскен болатын. «Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Рүстем Әбдірашев түсіретін «Қазақ хандығы» атты тарихи-драмалық телевизиялық сериалдың түсіріліміне қатысуға кастинг жариялап та үлгерген еді.
Кастингке сыртқы келбеті азиялық типке жататын, спорттық дене бітімі бар, бойы 170 см кем емес, 17 және 45 жас аралығындағы ер адамдар қатыса алады. Сонымен қатар сериал түсіріліміне 17 мен 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар қажет.
«Сталинге сыйлық», «Құрақ көрпе», «Елбасы жолы» (киноэпопея) фильмдерінің режиссері Рүстем Әбдірашев көрермен үшін таныс маман. Бүгін «Қазақфильм» АҚ баспасөз-мәжілісін өткізіп, Рүстем Әбдірашевпен бірге бұл тарихи сериалдарды түсіруге Ермек Тұрсынов та атсалысатынын айтып өтті. Ермек Тұрсынов көрерменге «Келін», «Шал» туындыларымен таныс.
«Қазақ хандығы» телесериалы Керей мен Жәнібектен басталып Кенесарыға дейінгі аралықты қамтиды. Жәнібек пен Керей туралы кеңінен қамтылады, тіпті 7 сериясы соған арналады. Ал, Керей мен Жәнібек құрған мемлекеттің нығаюын, аяқты тік тұруына септігін тигізген Қасым мен Бұрындық туралы бөлімі 3 серия болады. Оған екі топ жұмыс істегелі отыр. Жақында осы туралы Ермек Тұрсыновпен сөйлестік, ол қуана келісімін берді» – дейді Рүстем Әбдірашев.
Баспасөз-мәжілісінде «Қазақфильм» АҚ-ға жаңадан тағайындалға президент Бақыт Қайырбеков өз жоспарымен бөлісті.
«Қазақ хандығы» туралы 10 сериалдан тұратын картинаға еліміздің үздік кинематографистері қатысады. Ал сценариін жазуға «Ақ боз үй» романының авторы Смағұл Елубай, «Жаужүрек мың бала», «Рэкетир» сынды фильмдердің сценариін жазған Тимур Жақсылықов шақырылды. Бас продюсер ретінде Арман Асеновты («Возвращение в А»), қоюшы- суретші ретінде Сәбит Құрманбаев шақырылды» – дейді «Қазақфильм» АҚ президенті.
Рүстем Әбдірашевтің айтуынша, алдағы 7 айда тынымсыз жұмыс күтіп тұр. Тарихтың ең таңдаулы тұстарына тоқталып, сапалы дүние жасауға тырыспақ.
«Мұндай түсірілім елімізде бұрын-соңды болған емес. Сондықтан өте күрделі. Алдағы 150 күнді еш демалыссыз өткіземіз. Күндіз түсіріп, кешке монтажға отырмасақ, үлгермеуіміз әбден мүмкін. Қазір басты рөлдерде ойнайтын, сондай-ақ басқа рөлдерде ойнайтын актерлерді іріктеп жатырмыз» – дейді Р:Әбдірашев.
Естеріңізге сала кетейік, бұл 10 бөлімнен тұратын телесериал Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында түсіріледі.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек.