Жаңалықтар

Америкалық студент қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келеді

Небәрі 16 жаста болса да, қазақ тілінен басқа әлемнің 25 тілінде сөйлейтін полиглот қыз
Америкалық студент қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келеді
Фото: жеке мұрағат 28.11.2022 18:22 4870

Джорджия штатының Атланта қаласында тұратын әлемнің 25 тілінде еркін сөйлейтін америкалық студентпен әлеуметтік желі арқылы тілдестік. 16 жастағы бойжеткеннің есімі – Кэмерон. Қазақша аты – Айбала. Өзін осылай атауының бір мәні бар. Себебі ол қазақша емін-еркін сөйлейді.

Небәрі 16 жаста болса да, қазақ тілінен басқа әлемнің 25 тілінде сөйлейтін полиглот қыз. Қазақ тіліне және Қазақстанға деген қызығушылық қалай пайда болғанын сұрағанымда, Қызылорда қаласынан бала асырап алу сапары туралы жазған біреудің кітабын оқығаннан кейін оның қазақ тіліне және қазақ еліне деген қызығушылығы артқан.

«Осы кітапты оқығаннан кейін алдымда бір мақсат тұрды. Қазақ тілін 2020 жылдың қаңтарында үйрендім. Бүгінде еркін сөйлей аламын. Онлайн арқылы да үйренуге болады. Менің ойымша, қазақ тілінде сөйлейтіндер түркі халықтарының тілін оңай үйрене алады», – дейді.

Айбала қазақ және ағылшын тілін қоспағанда, ұйғыр, қытай, вьетнам, испан және араб тілімен қатар 25 тілді біледі.

«Полиглот болуға қатты қызықтым. Мұның бәрін 9 жасымда үйрене бастадым. Мектепте 3-сыныпта оқып жүрген уақытта сыныпқа Австрия мемлекетінен бір қыз келді. Ол сабақта үнемі жылайтын. Өйткені, ағылшын тілін білмейді. Тілден қатты қиналды. Оған көмектестім. Жақсы дос болып араласып кеттік. Оның досы болу үшін неміс тілін үйренуді шештім. Неміс тілін үйрене отырып, ол қызға ағылшын тілін үйреттім. Осылайша, көп тіл үйренуге деген шабытым және қызығушылығым артты», – дейді америкалық студент.

Сондай-ақ, ол өзі меңгерген 25 тілдің ішінде бір-біріне ұқсас келетін тілді атап өтті. Яғни, үйренуге келгенде қиындық соқпағанын айтты.

«Ұқсас тілдің ішінде қазақ, якут, қырғыз, өзбек, ұйғыр сияқты түркі тілдері бар.  Біреуін білсеңіз, екіншісін үйрену өте оңай. Ал үйренуге қиындық тудырған тілдің кейбірі айтылуы, алфавит және грамматика жағынан болды», – деді ол.

Америкалық студент өзі сияқты қатарластарына тіл үйрену кезінде ана тілінде сөйлейтіндермен жиі тәжірибе алмасу аса маңызды екенін айтады.

Америкалық студент қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келеді

«Сол арқылы өзге тілді үйренудің әрдайым пайдасы бар. Қазақстанда тұратын қазақтар міндетті түрде өз тілін білу қажет. Өйткені, қазақ тілінің байлығы өте көп. Мен оны тіл үйрену барысында түсіндім», – дейді Айбала.

Ол қазақ тілін білсе де, Қазақстанға әлі келіп көрмеген екен. Алайда болашақта Қызылорда немесе Сарығашта тұрғысы келеді.

«Қазақ тілін білсем де, қазақ жеріне барып көрмедім. Алдағы уақытта міндетті түрде жоспарлап отырмын. Себебі қазақ достарым өте көп және қазақ елін қатты құрметтеймін. Мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығамын. Табиғаты да сұлу. Дәмді-тағамы мен қонақжайлығы бір де төбе», – дейді полиглот студент.

Айбала бүгінде ислам дінін қабылдаған және қазақ жігітіне тұрмысқа шықпақ ойда. Алып қашу сияқты салт-дәстүр де қызықтырады екен. Болашақта қазақтың дәстүрімен той жасауды қалайды.

Қазіргі таңда америкалық студент әлеуметтік желіде өте белсенді. Қазақша видеосын көрген желі қолданушылары оған ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жаудыртуда. «Қазақшаңыз өте жақсы екен», «Елімізде тұратын өзге ұлттардан және қазақтардан жақсы сөйлейсіз», «Келсең, күтіп аламыз»,  – деп жазуда желі қолданушылары.

P.S. Әлеуметтік желі арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілін, дінін берік ұстанып, қазақ тілін әлемге танытып жүрген американдық қыз өзгеге үлгі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға