Амал мерекесі: Тарихтан тамшы
Амал мерекесі - Қазақстанның батыс өңірдерінде ғана тойланатын үлкен мереке. Наурыз айының 14 інде келетін бұл мерекені өлке қазақтары бір апта бойы тойлап, Наурыз мерекесіне ұластырады. Амал мерекесінің өз ерекшеліктері, салттар мен дәптері бар. Шарттар мен арнайы жоралғылары бар. Маңғыстаулық өлкетанушы-жазушы, Жазушылар Одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлы Амал мерекесінің тарихын, қазіргі күнгі жағдайы мен ондағы жасалатын арнайы шарттарға тоқталған көлемді мақаласын жолдаған екен. Назарларыңызға ұсынамыз.
Ел Тұтқа
Қазақ ежелгі мұсылмандық Хижра есебін ұстанған халық. Соған орай өзіне тән күнтізбесі, аптаны атау, айды санау, жылды есептеу сияқты есебі бар. Хижра есебі деп біздің заманымыздың 622 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Меккеден Мединаға қоныс аударған жылын айтады. Мұсылмандар осы күннен бастап өз күнтізбесін жариялады. Жыл басын Мұхарам айы, кәзіргіше Наурыз айы деп атады. Міне, содан бері қарай бүл күнтізбе мұсылман есебі болып қалыптасты.
Біздің қазақ халқы да осы көне есепті ұстанып, ғасырлар бойы пайдаланып келеді. Жыл басын Наурыздың 22-де күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа жерлердегідей 22-де емес, наурыздың 14-де тойлайды. Маңғыстаулықтар беріге дейін айлардың (дұрысында жұлдыздардың) арабша атауын пайдаланып келді. Олар: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Олар айдың тууын әр айдың біздің есеп бойынша 14-нен бастаған. Яғни, бізше 14 наурызды айдың бір жаңасы деп есептеген. Өлкемізде осы ескіше (арабша) айлардың аталуына байланысты мақал-мәтелдер, естеліктер бар. Маңғыстауға белгілі ауылшаруашылық маманы Бисенбі Әріпов өз еңбегінде төмендегідей мысал келтіреді. Мысалы «Таразыда таң суыйды» дейді. Әсетте (июль, шілде) таңда таразы деген жұлдыз туады. Осы уақытта таңның салқындауына байланысты айтылған сөз. Немесе «Ақырап, қауыс, кәрі құртаңды тауыс». Мұның мағынасы ақырап (октябрь, қазан), қауыс (ноябрь, қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ малдарыңды жарататын уақыт болды деген сөз. Міне, осы қауыс (ноябрь, қараша), жеді (декабрь, желтоқсан) айларында күн суытып бұрқақ, өткінші жаңбыр жауады. «Саратан (май, мамыр), зауза (июнь, маусым) сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар. Оның себебі заузада желідегі байлаулы құлын қырылған, енесі ығып кеткен, шай қайнатым уақыт жаңбырлы, желді бұршақ жауып, күн суытқан оқиғалар да болған». (Б.Әріпов., Д.Әріпов. «Маңғыстау – маңғаз мекенім»).
Мұражай жұмысына байланысты өлкемізге белгілі аңшы Алдаберді Ақшабаевпен бірге жүргенімізде жеді айын аңшылардың текенің күні, мойын жуары деп есептейтіні жөнінде айтқаны бар-ды. Даладағы арқар, қарақұйрық, киіктердің үйірге түсу мерзімдері әртүрлі. Арқар ақыраптың (октябрь, қазан) 20-27 аралығында, қарақұйрық қауыстың (ноябрь, қараша) 14-21 аралығында, ал киік жедінің (декабрь, желтоқсан) 10-20 аралығында үйірге түседі.
Әрине Маңғыстау тұрғындарының жыл басын наурыздың 14-нен бастауында тек айдың тууы ғана емес, одан да тереңірек заңдылықтар жатуы мүмкін. Оған әртүрлі деректер келтіруге болады. Өйткені табиғатпен біте қайнасқан көшпелі халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжрибесі, ілімі олардың қателеспей, нақты шешімге келуіне жағдай жасайды. 1822-1915 жылдар аралығында өмір сүрген қазақ даласына белгілі атақты жұлдызшы Бекасыл әулиенің «Жұлдызнама» кітабында көп нәрсе айтылады. Әлем жаратылысын, тарихи шежірелерді терең білген Бекасыл әулие осы кітабындағы «Наурыздың белгісі» деген тарауда:
Көк қарға он бесінде келер,
Жиырма екісінде күн мен түн теңелер,
Бұл кезде жыл есебі берілер.
Хамал мен сәуір
Отыз бір күннен келер,
Сәуір кіргенде бәбісек шақырар.
Жыл жақсы болса
Оншақты күн бұрын шақырар,- деген бар. («Жұлдызнама». Астана, 2005. 101-102 б.).
Көктем жаршысы көк қарғаның наурыздың 15-нде келуі Маңғыстаулықтардың айдың бір жаңасы деуімен сәйкес келіп тұрған жоқ па? Қазақтың жаңа жылы туралы атақты Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат әкесі туралы естелігінде былай дейді. «14 март күні әкем бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты наурыз. Парсы тілі. Жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде» дейді.
Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ,
Өлкетанушы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі