Жаңалықтар

Америкадағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыстамын – Берік Құлмамыров

АҚШ-та тұратын кәсіби суретші, музыкант, продюсер, халықаралық ірі жобалардың авторы әрі ұйымдастырушысы Берік Құлмамыровпен сұхбат
Америкадағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыстамын – Берік Құлмамыров
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 03.03.2023 11:00 1871

Америкадағы қазақ диаспорасының бүгінгі жай-күйі қалай? Олар қандай кәсіппен шұғылданады. Қалай тіршілік етіп жатыр деген «El.kz» порталының сауалдарына жауап алу мақсатында АҚШ-тағы түрлі салада білім алып, еңбек етіп жатқан қазақтармен онлайн сұхбаттар циклін ары қарай жалғастырамыз.

Бүгін АҚШ-та тұратын кәсіби суретші, музыкант, продюсер, халықаралық ірі жобалардың авторы әрі ұйымдастырушысы Берік Құлмамыровпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Америкадағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыстамын – Берік Құлмамыров

- Берік аға, онлайн-сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рахмет. Алғашқы сауал, суретші үшін Америкада тұру, кәсіп ашып, жұмыс істеу қиын емес пе, қазір Нью-Йоркте қандай жобаларды жүзеге асырып жатырсыз?

- Қазіргі кезең бұл суретшінің өзін жүзеге асыруға болатын «тауашаны» дәл табатын уақыт. Сондықтан, егер суретші өте белсенді болса және барлық мүмкін нұсқаларды сынап көрсе, менің ойымша, ол өз орнын табады, онда оның жағдайы жақсы болады. Мұнда кәсіп ашу мүлде қиын емес.

Десек те дәл қазіргі кезде бейнелеу өнері жобаларымен өте сирек шұғылданамын. Көбіне музыкалық жобалармен айналысамын. Бұл маған көбірек ақша, көбірек клиент табуға және музыкалық жоба көбірек мүмкіндіктер әкелетініне көзім жетті.

Америкадағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыстамын – Берік Құлмамыров

- Бейнелеу өнері мен музыканы қатар алып жүрсіз, қалай үлгеріп жүрсіз?

- Иә, мен негізі бейнелеу өнерімен де, музыкамен де қатар айналысамын. Бұл соншалықты қиын емес. Өйткені Америкадағы қызметімнің басында, 20 жыл бұрын негізінен бейнелеу өнерімен айналыстым. Менің жеке Галереям болды, мен таза галерея бизнесімен айналыстым. Содан уақыт өте келе галерея бизнесі өзінің кірістілігі жағынан кері кете бастаған соң, мен музыкалық жобалармен айналыса бастадым. Қазіргі кезде бұл ең көп пайда әкелетін әрекет және маған қызықтырақ, жандырақ болып көрінеді. Сондықтан, әрине, мен музыкамен, яғни музыкалық шараларды ұйымдастырумен көбірек айналысамын. Кейде бұл музыкалық іс-шараларға картиналарды да шығаратын кездер болады, сондықтан да «два в одном» деп айтсақ болады.

- Ресей мен Қазақстанда алған білім мен тәжірибеңіз Америкада кәдеге жарады ма?

- Ресей мен Қазақстанда жинаған білімім мен тәжірибем, мұның бәрі сөзсіз пайдалы болды. Оның үстіне мен біраз уақыт сол жақтарда жұмыс істедім ғой. Өйткені бастапқы кездегі жұмысым негізінен өз картиналарымды сату болды. Содан кейін Нью-Йорктің басқа аудандарынан, тіпті Ресейден, Қазақстаннан да суретшілер келе бастады. Мен олардың картиналарын жарнамалап, яғни өз Галереям арқылы сата бастадым. Әрине, менде картиналарымды Қазақстанда немесе Ресейде сату тәжірибесі болмаса, бұл кәсіпті мұнда жүзеге асыра алмас едім.

- Бейнелеу өнеріне қатысты халықаралық ұйым құрған екенсіз. Ол немен айналысады және оған кімдер қатысады?

- Менің New York Realism Fine Art атты халықаралық студиямның негізі Нью-Йоркте қаланды. Қызметіміздің басында біз Нью-Йоркте тұратын американдық суретшілердің картиналарын насихаттадық. Содан студия кеңейіп, әр елден суретшілерді шақыра бастадық. Нью-Йоркте жұмысым жақсы жүре бастағаннан кейін мен Франциядан, Англиядан, яғни Еуропа елдерінен келген суретшілермен таныса бастадым. Олар өз кезегінде мені өздерінің көрмелеріне шақыра бастады. Парижге, Ослоға, Лондонға бардық. Содан кейін студиям халықаралық дәрежеге көтерілді.

Америкадағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыстамын – Берік Құлмамыров

Барлық танысулар интернет арқылы – Art Expo New York сияқты әртүрлі өнер ұйымдарының порталдары арқылы өтті. Мұнда басқа елдердің көптеген суретшілердің туындылары Art Expo New York көрмесіне қойылды. Онда олардың мекен-жайларына сілтемелер болды, мен сол арқылы оларды өзіме шақыра бастадым. Содан кейін маған Ресей мен Қазақстанның өнерпаздары қосыла бастады. Бұл өте күшті «винегрет» болып шықты.

«New York Realism Fine Artтың» жұмысы 2010-2011 жылдарға дейін жақсы жүрді. Кейіннен картиналардың сатылымы төмендей бастаған соң, мен музыкалық продюсерлікпен айналыса бастадым.

Қазіргі уақытта мен бейнелеу өнері көрмелерімен айналыспаймын десем де болады. Алдағы уақытта бәріне ақша төлеп, оған демеушілік жасайтын қандай да бір тапсырыс беруші табылған жағдайда ғана оны қолға алуым мүмкін.

- Берік аға, сіз Америкадан басқа бірнеше елде болған екенсіз. Еуропа өнерінің Ресейден, АҚШ-тан айырмашылығы неде екен?

- Иә, мен көптеген елдерде болдым, негізінен Еуропа елдерінде. Біз онда көрмелер ұйымдастырып өткіздік. Көрме қызметі мен Еуропа өнерінің айырмашылығы неде десек, айталық Лондон мен Парижде көрмелер өткіздік делік, бұл екі қала стилі жағынан онша ерекшеленбейді. Француздар ағылшындардан этникалық сипатымен ғана ерекшеленеді. Бары осы. Қызмет ауқымы принципі бір-біріне ұқсас болды. Тілдік айырмашылықтар бар, өйткені француз тілі бөлек, ағылшын тілі бөлек дегендей. Бірақ маған бәрінен де Ослодағы көрме ұнады. Бұл Скандинавия, Норвегия. Бұл көрме өте прогрессивті болды, көп жұмыстарымызды саттық. Біз өте қызықты промоутерлер мен коллекционерлерді кездестірдік. Жалпы, бұл сапарлар өте есте қаларлықтай болды.

«Олардың бізден, америкалықтардан айырмашылығы қандай?» дейтін болсақ, аса көп өзгешелік байқамадым, меніңше тек географиялық айырмашылық қана, өйткені жұмыстың бағыты мен стилі, менің ойымша, біздікімен бірдей. Бірақ мұнда, Америкада, ол кеңейген, өйткені Америка этникалық жағынан алуан түрлі. Еуропада әр ел тек өзi үшiн дамитын болса, яғни басқа этностарға аз назар аударатын болса, ал Америка барлық этникалық топтарға бірдей қарайды. Тіпті африкалықтардың да өз орны бар. Қытайды немесе басқа ұлтты айтпай-ақ қояйын.

Мәскеуге келетін болсақ, иә, біз Мәскеуде екі рет көрме жасадық, ол жерде әлі күнге дейін Кеңес Одағындағыдай стиль сақталған екен. Бірақ еуропалық промоутерлерге қатысты біршама ілгерілеушілік бар. Галерея бизнесінің жарнамалық құрылымы Еуропадағыдай.

- Сіз АҚШ-тағы танымал адамдармен музыкалық жобаларда жұмыс жасайды екенсіз. Құпия болмаса кімдермен?

- Менің музыкалық жобалардағы және продюсерлік жұмыстағы қазіргі деңгейім жай комьюнити (қауымдастық) деңгейінде деп айтуға болады. Яғни мұнда атақты музыканттармен байланыс жасаудың қажеті шамалы. Біздің қоғамда азды-көпті дамып келе жатқан музыканттар жеткілікті. Яғни, біздің қауымдастық Upper West Side Manhattan деп аталады. Біз Open Mic сияқты жобалар жасаймыз. Онда тек музыка ғана емес, стенд-аптар, яғни комедия жанрлары да қамтылған.

