7 Шілде 2015, 09:42
«Бұрын-соңды оқулықтар, басқа да зерттеулерден қазақ хандары туралы белгiлi, бiрақ олар жүйелi түрде толық түрде зерттелмеген едi. Қазақта хан көп, бiр орталықтан басқарылатын қазақ мемлекетiнiң және бытыраңқылыққа ұшырағаннан кейiнгi қазақ хандығының хандары, ал он тоғызыншы ғасырдан бастап әр тайпаның, әр рудың өз хандары болған. Санай берсек, қазақ хандарының саны жүзден асып кетедi. Ал «Қазақ хандары» кiтапқа бiртұтас қазақ мемлекетi, қазақ хандығының билiгiнде болған 17 хан арқау болды. Елбасының Жарлығы шыққаннан кейiн бiр айдан соң «Қазақ хандығының құрылу тарихы» дейтiн 520 беттiк монография жарық көрдi. Екiншi кiтап – «Қазақ хандары». Қазiр баспада «Қазақ хандығының күшеюi» деген кiтап дайындалып жатыр. Егер Қазақ хандығының құрылуы Керей мен Жәнiбек хандардың тұсында жүзеге асса, Керейдiң ұлы Бұрындық, Жәнiбектiң ұлы Қасым және олардың аға-iнiлерi тұсында оның күшеюi 50 жылдай уақытқа созылды. Бұдан кейiн де зерттеулер болады», – дейдi Беркет Кәрiбаев.
«Бұл кiтап үш тiлде – қазақ, орыс және ағылшын тiлiнде жарық көрiп отыр және көпшiлiкке түсiнiктi болу үшiн таза қатаң ғылыми тiлде емес, қарапайым тiлмен жазылды», – дедi тарихшы.
«Безендiрiлуi қазiргi заманға сай. Бұл мектеп оқушылары, аспиранттар, мұғалiмдерге арналған құнды дүние. Бұл кiтап әрбiр шаңырақтың төрiнен орын алуы тиiс деп ойлаймын», – деп толықтырды өз кезегiнде «Сардар» баспасының бас директоры Әдiл Қойтанов.
Жылдың соңына дейiн Қазақ хандығының тарихына арналған тағы бiрнеше монографияны жарыққа шығару жоспарланып отыр.
Қазақ хандығының құрылуы, оның дәуірлеу кезеңі, алтын кезеңі, экономикалық қуаттануы, бірігуі барлығы қамтылған. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тың жаңалықтар мен тарихи деректер қайта жанданып жатыр. Ғалымдар мерейлі оқиғаға байланысты аянбай еңбек етіп жатыр. Жақында Елбасы:
«Егер мемлекет бар болса, халық бар болса, онда оның рухани дамуын еш уақытта ұмыт қалдырмаған жөн. Себебі ешқандай дамыған экономика халықтың рухани байлығының, білімділігінің орнын толтыра алмайды. Сондықтан біз мұны ешқашан естен шығарған емеспіз, қандай да бір дінді ұстанғандардың барлығы жұмыс істеп, тыныш өмір сүріп жатыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі де өткізіліп тұрады, мен жариялаған Мәдени мұра бағдарламасының да халқымыздың тарихын дамытуда көмегі зор болды. Ал биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын барша ел боп атап өткелі жатырмыз. «Қазақ» этнонимі алғаш рет осы уақытта пайда болған еді, біз мұны ұмытпауымыз қажет», – деп атап өтті.
Әзірлеген: Досжан Мейірім.