«Алтай мұрасы» автосапары Қарағанды қаласында

20 Маусым 2016, 09:16

Автоэкспедиция

Астана қаласында бастау алған «Алтай мұрасы» автоэкспедициясы Қарағанды өңіріне жетті.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Алтай мұрасы» автосапарының алғашқы бағыты Қарағанды қаласына табан тіреді.

Автоэкспедиция мүшелері индустриалды-өнекәсіпті өлке Қарағанды қаласының ажарын көзбен көріп, тарихи-мәдени экспедицияның басталу аясында өткен алғашқы дөңгелек үстел отырысына қатысты. Шараны ҚР Тұңғыш Президентінің білім ордасы Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университеті өткізді.   

Қарағанды шаһарындағы қара шаңырақ білім ордаларының бірі ҚарМТУ-дың мәжіліс залында өткен маңызды шараға «Алтай мұрасы» тарихи-мәдени экспедициясының мүшелері, ҚарМТУ-дың академик ғалымдары, ғылыми зерттеу орталықтарының жетекшілері, қала қонақтары, университеттің оқытушы құрамы,  студенттер және де БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді ҚарМТУ ректоры Арыстан Ғазалиев  жүргізіп, экспедицияның алғашқы аялдамасын Тұңғыш Елбасының білім ордасынан бастауы жақсылықтың нышаны екенін,    мұндай маңызды рухани шара елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғанын айтып өтті.

«Алтай мұрасы» Халықаралық автоэкспедициясы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шара. Алғашқы аялдамасын  Тұңғыш Елбасы білім алған білім ордасы ҚарМТУ-ға келіп бастауы да жақсы нышанның белгісі деп білеміз. Өйткені автоэкспедиция барысында Қазақстанның біраз өңірін аралап, Ресей Федерациясындағы тарихи, мәдени өлке Алтай мекеніне атбасын бұрғалы отыр. Ондағы халыққа еліміздің жеткен жетістігі мен тарихын, Елбасының салиқалы саясатын дәріптеп, автотуризмді дамытуға мейлінше үлес қосуды дәріптеп отыр. Шараны ұйымдастыруға жетекшілік еткен, жоба авторы ЕҰУ ректоры Ерлан Бәтташұлының бұл бастамасы әлі де жалғасын тауады деп білемін. Сапарларыңыз сәтті болсын! Жол амандығын беріп, елге аман-есен қайтыңыздар»,-деді А.Ғазалиев.

Елбасы білім алған білім ордасының басты миссиясы: «Еліміздің мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының ғылыми және практикалық мәселелерін шешуге бағдарланған жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау». Бұл туралы да дөңгелек үстел барысында Арыстан Ғазалиев тоқталып өтті.

Дөңгелек үстел отырысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Елбасының курстасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Қайролла Қызыров, ҚР Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, ҚарМТУ Құрметті профессоры Юрий Мойсеевич, ЕҰУ бірінші проректоры, экс-депутат Серікжан Қанаев, ҚарМТУ проректоры Аристотель Зейноллалар сөз алып, бүгінгі ғылым мен білім саласындағы толағай жетістіктер, техникалық және гуманитарлық мамандықтардың кадр даярлау мәселелері және де «Алтай мұрасы» экспедициясының мақсаты да баяндалды.

Сондай-ақ ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов университеттің 20 жылдығы қарсаңында жарық көрген үздік 20 кітапты ҚарМТУ білім ордасына тапсырды.    

Шара соңында автоэкспедиция мүшелері ҚарМТУ-дың әсем ғимараттарын аралап, ҚР Тұңғыш Президенті, ҚарМТУ-дың Құрметті профессоры Н.Ә.Назарбаев мұражайын,  университет тарихынан сыр шертетін музей кешенін, өңдірістік процестерді автоматтандыру, жаңа сараптамалық эксперт, өнеркәсіптік оқу орталықтарын, инженерлік бейіндегі сынау зертханаларын,  замануи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген лабораториялық кабинеттерін тамашалады.

«Алтай мұрасы» Халықаралық автоэкспедициясы одан әрі сапарын жалғастырып, қасиетті шежірелі өлке Қарқаралы қаласына аттанды.


Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

 

 

Бөлісу: