Жаңалықтар

Аманжол Әлтай ұлттық құрылтайдың маңызды ерекшелігін атады

Аманжол Әлтай ұлттық құрылтайдың маңызды ерекшелігін атады
Фото: El.kz/Диана Орынбасар 13.03.2025 12:36 189

Бүгін Щучинск қаласында IV Ұлттық құрылтай шеңберінде секциялық отырыстар өз жұмысын бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың айтуынша, бұл Құрылтайдың ерекшелігі – оның еліміздің тарихи және рухани маңызы бар жерлерінде өткізілуінде.

Мен Ұлттық құрылтай мүшесі ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Бұл жолы Құрылтай қасиетті Көкшетау жерінде өтіп жатыр. Құрылтайға жай келмей, маңызды ұсыныстармен келу керек деп ойлаймын. Мен де жүрегімде сақтап жүрген, қоғамға пайдасы тиер деген бірнеше ұсынысымды алып келдім, – деді Аманжол Әлтай.

Мәжілісмен құрылтай барысында ауылдағы мәдениет ошақтарының жағдайын жақсарту және еліміздегі қарттар үйінің мәселесін көтеретінін айтты.

Бірінші кезекте, ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен кітапханалардың жағдайын жақсартуымыз қажет. Ауылдың рухани келбетін көтеру – оның әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, мәдени дамуына да тікелей байланысты. Қазіргі таңда ауылдардағы мәдениет ошақтары мен кітапханалардың жағдайы көңіл көншітерлік емес, – деді халық қалауы.

Сондай-ақ, ол қарттар үйлеріндегі ахуалдың алаңдатарлық екенін айтты. Депутаттың пікірінше, материалдық жағдайы жақсы азаматтардың өз ата-анасын қарттар үйіне өткізуі көбейіп барады.

Мысалы, мемлекеттік қызметкерлердің немесе бизнесмендердің ата-аналары қарттар үйінде өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Бір кездері сол қариялар өздерінің тапқан табысын балаларын асырауға жұмсаған. Енді балалары есейіп, жағдайы жақсарғаннан кейін ата-анасын қарттар үйіне тапсырып, ештеңе болмағандай жүре беру дұрыс емес. Балаларының әлеуметтік жағдайы жақсы болса, олар өз табысынан ата-анасымен бөлісуі керек, – деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға