Аманғали Бердалин Қызылорда облысының АӨК салаларының даму үрдісін тексерді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
АШМ мәліметінше, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесуде өңірдегі АӨК салаларын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.
Қызылордада халықпен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өтті, онда Аманғали Бердалин ауыл шаруашылығын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеуге 700 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, қаржыландыру 2024 жылдың қараша айында басталды. Жеңілдетілген лизингке бөлінетін 200 млрд теңге 5,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді.
Әкімдіктердің алдын ала деректері бойынша Қазақстан бойынша жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 369,6 мың гектарға артық.
Айналым қаражатын сатып алуға жылдық 5%-бен 48 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын 50 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдалану үшін біз фермерлерді субсидиялаудан несие берушілерді, техника өндіретін зауыттарды, тыңайтқыштарды және суармалы су жеткізушілерді субсидиялауға көштік. Бұл шаралар субсидиялаудың ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Субсидиялардың тиімділігін бағалау үшін өндірілетін өнім көлемін ұлғайту бойынша қарсы міндеттемелер енгізілуде, - деді вице-министр.
Аманғали Бердалин сондай-ақ шаруа және балық өсіру шаруашылықтарының жұмысымен танысты, ветеринария саласындағы мамандармен сою пункттерін ветеринариялық-санитариялық сараптаудың цифрлық платформасын талқылады, бірқатар тапсырмалар берді.
Сондай-ақ өңірде бюджет қаражаты есебінен де, әлеуметтік жауапты бизнес қаражаты есебінен де салынып жатқан ветеринариялық пункттер құрылысының барысына оң баға берді.
Жергілікті атқарушы органдар ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын жоғары қарқынмен жақсартуда, өңірде көлік құралдарының 75% жаңартылды.
Аманғали Бердалин Жалағаш, Қазалы және Арал аудандарының ветеринариялық пункттерінің жұмысымен танысты. Бордақылау алаңдарын, балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын салу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Мәселен, 2023 жылдан бастап «Жұмабай» ШҚ тұқы балық түрлерін өсіру үшін сумен жабдықтаудың тұйық жүйесін енгізуде. Іске қосылғаннан кейін ішкі нарыққа жылына 200 тоннадан астам сазан мен африкалық сом жеткізіледі.
Биыл қуаттылығы 50 тонна тұқы балық түрлерін құрайтын «Бақыт» тоған шаруашылығы пайдалануға беріледі. 2024 жылдың маусымында тоғандарға 4 миллион дана тұқы шабақтары шығарылды, ал қыстайтын тоғандарда қазіргі уақытта орташа салмағы 15-100 грамм болатын 100 мың дана шабақ бар.
Терең өңдеу технологияларын «АРАЛ SEA FOOD» ЖШС балық өңдеу зауытында енгізуде. Мұнда қуаттылығы жылына 4 мың тонна балық филесін өндіру жолға қойылады. Келесі қадам-балық қалдықтарын өңдеу және балық ұны мен балық майын өндіру. Өнімдер Қазақстанда және ТМД елдерінде сатылатын болады.
Вице-министр сондай-ақ Қамыстыбас балық питомнигіне барды, онда 1966 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тұқы балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауданы 263 га балық өсіретін тоғандарда жыл сайын 15 млн шабақ өсіріледі, олар Кіші Арал теңізіне, Сырдария өзеніне және Қамыстыбас көліне шығарылады.
Балық питомнигінің қызметкерлерімен кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органмен шешім жолдарын әзірлейтін ,балық питомнигін жаңғыртумен,техниканы жарақтандырумен және кәсіпорынның басқа да мәселелерін шешумен айналысатын жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Аманғали Бердалин түйе шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтармен, «Qazaq Camel» ЖШС құрғақ түйе сүтін өндіру зауытымен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша вице-министр инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
