«Қар ханзадасы» Қазақстанға келді

5 Шілде 2016, 12:30

Елордаға – 18 жыл

Кешеден бері елордадағы «Қазақстан» спорт сарайында ресейлік танымал мәнерлеп сырғанаушы, олимпиада чемпионы Евгений Плющенконың «Қар ханзадасы – 2. Оралу» атты шоуы өтіп жатыр. Шара ертең де жалғасын табады.

Евгений Плющенко өзінің продюсері Яна Рудковскаямен бірге Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Астананың туған күніне арналған мерекелік шоуда ол қазақстандық жанкүйерлерімен алты рет жүздеседі.

«Қар ханзадасы – 2. Оралу» Х.Х. Андерсеннің әйгілі «Қар ханшайымы» ертегісінің негізінде қойылған. Мұнда әлемнің ең мықты деген спортшылары өнер көрсетіп жатыр. Олар: Ирина Слуцкая, Брайан Жубер, Томаш Вернер, Фиона Залдуа, Дмитрий Суханов, сонымер қатар, Сергей Якименко мен Ирина Усенко, Екатерина және Александр жұбы.

Астанадағы шоу әлемдік турне аясында ұйымдастырылып отыр. Оның тұсаукесер рәсімі Мәскеуде өтіп, оны Санкт-Петербург пен Сочи қаласының тұрғындары да тамашалап үлгерген. Бұдан кейін Плющенко бастаған топ АҚШ, Финляндия, Франция, Швеция, Оңтүстік Корея және Жапонияны аралайды.

Ертегі шоуының мазмұны бойынша, Герда (Ирина Слуцкая) есімді басты кейіпкер Қар ханзадасы (Евгений Плющенко) мен қаскүнемдерге қарсы күреседі. Көрермендер цирк және иллюзия элементтерімен байытылған жарқын бағдарламаны тамашалайды. Сонымен қатар, бұл күндері биіктікте өнер көрсететін гимнасттар аса күрделі трюктерді орындайды. Бағдарлама тек балаларға ғана емес, ересектерге де қызықты.

Астаналықтар Евгений Плющенконы айрықша құрметпен қарсы алғанын да айта кетейік. Елордаға ат басын тіреген алғашқы күні мәнерлеп сырғанаушы қазақтың ұлттық тағамдары – ет пен шұбаттан дәм татты.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер: Астана қалалық Мәдениет басқармасы

Бөлісу: