Жаңалықтар

«AMANAT»-тың жаңа Саяси тұғырнамасы партияның XXIV Съезінде қабылданды

Партия Төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған «AMANAT»-тың Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті
«AMANAT»-тың жаңа Саяси тұғырнамасы партияның XXIV Съезінде қабылданды
Фото: amanatpartiasy.kz 06.10.2022 16:28 1389

«AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV Съезі барысында партияның жаңа Саяси тұғырнамасы бекітілді. Негізгі идеологиялық құжат дамудың негізгі бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін көрсетеді, деп хабарлады. Бұл туралы партияның ресми сайтында жарияланды.

Партия Төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған «AMANAT»-тың Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті. 

«Жалпы, бүгінгі Съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», - деді Ерлан Қошанов. 

Өз кезегінде Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсаттарын белгілегенін атап өтті.

«Барлық өңірден ұсыныстар жинау және әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы партияның әрбір мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді. Соның нәтижесі ретінде, партияның жаңа құжаты қоғамымыздың  әртүрлі топтарының көзқарастары мен мүдделерін көрсетеді. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені «AMANAT» партиясы – Қазақстандағы ең мықты қоғамдық институт», – деді халық қалаулысы.

«AMANAT» партиясынан Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз сөзінде тұғырнамада ұсынылған тәсілдер сапалы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әрбір азаматының оның игілігін көруіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Партияның принципті ұстанымы – мұнайдың әрбір тамшысы, кеннің әрбір грамы, жердің әрбір сантиметрі есептеліп, азаматтарымыздың игілігі үшін жұмсалуы керек! Жер қойнауынан түсетін кірістер отандық экономика салаларын дамытудың базасы болуға тиіс. Жер қойнауын пайдаланушылар салық төлеуден бөлек, сапалы жұмыс орындарын құруға, біздегі орта және шағын бизнестің шаруасын дөңгелетуге, тікелей өздері жұмыс істейтін өңірлерді дамытуға қатысуы қажет», – деп атап өтті депутат.

Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, ауыл елдің алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының күре тамыры.

«Ауыл шаруашылығы саласы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан «AMANAT» мемлекетің стратегиялық мақсатын түсініп, ауылдың әл-ауқатын арттыру міндетін қойды. Шаруашылықтар экономикалық жағынан қуатты болса, ауылдықтардың тұрмысы да тәуір болмақ. Өйткені тек күшті экономика ғана ауылды қолдауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев құжатта білім мен ғылым ерекше орын алатынын атап өтті.

«Үлкен қарқынмен өзгеріп жатқан қазіргі әлемде білім беру саласы да өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Нақты анықталған мақсат – озық ойлы, тың идеяларға ашық, еркін ойлайтын және креативті азаматтарды тәрбиелеу үшін кешенді жүйелі өзгерістер қажет. Біз мектептердің, жатақханалардың жетіспеушілігі және білім беру нысандарын материалдық-техникалық жарақтандыру проблемаларын жүйелі түрде шешуге тиіспіз. Сондай-ақ жастарды ғылымға тарту және олардың дамуына жағдай жасау да өз алдына бөлек мәселе. Бұл –  мемлекеттің дамуы үшін қажетті негізгі алғышарты», – деді ол.

Белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың пікірінше, жаңа саяси тұғырнама: «Адам – мемлекеттің басты байлығы» идеясына негізделген.

«Бұл тәсіл Әділетті Қазақстанды құру идеясына сәйкес келеді. Құжатта байқалғандай партия «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты ұстанады. Партияның мақсаты – азаматтың құқықтары мен мүдделері қорғалатын, ал адал еңбек пен білім әр адамға өз жоспарларын жүзеге асыруға және жетістікке жетуге мүмкіндік беретін демократиялық, әділетті және өркендеген мемлекет құру. Адамдар үшін отбасы, денсаулық, білім, жұмыс істеп лайықты табыс табу, қауіпсіздік маңызды», - деді ол.

Съезд соңында партия Төрағасы Ерлан Қошанов форум өтетінін хабарлады. Онда еліміздің прогрессивті қоғамдық-саяси күштері Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі коалицияға бірігеді.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Іс-шараға 1200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Саяси кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген 700 делегат, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға