Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыруда

«AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыруда
Фото: Amanat 13.06.2024 23:41 538

Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы әр апта сайын ұйымдастырылатын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жалғастыруда. Бүгін елордадағы партия қызметкерлері, БПҰ өкілдері мен белсенділері айналма жолдың аумағын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Бүгін «Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» БПҰ, Сарыарқа ауданы әкімдігінің, «AMANAT» партиясы Астана филиалының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының волонтерлері мен қоғам қайраткерлері қатарынан 400-ге жуық адам Астана қаласындағы айналма жолдың аумағынан 100 қаптан астам қоқыс жинады. 

Біз бүгін далада немесе автотұрақтар аумағында тасталған көп қоқысты жинадық. Тіпті, бір адам мұнда қажетсіз заттар салынған пакеттерді де тастап кетіпті. Біз апта сайын өткізетін «Таза бейсенбі» акциясы табиғатымызды таза ұстауға ұйытқы болуда. Осылайша, партия тек қоқыс жинаумен ғана шектелмейтін кешенді тазалық іс-шарасын бастап берді. Әрбір учаскеге мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының белсенділері мен жетекшілері бекітілді. Олар ондағы тазалық пен тәртіптің сақталуына жауап береді, – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммеджан Болысбек.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанынан қаладағы экологиялық жағдайды бақылайтын 5 мобильді топ құрылды. Әр мобильді топ құрамында экологиялық кеңес мүшесі, мәслихат депутаты, аудандық партия филиалдарының төрағалары, аудандық атқарушы хатшылар, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, партия белсенділері бар.

Бұған дейін мобильді топтар жүргізген мониторинг жұмысы нәтижесінде қала аумағында және одан тысқары жерлерде 15 заңсыз қоқыс орны анықталған болатын.

Жалпы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «AMANAT» партиясы 5 бағыт бойынша жұмыс бастады:

  1. экология саласына қатысты заң шығару;
  2. өңірлерде ластанған аумақтардың картасын жасай отырып, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын ұйымдастыру;
  3. «Астана-Алматы» тас жол бойындағы аумақты тазартуға арналған «Таза Қазақстан» road-эстафетасы;
  4. тарихи, мәдени және табиғи мұраны вандализм әрекетінен қорғауға арналған қоғамдық науқан;
  5. жасыл волонтерлік – экологиялық волонтерлер қозғалысын құру.

Экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған маңызды басымдықтың бірі. Сайлауалды уәделерді жүйелі жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр мемлекеттік орман қоры аумағына 302,7 млн түп ағаш егілді. Сонымен қатар, 39 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында ауаны ластауын бақылайтын автоматтандырылған жүйе орнатылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға