«Алысқа бара алмайсың». Асхат Аймағамбетов білікті мамандардың жалақысы тым төмен екенін айтты
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елімізде білікті мамандардың жалақысы түйткілді мәселеге айналғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаты бейтаныс такси жүргізушісінің оқиғасын мысалға алды.
Жуырда таксиде келе жатып әдеттегідей жүргізушімен әңгімелесіп кеттік. Оның аты Сержан екен, өте ақкөңіл адам. Осының алдында инженер-гидролог болып жұмыс істеген екен. Ол үлкен мақтанышпен, терең біліммен өз мамандығы, су ресурстарын басқару туралы майын тамызып әңгімені бастап кетті. Менің сұрақ қоятынымды түсінді ме, тоқталып, кішігірім өкінішпен «енді түсінесіз ғой, менің отбасым бар, мойнымда несиелер бар дегендей, өз мамандығымды қаншалықты жақсы көрсем де, инженер-гидрологтың жалақысымен алысқа бара алмайсың» деп ақталуға тырысты. Бұл оқиға бір адамның ғана басынан өткен жағдай емес, бұл біздегі еңбек нарығындағы түйткілді мәселелердің көрінісі деп айтар едім. Менің ойымша, осында отырған әрбір депутат осы сияқты талай мысалды айтып бере алады. Неге осындай білікті мамандар өз мамандығы бойынша жұмыс істемей жүр? Еңбек нарығындағы дисбаланстың себебі неде? Неге мамандар жеткіліксіз? - деді мәжілісмен.
Депутаттың сөзінше, елімізде мамандар жетіспейді дегенімізбен, гранттарды игеру кезінде түрлі жайттар болып жатады.
Мысалы, гидромелиорация мамандығына бөлінген гранттарға бір де бір адам өтініш бермеген, яғни конкурс нөл адамды құрады. Көлік құрылыстары бойынша бөлінген 300 грантқа тек 29 адам қабылданды, яғни бір грантқа 0,1 адамнан келіп отыр. Бұл мысалдар кадр тапшылығы күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді. Проблема тек грант санында әлде оның дұрыс бөлінбеуінде ғана емес, тіпті оларды дайындайтын колледждер мен университеттердің болмауында немесе оқу сапасында емес екені барлығымызға анық деп ойлаймын, - деді Аймағамбетов.