Абайдың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасына этнос өкілдері көптеп тартылады

11 Шілде 2019, 16:05 7777

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Қазақстан» РТРК» Акционерлік Қоғамының Басқарма төрағасы Ләззат Мұратқызы Танысбаймен кездесті. 

Жансейіт Қансейітұлы Ассамблеяның атқарып отырған жұмыстарын жан-жақты таныстыра келе, «Qazaqstan» ұлттық арнасының этносаралық келісім мен қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін нығайту жолындағы зор үлесін атап өтті. 

ҚХА басшысы ұдайы ақпараттық қолдау көрсетіп отырған Басқарма төрағасы Ләззат Мұратқызына айрықша алғыс білдіре отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапаттады.
Ләззат Мұратқызы өз кезегінде «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирінен апта сайын эфирге шығатын жарты сағаттық «Менің Қазақстаным» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

Кездесу соңында «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасы арқылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қолдау тапқан Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ақын өлеңдерін оқу эстафетасына этнос өкілдерін көптеп тарту туралы келісілді.


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екі күн бұрын елорда Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 9 жасар мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақтың эстафетасын қабыл алған еді. Ол туралы әлеуметтік желіде Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.


Қасым-Жомарт Тоқаев кішкентай өнер иесінің ұсынысын зор қуанышпен қабылдап, ұлы ақын – Абай Құнанбаевтың жастарды білім мен ғылымға шақыратын, мақсатыңа жету жолында қажет асыл қасиеттерді атап көрсеткен «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, жауап қайтарғ,ан болатын. Одан кейін Президент Абай өлеңдерін оқу эстафетасын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге жолдағаны белгілі. Олар да көп күттірмей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың эстафетасын қабыл алды. Әлеуметтік желілерде басталып кеткен челлендж #abai175 хештегімен молынан белгіленуде. Жарияланымдар саны күн сайын арта түсуде.


Айтпақшы сан түрлі байқаулардың қатысушысы, кішкентай ғана Ләйлім Рысқали Абай атамыздың бақандай 68 өлеңін жатқа білетін болып шықты. 

Кішкентай ғана дарын иесінің әкесі - әнші, ал анасы - журналист Ұлы ақынның туған жерінде дүниеге келген екен. Кезінде өзі де Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі оралып жүрген ол енді міне баба мұрасын қастерлеуді балаларының бойына сіңіруді жақсылап қолған алған екен. Сөйтсе, Абай өлеңін 2,5 жастан бері күнде жаттату күнделікті тәртіпке еніп кеткен көрінеді. 

Айта кету керек, үстіміздегі жылдың 30-ыншы мамырында Президент Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, мерекеленетін жоспар толығымен 1 қазанға дейін бекітілуі тиіс. Президент Үкіметке бірқатар тапсырма да беріп үлгерді. Ал ұлан-ғасыр шара 2020 жылы кеңінен аталып өтеді.

Бұдан басқа Мемлекет басшысы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейіне кешенді жаңғырту жұмыстарын жүргізуді, елордада ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференция өткізуді, Абай шығармаларының кең таралған негізгі шет тілдеріндегі сапалы аудармасын баспадан шығарып, халықаралық деңгейде насихаттауды мықтап тапсырды. Бұған қоса ақиық ақынның мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау мәселесі де пысықталуда.

Есімі 3-4 жылда бүкіл әлемге жайылып үлгерген Димаш Құдайберген де челленджден шет қалмай, эстафетаны қабыл алған. Ол туралы жас әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазба да қалдырып үлгерді. Димаш өз кезегінде эстафетаны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге, Ресей Федерациясының Халық әртiсi Игорь Крутой мен тыңдармандарына жолдаған екен.


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым миинстрі Асхат Аймағамбетов болса, Президенттің эстафетасын қабыл ала отырып, Абай атамыздың өлеңдерінен үзінді оқып өтті. 


Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президенттің жолдаған эстафетасын қабыл алғанын жеткізген.

ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке, Қазақстанның Еңбек Ері, олимпиада жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровке, кең байтақ Қазақстанның мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері мен майталман жастарға эстафетаны жолдайтынын мәлімдеді.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: