Жаңалықтар

Амал

Амал – әр жылдың он екi айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағидаларда қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттерi.
26.08.2014 11:51 8810

Амал – әр жылдың он екi айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағидаларда қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттерi. Жылдың әр айлары мен тоқсанында болатын ауа райындағы және табиғат өзгерiстерi мен құбылыстарын назарына ұстап, бекітіп ұдайы қадағалап, болжап және оны күнiлгерi хабарлап тұратын есепшілер болды. Әсіресе, малшы қауым үшін тоғыс есебінің шаруашылық маңызы үлкен болды. Осы есепке сүйене отырып, малшылар әр айдағы амалдардың қалай өтетінін шамалап отырды.

Амалдар наурыз айынан басталады. Жыл аяғында, яғни наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқонақтан қатты сақтанып отырған. Самарқанның көк тасы жiбитiн күн деп Наурыз айының 22-ін айтады. Бұл күні Шығыс күнтiзбесi бойынша жаңа жыл басталады. Осы күнi шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер басталады. Жаңа айдың туатынына дейінгі бір-екі күн мен «кеміген» айдың аспаннан екі күндік жоқ болып кету мерзімін қазақ өліара дейді. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. Наурыз айының соңғы күндерiнде жыл құстары да ұшып келе бастайды, аралас қарлы жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап А.-ға жатқызған. Көктемде көкек айында қар күрт ерiп, жер лайсаң болған кезеңді аласапыран деп атайды. Көкек айының орта кезiнен кейін алғаш найзағай ойнап, жаңбыр жауады, жер бусанады. Осы сәттердегi найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кеттi» деп есептейдi. Көкектiң соңғы күндерiнде 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, тобылғы жарған амалы басталады. Бұл «тобылғы бүршiк жарған» яғни өсiмдiктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастаған кез дегенді білдіреді. Мамыр айының алғашқы онкүндiгiнде дала (су) құстары балапанын шығара бастайды. Халық тiлiнде қызыл жұмыртқа деп аталатын А.-да 1-2 күнге созылатын суық болады. Мамыр айының аяғында болатын суық желдi Құралайдың салқыны А.-ы кезінде желге қарсы киiк өз құралайларын (баласын) аяқтандырып, өргiзедi (киiк көптігіне қарамай, 2-3 күн iшiнде түгелдей төлдеп болады). Мамыр айының ортасына қарай Үркер аспанда мүлде көрiнбей кетуін «Үркер батты деп жер қызады» дейдi халық есепшiлерi. Маусымның 24-де Үркер таң ата батыстан көрінеді де, содан шiлде айында 40 күнге со- зылатын ыстық басталады. Осы аптапты күндерге орай халық арасында «қырық күн шiлде» деп атаған. Үркердiң толғағы аталатын А. мал-жанға жайлы кезең жаздың орта кезiнде басталады. Бұл кезде жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны бiлiне бастайды. Осы кезеңді Таразының тууы деп атайды. «Таразы туса – таң суыр» деген сөз орамы осындайдан шыққан. Қыркүйек айының ортасында салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседi, бірақ күндiз шуақты күндер де болады. Мұндай жылы мезгiлдердi мизам шуақ деп атайды. Яғни қыркүйектiң соңғы онкүндiгiнде күз келедi, суықты күндер, жауын басталады. Бұл сүмбіленің тууы деген А. Қараша айындағы құс оңтүстiкке қайта бастайтын уақыт қараша қаздың қайтуы деген А. Бұл кезде солтүстiкте алғашқы қар түсiп, күн суытады. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт қырбастың қызылы А.-ы дейді және қатты аязды суықтар болады. Желтоқсанның соңғы онкүндiгiнде қазақ даласында қатты боран соғады. Дәл осы кезде киiк текесi келеге түсетіндіктен бұл кезең теке бұрқылдақ А.-ы деп аталып кеткен. Халықтың айтуында күннiң таласуы дейтiн кезең қаңтардың алқашқы күнiне сәйкес келедi. Бұл кезде де ауа райы өзгередi, қар жауады, яғни сырғыма жүредi. Қаңтардың соңғы күндерiнде қыс күшiне енедi, сақылдаған сары аяздар болатын кезді қазақтар қысқы шiлде деп атаған. Ақпан айының қысы да ақырып келгенде ат құлағы көрiнбейтiн борандар күш алады. Ай аяғындағы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Бөрiсырғақ А.-ы келеді дейтіні сондықтан (сырғақ деп бұршақтан кiшi мұзды қар түйiршiктерiн айтады). Есепшілер жыл сайын белгілі бір уақытта қайталап отыратын ауа райындағы құбылыстарды (жауын-шашын, жел, боран, ыстық, суық т.б.) А.-дың қай кезде болатынын тоғыс есебі бойынша анықтап отырған (толығырақ қ. Үркер тоғысы). Киіктің матауы деген А. он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киіктің (ақбөкен, қарақұйрық, киік т.б.) текесі үйірге төседі. Елік құралай лағын апрельдің басында өтетін 5-10 күндік салқында өргізеді. Құралайдың салқыны үш тоғысқа сәйкес келеді. Он бес тоғыста (қазанның аяғы, қарашаның басында) өтетін жауын-шашынды 5-10 күндік амалды есепшілер бұғының мойын жуар А.-ы деп атаған. Бұл кезде бұғы маралмен насай-топыр (үйірге түседі) құрады. Таутекенің тауешкімен, құлжаның арқармен үйірге түсетін кезінде – он үш тоғыста (қарашаның аяғы) өтетін А. – теке бұрқақ (бұрқылдақ). Қаңтардың қарлы бораны он бір тоғыста (желтоқсан) өтетін А.-дан соң, тоғыз тоғыста (қаңтар) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деген А.- ға жатқызады.

Бес тоғыстың бет жуары деген сөз орамы бес тоғыстағы (наурыз) А.-дың (жауын-шашынды 5-10 күн) шаруаға жайлы екенін білдіреді. Кей жерлерде бес тоғыстан соң он күнде өтетін амалды отамалы ойылған қыс деп атайды. Есепшілердің айтуынша, отамалының: «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін», – дейтін серті бар. Отамалы қара жерге келсе, жайсыздау болып, боранды, жауын-шашынды күн көп болады. Сөйтіп, А.-дар дәстүрлі күнқайыру жүйесінің сан ғасырлық халықтық тәжірибенің тезінен өткен өзіндік принциптері мен нормалары (тәсілдері) бар ең мәнді элементтері болып табылады.

Әдеб.: Казбеков Ю. Цикловой год у киргиз // ТВ. 1875. №6; Диваев А. Месяца по киргизскому стилю с обозначением народных примет // ИОАИЭКУ. Т.ХІІІ. Вып.4. Казань, 1896; Куфтин Б.А. Кален- дарь и первобытная астрономия киргиз-казацкого народа // ЭО, 1916. №№3-4; Руденко С.И. Очерк быта северо-восточных казахов // Казаки. Сб. ст. Антропол. отряда Казахстанской экспедиции АН СССР. Иссл. 1927 г. Л., 1930; Абишев Х.А. Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов. Казгосиздат, А., 1949; Уәлиев Н. Ай аттары асылымыз Күн қайыру // АТ. Жылқы жылы, 1991, қаңтардың 31. №5; 21-ақпан №8; 7-наурыз, №10; Қой жылы 1992 мамырдың 30, №12; Сұлтаншәріп Н. Қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары // Ұлттар ынтымағы. Үрімжі, 1994. №4; Фиельструп Ф.А. Из обрядовой жизни киргизов начала ХХ века. Москва: Наука, 2002; Жүністегі К. Бұрынғы қазақтар ауа райын қалай болжаған // ЖА. №38. 2003. 29 наурыз; Тәукейұлы С. Ата таным. Улаанбаатар, 2006; Мәшһүр Жүсіп. Жыл мезгілдері туралы // Шығармалары. 11-том. Павлодар: ЭКО ҒӨФ, 2007; Әбутәліп О.М. Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-семантикалық бірліктері. Филол. ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. А., 2008; Хинаят Б. Амал – фенологический календарь у казахов (тезисы докладов) // Сборник тезисов VІІ конгресса этнографов и антропологов России. Оренбург, 2009; Соныкі. Қазақ дәстүрлі календары және этноастрологиясы мәселесінің зерттелу тарихынан // Қазақстанның Ғылым әлемі. 2010. №6.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға