16 Қыркүйек 2015, 12:17
Қазақ елі монументі алдында бой көтерген этно-ауылда Қазақстанның барлық аймақтары киіз үй тігіп, іші-сыртын тарихи экспонаттарға, ұлттық бұйымдарға, құнды жәдігерлерге толтырды. Сөйтіп, үш күн мереке бойы Астана тұрғындары мен қала қонақтары орта ғасырға саяхатқа аттанды. Бүгінгі санымызда ақшаңқан үш киіз үй тұрғызып, сал-серілер мен қолөнершілердің өнерімен тамсандырған Батыс Қазақстан облысының көрмесі туралы айтамыз.
Еліміздің батыс өңірінен Жәңгір ханның киімінің көшірмесі, Фатима ханымның киген көйлегінің репликасы алып келінді. Көрермендер назарына басты тарихи экспонат «алтын ханшайым» қойылды. Археологтардың қазба жұмыстары кезінде Теректі ауданы, Тақсай оба кешенінен табылған құнды ескерткішті сақ дәуірінің дәулетті отбасынан шыққан әйел адамы дейді. Көптеген елдерден шақырылған ғалымдардың айтуы бойынша бұл «абыз әйел» болған деп дәлелдеген. Қолында қасқырдың азу тістерінен жасалған бойтұмарлар соның анық дәлелі болып табылады.
Тағы бір көзімізге түскен ерекшелік 1941 жылы Әбілхан Қастеевтің қарындашпен салған суреті болды. Ақжайық «Қыз Жібектің» өңірі екені белгілі, ал суретте Төлеген мен Жібектің алғашқы кездесуі бейнеленген.
Киіз үйдің іші хан үйінің көшірмесі ретінде безендірілген. Хан отбасы қолданған ыдыстар, киген алтын, күміс әшекейлері, төсеген көрпе-кілемдері жұрт назарына қойылған.
Серікбаев Аслан, БҚО Құрманғазы атындағы саз колледжі, сәндік қолданбалы өнер және дизайн мамандығының ағаш өңдеу шебері.
- 550 жылдық мерекемен құттықтай отырып, барша халыққа бақыт пен бірлік тілегім келеді.
Мерекеге орай түрлі аспаптар алып келдім. Атап айтсам, қобыздың алуан түрлері, қойдың шектерінен керілген домбыра түрлері. Барлық аспаздарды табиғи материалдардан жасаймын.
Тенор домбыра, батыс үлгісіндегі қозы құйрықты домбыра, тұтас ағаштан ойылған домбыра.
Сафуллин Жантас, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, "Жайық Пресс" ЖШС Бас директоры:
- Елордамыздың қақ төрінде, Тәуелсіздік сарайының ішінде, Елбасымызбен бірге түбіміз түрік елдердің басшыларының бірге отыруы, қазақ елінің терең тарихына қол соғуы еліміздің әлемдік алаңда алатын ерекше орнының көрсеткіші деп білемін. Бұл барша қазақстандықтардың ұлттық рухын көтеретін бірден-бір үлкен іс-шара екені сөзсіз.
Тігілген киіз үйлерді қарап тұрып, қазақ елінің тарихының тереңдігін айқын көре аламыз. Тек қана Батыс Қазақстан облысының емес, басқа өңірлердің де киіз үйлерін қарасаңыз көпшілігінің алдында өз жерлерінде табылған алтын адамдардың сұлбасын әкеліп, халыққа аймақтың өзіндік ерекшеліктерін паш етуде. Барша қазақстандықтарды осындай елеулі мерекемен құттықтай отырып, елімізге тыныштық пен бақыт тілегім келеді.
Ерасаев Мирболат – БҚО тарихи өлкетану музейінің директоры:
- Музей атынан 200-ден астам экспонаттар түрлерін алып келіп отырмыз. Соның ішінде археологиялық қазбалар барысында табылған көне бұйымдар мен ер-жігіттің құрал-саймандары да бар. Осы жәдігерлерімізді барша қазақ еліне таныстырып, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының алуантүрлілігін тағы бір көрсеткіміз келді. Бүкіл қазақ даласын дүбірлетіп тойлатып жатырған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы біздің мақтанышымыз. Біз де бір үлесімізді қосайық деп, Батыс Қазақстан облысы атынан келіп, үлкен жиынға қатысып отырмыз.
30 күн ойын, 40 той жасамасақ та, халқымыз 3 күн бойы арқа-жарқа болып, той тойлады. Жазық алаңға қонған қазақ ауылына сай саладан, кең жазира даладан, бүгінгі күннің тілімен айтқанда, барлық облыс, аудан, қаладан тойшыл қауым келді. Мерекеге ортақтасып қана қоймай, нақ сол алыс аймақтардан келген сал-серілер, қолөнерші, ісмерлер бар алып келген сән-салтанаттарын көрсетіп, арқаның жұртын мәз-мейрам етті, жүректерде Қазақ еліне деген махаббатты маздатып, бай тарих пен мәдениетінімізге деген құрметті еселетті.
Дайындаған: Айгүл ШЕРНИЯЗОВА