Біз сондай-ақ менің серіктесім, сопродюсермен бірге West Park International Music Festival байқауын жыл сайын ұйымдастырып өткізіп келеміз. Мұнда біз көбінесе жергілікті музыканттармен жұмыс істейміз. Яғни, Манхэттеннің музыкалық әлеміне жақсы араласқан музыканттар. Мен бірге жұмыс істеген ең танымал музыканттардың бірі JChosen, ол Voice of America музыкалық байқауына қатысқан және оның командасындағы кейбір жігіттермен де бірге істейміз.

- Оқырманға қызық болар, өзіңіз туралы толығырақ айта кетсеңіз, негізгі мамандығыңыз қандай?

- Мен Қазақстанның Алматы қаласында, дәлірек айтсақ, Алматының маңында дүниеге келгенмін. Орта мектепті бітіріп, кейін өнер мектебіне түстім. 1981 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, одан кейін Мәскеу сәулет институтына түсіп, оны 1987 жылы бітірдім.

Қазақстандағы негізгі мамандығым – сәулетші. Мен «КазГорСтройПроектте» 3 жыл сәулетші болып жұмыс істедім. Содан Кеңес Одағы тарап, барлығының жұмысы қиындаған соң, өзімнің дизайнерлік студиямды ұйымдастырдым. Интерьер дизайны бағытында. Онда тек интерьер дизайнымен ғана емес, фото және бейне түсірумен де айналыстым. Тіпті біраз уақыт «КТК-да» келісім-шарт бойынша жұмыс істедім, «Хабар» мен «НТК-дан» тапсырыстар болды. Бұл бейне жобалар еді. Негізі мен ол кезде видеооператор болдым, жақсы видеокамерам болды. Аталған мекемелердің журналистері өздері телефон соғып, репортаждар мен сюжеттер түсіруге тапсырыс берді. Мен болсам камерамды әкеліп штативке қойып, сұхбаттарды жазып жүрдім. Бұл өте қарапайым жұмыс болды. Әртүрлі сюжеттер түсірілді My Town деген клуб бар еді, есімде жақсы сақталыпты. Біз ол жерде «КТК-мен» бірлесіп жергілікті музыканттар жайында репортаждар түсірдік. Кирилл Ли есімде қалыпты. Бұл 1992-1993 жылдары, қызықты уақыт болғаны есімде...

Айтпақшы, мен жайында мына сілтеме арқылы https://www.youtube.com/watch?v=QnMbHcDPWJY толығырақ білуге болады.

- Америкадағы қазақ диаспорасымен байланысыңыз бар ма. АҚШ-тағы қазақтардың басын қосып отырған «Біріккен Алаш Қоры» қоғамдық ұйымымен таныссыз ба?

- Иә, әрине мен Америкадағы қазақ диаспорасымен тығыз байланыстамын. Мен олармен жақсы араласамын. «Біріккен Алаш Қоры» ұйымының іс-шараларына қатысып тұрамын. Ұйымдастыратын барлық шараларына әрқашан жақын болуға тырысамын. Олармен алдағы уақытта жобаларды бірлесіп ұйымдастырамыз деген ойдамын.

- Қазақстанмен байланыс бар ма? Қазақстанға оралып, туған жеріңізде қызмет ету ойыңызда жоқ па?

- Иә, елдегі музыка әлемінде және бейнелеу өнері саласында жүрген қазақ жігіттерімен жақсы байланыстамын. Достарым көп. Асқар Нартов, Талғат Тілеужанов, Бақытнұр Бүрдісбеков сынды Қазақстанның озық суретші-өнерпаздарымен тығыз қарым-қатынаста араласамын. Менің байланыстарым өте жақсы.

«Қазақстанға қайту ойыңызда бар ма» дейсіз бе? Әзірге білмеймін. Әзірге Қазақстандағы жағдай мен трендте болғым келетін деңгейде емес. Қазақстан әлемдік қауымдастықпен интеграциялануда өте баяу дамып жатыр. Бұл таза менің жеке пікірім. Көпшілік бұл ойыммен келіспейтін де шығар. Өнердегі және музыкадағы прогресс жеке болуы мүмкін емес, ол ұлттық, мемлекеттік ауқымда болуы керек. Алдағы уақытта бұл үрдіс жақсы жаққа өзгереді деп сенемін.

- Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

- Мен алдағы күнді болжауға асықпаймын. Оның үстіне қазір заман өте қиын. Америкадағы және әлемдегі экономика бұрынғыдай қарапайым емес. Америкада ғана емес, бүкіл әлемде жағдай күрделене түсуде. Сондықтан жағдайлар мен тенденцияларға назар аудара отырып, мүмкіндігімізше әрекет ететін боламыз.

- Сұхбатыңызға көп рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға