«Қанымыз емес, жанымыз – қазақ»

29 Сәуір 2020, 14:08 3384

Ұлдарына қазақша есім берген чех отбасы

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл мереке – қазақ даласының жазиралы өлкесінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығының белгісі. Айтулы күн қарсаңында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында тұрып жатқан чех отбасы туралы сөз етеміз. Ол – Келлер Андрей мен Вадюнина Татьянаның жанұясы.


Чех баласы Андрей мен орыстың қызы Татьяна бүгінде Ержан, Нұржан, Валентин, Лианна атты 3 ұл және 1 қыз баланы тәрбиелеуде. Қазақстанды отанымыз деп білетін олар, осы жерде өмір есігін ашып, білім алып, еңбек етіп келеді. Отбасында барлығы қазақ тілінде сөйлейді.

Келлер жанұясы жалпы үш ұлттың да салт-дәстүріне көңіл бөлуге тырысады. «Әйтсе де, үйімізде қазақ ұлтының салтына басымдық береміз. Себебі, жастайымыздан қазақтың дәстүрін бойымызға сіңіріп, қазақ балалырымен ойнап, қазақ тілінде сөйлеп өстік. Жалпы алғанда, тек қазақ мейрамдарын тойлаймыз десек те болады», - дейді Татьяна.

Қазақтың тағамдары күнделікті дастарханнан түспейді. Татьяна өзі мейрамханада аспаз болғандықтан, қазақ ұлтының барлық тағамын дәмділеп пісіреді. Ал Андрей көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Қарапайым, бақытты отбасы өз өмірлеріне дән риза.

«Қазақ халқы қашанда бауырмал ғой. Ешқашан бізді өзге ұлт деп бөлген емес. Күнделікті тіршілікте олармен араласудың, бірге жүрудің маған бергені мол болды. Ия, біздің қанымыз қазақ емес, бірақ жанымыз қазақ. Сол себепті басқа ұлтқа сіңісіп кетудің де ешқандай құпиясы жоқ деп санаймыз. Ол әр адамның игі ниетіне, алға қойған мақсатына, айналасына деген шынайы көзқарасына тікелей байланысты дер едім» деген Татьяна ата-анасының өздерін қазақы тәрбиеде өсіргеніне қуанады.

Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөзі бар. Сол қағиданы біздің кейіпкерлеріміз де жалғастырып келеді. «Жақсылыққа – жақсылық» деген ұғымды ата-аналары саналарына сіңіріп тастаған. Содан болар, ес білгелі кіндік қандары тамған елге алғыс айтудан шаршамайды. Отбасының ортақ достары да, көршілері де, араласатын адамдарының басымы да – қазақтар. Бала кезінен қазақша тәрбиемен сусындаған чех ұлы мен орыс қызы бүгінде өз ұрпақтарын да сол жолмен өсіруде. Тіпті үлкен балаларына қазақ есімін берген. Ұлдары қазақ мектебінде оқып жүрсе, кішкентай қыздары қазақ балабақшасында тәрбиеленуде.

Жас отбасы барлық қазақстандықтарды келген мерекемен шын жүректен құттықтап, әр отбасыға зор денсаулық, бақыт, береке-бірлік, еңбектеріңе табыс тілейтінін жеткізді.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: