"Қазақ елі" анимациялық фильмі қаңтардан бастап көрерменге жол тартады

12 Қараша 2015, 06:19

"Қазақ елі" анимациялық фильмі қаңтардан бастап көрерменге жол тартады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша оңтүстікқазақстандық «Сақ» киностудиясы Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандарға арналған «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм түсіріп жатыр. "Қазақ елі" атты толықметражды анимациялық туындыда елдің тарихы, Керей мен Жәнібектің балалық шағы, ондағы хандардың билік құрған дәуірі көрініс таппақ.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова «Қазақ елі» анимациялық фильмі 2016 жылдың қаңтарынан бастап көрерменге жол тартатынын айтты.

«Қазіргі уақытта «САҚ» киностудиясы Қазақстан хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» атты 1 сағаттық толықметрлі анимациялық фильмі бойынша жұмыс істеуде. Оның жалпы көркемдік шешімі, кейіпкерлерінің келбеті мен эмоциялық көрінісі, негізгі көріністер бойынша музыкалық партитурасы толық аяқталды», – дейді А.Райымқұлова.

Белгілі болғандай, кейіпкерлердің сюжет бойынша қимылдары, фондық дыбыстар, актерлік дыбыстау, көріністерді 3D әдісіне жобалау мен құрастыру, реңдерді келтіру секілді шығармашылық және техникалық жұмыстар жүргізілуде.

 «Жоспар бойынша 10 желтоқсанда бұл анимациялық фильм толық аяқталады деп жоспарлануда. 2016 жылғы қаңтарда «Қазақстан» телеарнасында оның тұсаукесері өтеді деп күтілуде», – деді А.Райымқұлова.

Атап айтқанда, анимациялық фильмді әлемдік прокатқа шығару жөнінде шетелдермен келіссөздер жүргізілуде.

Жобаның режиссері – Батырхан Дәуренбеков, көркемдік кеңесшісі – Дулат Исабеков, продюсері – Сәбит Әбдіқалықов, сценарий авторы – Сағаділдә Үсіпәлиев.

Бұған дейін белгілі болғандай, анимациялыұ фильм үшін отандық әншілер мен актерлер жұмыс істеп жатыр. Мәселен, фильмге арнайы жазылған «Қарақшылар» әнін Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев (МузАрт тобы) сынды кәсіби әншілермен қатар Нұржан Төлендиев («Алдараспан» театры), Берік Тұрсынбековтей («Шымкент-шоу» театры) елге әзілімен танылған азаматтар орындайды.

2016 жыл қазақ көрермендеріне көп сый жасағалы тұр. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы "Алмас қылыш" романының негізінде "Қазақ елі" атты сериалдың да 40 пайыз түсірілімі аяқталып, көрерменге жақында жол тартады. "Қазақ елі" көпсериялық фильмінде де 1465 жылы қазақ мемлекетінің құрылу кезеңін, Жәнібек пен Керейдің, олардың балалары Қасым мен Бұрындықтың билік еткен кезеңін қамтиды. Режиссері – Рүстем Әбдрашев.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу: