Жаңалықтар

Американы Қазақстанға әкелмейміз, Қазақстанды әлемге паш етеміз – Сэм Катковски

Американы Қазақстанға әкелмейміз, Қазақстанды әлемге паш етеміз – Сэм Катковски
Фото: Nomad Promotions 31.03.2025 07:19 478

5 сәуір күні Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді. Оған елімізге танымал бірнеше боксшы қатысып, шаршы алаңда өнер көрсететін болады. «Battle of the Brave» жекпе-жектері күн сайын «боладысымен» көпшілікті қызықтыра бастады. Осы ретте біз Nomad Promotions компаниясының жобалық менеджері Сэм Катковскимен жолығып, сөзге тартқан едік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Сэм мырза, біздің ел боксты жақсы көреді. Бірақ халық «Барыс арена» спорт кешенін лық толтырады деп ойлайсыздар ма? Біздегі кәсіпқой боксқа деген қызығушылықты Америкадағымен салыстыруға келмейді ғой. Билеттер бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере қояр ма екен? Үлкен аренаға әлі ерте емес пе?

– Білесіз бе, Қазақстаннан шет елдердегі бокс кештеріне баратын адамдар жоқ емес. Олар Америкадағы, Англиядағы, Сауд Арабиясындағы бокс кештеріне арнайы барып тұрады. Сондай жанкүйерлер үшін бұл – әлдеқайда ұтымды.

«Ерте емес пе» дейсіз... Сонда мұндай кешті Жәнібек 40-қа келгенде өткізуіміз керек пе?! Қазір оның нағыз «өрге салса, төске озар» шағы емес пе?! Қазақта екі тұжырым бойынша Әлем чемпионы болған басқа кім бар?

Мысалы, чемпиондар лигасын алайық. Жыл сайын оның топтық кезеңдегі ойындары тұрмақ, іріктеу сатысындағы ойындары Астана мен Алматыда өткен сайын, халық ситадионға ағылады. Ал «Battle of the Brave» кеші соңғы 10-15 жылда бірінші рет өтеді. Халыққа қызық емес пе?

Халық Димашты қалай жақсы көреді. Оның концертіне үлкенді-кішісі бар, бәрі ағылады. Менің ойымша, Жәнібек Әлімханұлы да – сондай сый-құрметке лайық ұлдарыңыз. Ол – Әлем чемпионы! Ол өз халқын, туған жерін сүйеді. Өз елінде өнер көрсетуді мақсат тұтып, армандайды.

– Жақсы. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Үлкен арена көрермендер үшін қалай болады екен? Ең жоғарғы орындарда отырған адамдарға барлық соққы көріне ме?

– Мен «Барыс-Аренаға» өзім барып, оның барлық бұрышынан қарап көрдім. Жоғарыдағы орындарға да отырып, қарадым. Бұл – замануи үлгіде салынған тамаша арена. Шайба – боксшының сом білегі мен зілдей жұдырығынан да кішкентай. Ұшқан шайбаны қалт жібермейтін көрермен соққына да көреді. Теннис матчтары бұдан да үлкен стадиондарда өтеді ғой.

Оның үстіне, «Барыс-Аренада» үлкен экрандар бар. Оның бәрін кәдеге жарату жағын ойластырып жатырмыз. Ең бастысы, көрермен бокс кешінің ауызбен айтып жеткізгісіз атмосферасына күмп беріп, шым батады. Оның шуы мен дуын сезініп, жоғары деңгейдегі жекпе-жектерді көзбе-көз тамашалайды.

– Top Rank төрағасы Боб Аруммен бірлесе жұмыс атқарып жатыр екенсіздер. Осындай беделді тұлғамен қалай тіл табыстыңыздар?

– Боб Арум – кәсіпқой бокс әлеміндегі беделді тұлға. Ол дүниежүзінің түкпір-түкпірінде демесем де, көптеген елдерінде бокс кешін абыроймен өткізген – іскер адам. Онымен тіл табысу қиын болған жоқ.

Себебі, әйгілі промоутер бір құндылыққа қатты көңіл бөледі. Ол – ұлттық деңгейдегі қолдау, басқаша айтар болсақ, ұлттық мүдде. Бұл тұрғыда, Боб Арум боксшы-Жәнібектің артында қалың қазақ халқы тұрғанын жақсы біледі. Сондықтан біздің ұсынымызды көп ойланбай қабыл алды.

– Қазақ топырағындағы бокс кеші қалай өтеді. Америкадағы жекпек-жек шоуларының көшірмесі іспетті ме, әлде ұлттық нақышта сомдалып, қазақы реңде «тұздықталып» отыра ма?

– Біздің мақсатымыз, Қазақстанға Американы алып келу емес. Біздің басты мақсатымыз – әлемге Қазақстанды паш ету. Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын көрестіп, дәріптеу. Боксшылар ұлттық киімдермен шығады. Қазақ ұлтының дәстүрлі музыкалары құйқылжиды. Делебе қозып, шабыт шарықтайтын әуен-саздар шырқалады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға