Медиация – дауларды соттан тыс реттеу, жанжалдасқан тараптардың татуласуы. Қазақстан үшін жаңа сала туралы заң біздің елімізде 2011 жылдың қаңтарында қабылданды. Бұл тетікті дамыту 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басым бағыттарының бірі болды. ҚХА кәсіби медиаторлармен өзара сындарлы іс-қимылды дұрыс жолға қою бағытында жұмыс жүргізіп, өз құрылымдары шеңберінде медиативтік технологияларды пайдалану практикасын кеңейтуде.
2016 жылдан бастап барлық өңірлерде «Қоғамдық келісім» КММ және Достық үйлері негізінде медиация кабинеттері құрылып, 19 маман-медиатор штаты енгізілді.
2018 жылғы 28 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулерге қол қойды, Заңның 6-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік саласындағы медиация институтын дамытуға жәрдемдеседі.
Осыған орай жыл сайын 5 тамызда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген күні Қазақстан халқы Ассамблеясы «Медиацияның бірыңғай республикалық күнін» өткізеді, оның аясында «Медиация кабинеттерінің ашық есік күні» акциясы және қоғамды ақпараттандыру мәселелері бойынша блиц-сауалнама ұйымдастырылады.
Ағымдағы жылы ҚХА қамқорлығымен барлық өңірлерде «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеттері мен Достық үйлері негізінде мемлекеттік органдар, судьялар корпусы, адвокаттар қауымдастығы, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топтар, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, кәсіби және қоғамдық медиаторлар өкілдерінің қатысуымен 625 іс-шара өткізілді.
Нұр-Сұлтан қаласында «Азаматтық қоғамды жаңғыртудағы медиацияның рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оның аясында түрлі қызмет саласында қолданыстағы медиаторлардың тәжірибесі мен дағдысы талқыланды, осы мәселеге қатысты ғылыми пікір айтылып, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде медиация институтын нығайту және одан әрі дамыту бойынша бірқатар жүйелік шаралар қарастырылды.
Аймақтардағы іс-шаралар форум, дөңгелек үстел форматында өткізілді. Достық үйлері мен әкімдіктер негізінде мәжілістер, кездесулер және кеңестер өтті.
ҚХА-ның «Ашық есік күні» республикалық акциясына 488 кабинет өз есігін айқара ашып, оған 1 254 медиатор, оның ішінде 1 022 ҚХА-ның қоғамдық медиаторлары қатысты.
Барлық өңірлерде медиация кабинеттері мен басқа да қоғамдық мекемелерде сарапшылар мен келіссөз жүргізушілер азаматтарды қабылдауды ұйымдастырды. Практикалық тәжірибесі бар, халық дипломатиясының тәсілдерін меңгерген медиаторлар көп жағдайда тараптарды белгілі бір келісімге келтіре алды. Барлық жүгінген азаматтар тиісті ұсынымдар, кеңестер алды және медиация мәселелерін талқылауға қатысты.
2180 даулы жағдай қаралып, оның ішінде 536 медиативтік келісім жасалды. Өтініш берушілер негізінен отбасылық, еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер бойынша (32% – аз қамтылғандар, 28% – білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, 14% – зейнеткерлер, 12% – жастар, 8% – оқушылардың ата-аналары, 6% – өзгелері, олардың жасы 24-тен 65 жасқа дейін өзгеріп отырады) өтініш берді.
Сонымен қатар Бірыңғай республикалық медиация күні қарсаңында блиц-сауалнама жүргізілді, оған 15 925 азамат қатысты.
Респонденттердің 74 % медиация институты туралы білетіндігін растады, 18% мүдделі және тек 8% бұл мәселе қызықтырмайтынын жеткізді.
Іс-шара барысында жалпы саны 20 мыңнан астам адам қамтылды.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, медиация мен медиаторларға елде сенім артып, бүгінгі таңда медиация үдерісінің мазмұны бойынша сұрақтар туындап отыр.
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.