«... өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек»

23 Қазан 2014, 07:36

Ұлытау төрінде Ел президентімен болған сұхбатта қозғалған тіл мәселесі де бүгінгі заманның үнімен үндес екендігінің көрінісі.

Қазақ тілінің тағдыры турасында қоғамда түрлі пікірлер өрбіп жүр. Бүгінде қазақ тілі ең өзекті, ең проблемалы, ең түйткілді әрі түйіні көп мәселелер санатында. Қазақ халқының болашағын қазақ тілінің болашағымен байланыстыратын көптеген ұлы тұлғаларымыз ұлт ретіндегі маңыздылық ұлт тілінің жойылмауы деп есептегенін білеміз. Міне, жақында ғана Ұлытау төрінде Ел президентімен болған сұхбатта қозғалған тіл мәселесі де бүгінгі заманның үнімен үндес екендігінің көрінісі. Бүгін біз Ұлытау мекенінде болған сұхбатта өрбіген тіл мәселесі хақындағы Елбасының біршама түйткілдерін оқырман назарына ұсынбақпыз. Елбасы тіліміз турасында не деді, тіліміздің бүгінгі ахуалы ел тұғырынан қалай көрінеді, қазақ тілінің болашақ күйі хақында не айтуға болады деген сұрақтар жауаптарының барлығын бүгін біз қысқа әрі нұсқа етіп топтастыруға тырыстық.

Тілді байыту керек! Оған халықаралық ұғымдарды енгізсек, тіліміз дамиды. 

Біз еліміз үшін, жұртымыз үшін тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы ғана жеткізе аламыз. 

Қазақтың кейбір сөз оралымдарын, Абайдың сөз өрнегін басқа тілге, мәселен, орысшаға, ағылшыншаға аударып көрші. Ол мүмкін емес. Себебі тілдің өз қасиеті бар. Сондықтан тіл жоғалатын болса, сол қасиет те жоғалады. 

Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкімге анау сөйтпеді деп уәж айтудың жөні жоқ. 

«Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады, «тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады.

... өз халқымыздың сана-сезімін үйретіп, өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек.

 ...мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілін игергеніміз өте дұрыс.

Шын мәнінде, «Ұятымыз болып бетте тұрған» ана тіліміздің қолданыс аясы бүгінде Елбасы айтқандай ақырын аяңдай отырып артып келе жатқандай. Күн өткен сайын әлеуметтік желілерде, күнделікті күйбің тіршілікте, мектепте, ЖОО-да, тағы да сол сияқты өзге де көпшілік орындарда қазақ тіліне деген құрмет біршама жаңа сатыға көтерілгендей әсерде. Тәуелсіздік «күйінің» әсем сазы да бізге сол бабалардан жеткен қазақ тілінің мәнін ұғындырған еді. Балабақшалар мен мектептерде өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде білім алуға ниет білдіріп отыр. Қазақ жастары қазақ тілімен қоса ағылшын және орыс тілдерін де өте жақсы меңгеріп, өзге елдің ғылымын зерттеу арқылы, қазақ ғылымын дамытуға үлес қосуда. 
Ғаламтордағы қазақтілді контенттің көбеюі де біз айтқан қазақ тілінің мәртебесін үстем етіп отыр. Қазақ тілі қазаққа ғана керек. Бірақ қазақ елін пана етіп отырған өзге де ұлт үшін қазақ тілі ана тілінен кем емес мәнде құрметтелуі тиіс екенін есімізден шығармасақ болғаны.

Эльенора Әмір.

Бөлісу: