Жаңалықтар

Ғалымжан Байдербес: 40 жылдан астам ғұмырымды қазақтың хас батыры Әлияны зерттеуге арнадым

29.12.2018 09:43 3028

Ғалымжан Байдербес - 40 жылдан астам саналы ғұмырын қазақтың хас батыры Әлияны зерттеуге арнаған Ақтөбенің белсенді ақсақалы. Оның мұрындық болуымен Әлияның туған өлкесінен ашылған Әлия патриоттық тәрбие беру клубы бүгінде өңірдің мақтанышына айналған нысандардың бірі. Қазақтың батыр қызының есімін мәңгілік етсем деген Ғалымжан Байдербес оны тану мен танытуда кездескен қиындықтары туралы ой бөліседі.

- Біз сізді Әлия есімінің туған жерінде мәңгілік болуына еңбек сіңіріп жүрген жан ретінде танимыз…

- Әлияны 43 жылдан бері зерттеп келемін. Оның қысқа ғана ғұмырында есімін мәңгі еткен ерлігінің тәнті қылғаны соншалық, Әлиятану ісімен мен ғана емес, менің өмірлік серігім, жұбайым да айналысып кетті. Біз күнделікті шәй үстінде шүйіркелесе қалғанда да әңгімеміз Әлияға қарай ауыса беретін. Әлиятану менің өмірлік ұстанымыма, саналы ғұмырымның ұзын сонар еңбегіне айналды.  

1970 жылы Атырау облысының Жылыой ауданынан Ақтөбе өңіріне қоныс аудардым. Әлияны тануға алғаш ұмтылуым да осы кезеңдерде басталған еді. Кейін ойлаймын, бұл сәйкестік емес, Әлияның туған жерінде есімінің ұрпақ жадында жаңғыруына мен де өзімнің қал-қадірімше үлес қосқан болармын деп. Мені бұл топыраққа тағдыр айдап әкелді.

Ақтөбеге келген соң, осы жерде мектеп-интернатта күзетші, тәрбиеші болып еңбек еттім. Кейін мұғалім болдым. Бір жылдың ішінде, еңбекқорлығымның арқасы болар, Қобда ауданына мектеп директоры болып тағайындалдым. Әлия осы Қобда ауданының тумасы екен, оны сонда барған соң білдім. Аудан орталығында 3 жылға жуық уақыт қызмет атқардым. Содан кейін мені Әлия Молдағұлова атындағы шағын колхозға партия комитетінің төрағасы етіп сайлады. Мұнда келгеннен кейін қарап отырмай, Сабыр Қаналиев екеуміз бұл батырдың есімін алған ауыл екен, оның шаруашылығын көтерейік деп бел шештік. Алайда, батыр қыздың ерлігі ойымнан шықпай қойды.

Сондықтан 1979 жылы Әлияның туған ауылынан бастап ол жүріп өткен сүрлеуді мен де жүріп өтпекші болып, Ресейге жолға шықтым. Москва, Ленинград, Новосокольники қалаларына, Монаково ауылына бірінші рет аяқ бастым. Әлияның көзі тірі майдангер қаруластарымен кездесіп, сұқбаттастым. Оның тіпті балалар үйіндегі достарымен де кездесудің сәті түсті. Олар Әлияны "Кішкентай болғанымен, сондай ойлы, сөзін салмақтап айтатын, балалардың алдында беделді болды" деп суреттеді.

Новосокольники қаласының маңында Монаково деген биіктік бар. Әлия сол жерде қаза болған екен. Кеңес үкіметінің кезінде батыр тек қана шайқас үстінде қаза табады деген саясат болды. Ал шынтуайтына келгенде, Әлия майдан даласында жараланғанымен, тірі қалған. Оның Полякова деген қаруласы өзінің күйеуімен бірге Әлияны плащ-палаткаға салып, стационарға сүйрелеп жеткізеді. Алайда, стационарға бомба түсіп, оның ішіндегі жеті адам сол арада көз жұмыпты. Ішінде біздің Әлиямыз да бар. Әлияны Поляков өз үйінің ауласына, алма ағашының түбіне жерлепті. 1965 жылы Монаковода латыштарды қайта жерлеген кезде Әлияны да бауырластар қабіріне солармен бірге салыпты.

- Әлия кеңес саясаты ойлап шығарған аңыз адам деген әңгіме шығып, көңілге қаяу түсіргені де рас еді…

- 2013 жылы Ресейдің "След пантеры" іздеушілер отряды Әлияның мүрдесі жоқ, ол болмаған адам, соғыстағы батыр қыздың символы ретінде ойдан шығарылған аңыз деген әңгіме шығарды. 70 жыл бойы біз қыздарымызды Әлия мен Мәншүк арқылы тәрбиелеп келдік. Ал қазір өз-өзімізге келген уақытта, Әлия өмірде болмаған деу, тарихқа жағылған күйе, Әлияның әруағының алдында безбүйректік. Әлия өз халқының бір бөлшегі, өзі сенген саясат үшін құрбан болған жас ғұмыр. Бұл қазақтардың ғана емес, Әлияның ерлігін қастерлеген ресейліктердің де ашуын тудырды. Содан маған Ресейден хабар келді. "Әлияның сүйегін таптық, қайта жерлейін деп жатырмыз" деген.

Менің білуімше, кезінде қазақтың асыл азаматы Дінмұхамед Қонаев комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған Камал Смайыловты Ресейге Әлияның дерегін іздеуге арнайы аттандырады. К.Смайылов Қорғаныс министрлігінен рұқсат алып, мұрағат құжаттарынан Әлияның 1965 жылы Монаково биіктігінде латыштармен бірге қайта жерленгенін растайды. Монаковода болған кезімде, мен Әлияны жерлеуге қатысқан ақсақалмен кездестім. Сол кезде ол Әлия туралы "дене тұрқы кішкентай, шашы қара, денесінің жартысы күйіп қалған" деп айтты. Оның денесінің бомба түскеннің салдарынан күйгені анық.

Маған хабар берген іздеушілер отряды Әлияны Ресейдің Ивачиха деген жерінен таптық дейді. Бұл жәйттің арты насырға шабатынын түсінген мен сол кездегі облыс басшысына кіріп, Әлия деп отырған мүрдені өз көзіммен көріп қайтуға бел будым. Барсам, маған адамның бас сүйегін ұсынады. Оған сараптама берген маман бас сүйектің жасы 20-25 шамасындағы азиат нәсілді адамға тиесілі екенін айтты. Бірақ мен оның сөзіне илана қоймадым, сондықтан, оның екі тісін ауылға өзіммен бірге алып келдім. Келген соң, Алматыға зертханаға жібердік. Сөйтсек, ол тіс ер адамдікі болып шықты. Мен бұл туралы кейін облыстық газетке "Сенсации не состоялось" деп жаздым. Осылайша, Әлияны бір өтіріктен құтқарып қалдық.

Әлияны ресейліктер аса құрметтейді. Оны жатырқамайды, өз қыздарындай көреді. Әлияның сүйегін алып, қайта жерлейміз деген белсенділер де болды. Сол уақытта Новосокольники қаласының әкімшілік басшысы "Әлияны ешкімге бермейміз, ол біздің қызымыз" деп кесіп айтқанын білемін. Олар Әлияны өзіміздің қызымыз деп есептейді. Мұнда да шындық бар. Әлия Қазақстанда туылғанымен, Ресейде тәрбиеленді, сол жақта пансионатта болды.

- Әлия патриоттық орталығының жұмысына мұрындық болдыңыз, оны ашуға не себеп болды?  

- 1979 жылы Әлия жолымен жүрдім деп айттым. Бұл уақытта мен батыр қыз туралы біраз құнды жәдігерлерді жинастырып, материалдардың басын қосып үлгерген едім. Сол уақытта Министрлік 520-ға жуық жәдігер жинай алсаңыздар, өз алдына музей қылып ашамыз деген тапсырма берді. Мұны естіген бізде тыным болмады, күндіз-түні жүгіріп, музей ашу үшін жанұшырдық.  Музей алғашқы уақытта бір бөлмелі болып ашылды. Алайда, материалдар қоры жинақтала келе, оны үлкен ғимаратқа көшіру керек болды. Кейін мәдениет үйіне орналастырды. Алайда, ол да 90-жылдары жабылып қалды. Сонымен, музей далада қалғандай болды. Ол аздай, 1997 жылы Әлия музейіне ешкім келмейді деген желеумен облыстық бюджет оны қаржыландырудан бас тартты. Осылайша, жабылудың аз-ақ алдында қалған музейді құтқарып қалу үшін, оны  сенімгерлікпен басқаруға алып, бес жыл жұмыс жасадым. Тек 2002 жылы ғана облыстық әкімдік музейді мемлекет қамқорлығына алу туралы ұсыныс білдірді.   Бүгінде музей тәрбиелік мәні жоғары патриоттық орталыққа айналды. 1984 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дінмұхамд Қонаев мұнда арнайы келіп, жұмысымен танысып кеткен болатын. Бүгін де бұл орталықтан қонақ үзілмейді. Облысқа келген меймандардың барлығы дерлік, Әлия патриоттық орталығына келіп, батыр қыздың туған ауылына, тарихына тағзым етеді. Мұндай орталық Қазақстанда екі жерде ғана бар. Біреуі – Алматыда, екіншісі осы біздің Әлия патриоттық орталығы. Жуырда ғана ресейліктер Әлия туралы фильм түсіреміз деп патриоттық орталыққа арнайы келді. Олар Әлияның кіндігі кесіліп, кірі жуылған жердің тарихына қызығушылық танытты. Фильм, бәлкім, осы жылы түсіріліп болып та қалар деп ойлаймын.

- Әлияның туған туыстарынан бүгінде Ақтөбе өңірінде тұрып жатқандар бар ма?

- Әлияның нағашысы Әубәкір Молдағұлов деген қазақтан шыққан алғашқы теміржолшылардың бірі. Соның балалары бар. Әлияның әкесі Нұрмұхамед әйелі Маржан өлгеннен кейін Ақсұлу деген екінші әйел алады. Содан туған  батырдың екі бауыры бар, олар да Ақтөбеде тұрады. Әлия анасы көз жұмғаннан кейін нағашысы Әубәкірдің қолында болған. Әлияның шын тегі Сарқұлова Ылия.

Әубәкір 1935 жылы Москваға оқуға кетеді. Сол уақытта Әлияны отбасымен бірге алып кету үшін оны өз атына жаздырып алады. Кейін 1939 жылы Ленинградқа оқуға барады. Оның Сапар деген баласы Ленинградта дүниеге келген. Сапар естеліктерінде өзін перзентханадан Әлияның көтеріп шыққанын айтады. Соғыс басталған уақытта Әубәкір отбасымен Ташкентке жұмыс барысымен ауыстырылады. Ал өжет мінезді Әлия бұл жолы нағашысына ермей, елін қорғау үшін ленинградтықтармен бірге болу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, ол өзі сұранып майдан даласына аттанады.  

79 жылдан кейін бір шындық анықталды. Әлияның шешесі Маржанды Ақтөбенің Қурайлы деген жерінде қартоптың қабығын теріп жүрген жерінен атып тастаған. Бұл ашаршылық уақыты болатын. Ол біраз уақытқа дейін жасырынып келді. Туған апасының өліміне қатысты тіпті Әубәкір де жақ ашпады. Бұл сол уақыттағы саясаттың салқыны. Кеңес Одағының батырының анасын солақайшыл орыс атып тастапты деген әңгімені жария етуге болмайтын еді. Анасы Әлия дүниеге келген Бұлақты деген ауылдан 5 шақырым Көкмешіт деген жерде жерленген. Кейін біз сол жерге ас беріп, анасының бейітіне тас қойдық.

- «Қос шынар» қоғамдық ұйымы туралы айтып беріңізші.

- Әлия туралы көп жазылды, ал Мәншүк туралы дерек аз. Ол Әлиядан бір жыл бұрын батыр болған. Байқап қарасам, олардың арасында тағдыр ұқсастығы көп екен. Мәселен, екеуі де жастай жетім қалған. Бірі нағашысының, бірі ағасының қолында өскен. Екеуі де соғысқа сұранып барған. Екеуі де орыстың жерінде жатыр. Қос батыр қыз бір-бірінің ерлігін асырып, толықтырып тұрған сыңайлы.  Сондықтан, 2000 жылы «Қос шынар» деген ұйым құрдым. Сол сәттен бастап екеуін бірдей айтып келемін. Әлия ауылынан Мәншүк ауылына дейін экскурсиямен бардық.

Әлия – мәңгілік есім. Ол өзінің ерлігі арқылы туған жеріне деген сүйіспеншіліктің биік өлшемін көрсетті. 19 жасында қыршын кеткен ол өз ұлтының рухы болып тарихта қалды. 40 жылдың ішінде түсінгенім, соғыстың бір сәттегі ғаламат ерлігі тарих жадында мәңгі қалды. Бір тұтам тіршілігі ғасырға айналды. Әлияның ерлігін паш етпейтін адам жоқ. Ол батырлықтың синониміне, символына айналды. Мен Әлия туралы дерек іздеп, Мәскеуге бірнеше жыл қатынап барып жүрдім, сонда көз жеткізгенім, тек біз ғана емес, Әлияны ресейліктер де мақтан тұтады, ерлігін ерекше деп біледі. Мәскеуде Әлия Молдағұлова атында даңғыл, мектеп, музей, ескерткіші бар.

Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға