ҒАЛЫМБАЕВА Айша Ғарифқызы
ҒАЛЫМБАЕВА Айша Ғарифқызы (29.12.1917 ж.т., Алматы обл. Еңбекшіқазақ ауд. Есік а.) — кескіндемеші, киносуретші, Қазақстанның халық суретшісі (1967; 1961 жылдан Қазақстанның еңб. сің. өнер қайраткері), қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш кәсіпқой суретші. 1943 ж. Алматы көркемсурет уч-щесін (қазіргі Көркемсурет академиясы), 1949 ж. Мәскеудегі Бүкілодақтық мемл. кинематография ин-тының (ВГИК) сән және көркемсурет бөлімін бітірген. Шығарм. қызметін “Махаббат туралы аңыз” (1954), “Шабандоз қыз” (1955) және “Бұл Шұғылада болған еді” (1955) фильмдеріне эскиз жасаудан бастады. Алғашқы кескіндемелік туындылары: “Тоқымашылар” (1951), “Г.Разиеваның портреті” (1952), “Автопортрет” (1956), “Халық таланттары” (1957), “Халық ісмері Б.Бәсенованың портреті” (1958), “Дастархан” (1959). 20 ғ-дың 60-жылдары “Абай әні” кинофильмі желісіне арналған кескіндемелік шығармалар топтамасын (“Билер соты”, “Үйлену тойы”, “Той”, “Айтыс”, “Кездесу”, т.б.) салды. Сондай-ақ, әр алуан жанрларда жемісті еңбек етті. 60 — 70-жылдар ұ. шығармашылығының кемелденген кезеңі болды. Бұл уақытта суретші “Аяққалқан”, “Жайлау соқпағы”, “Көне көзе”, “Қобыз”, “Сары алма”, “Қызыл апорт” т.б. пейзаждар мен натюрморттар және қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына енген “Батыр ана” (1966), “Қазақстан әндері” (1962), “Ежелгі керамика” (1966), “Қостанай. Алтын дән пирамидалары” (1971), “Бейбітшілік” триптихы (1975), “Жердің сыйы” (1978), “Береке” (1980), т.б. шығармаларын жазды. Сәндік-монументтік сарындағы композицияларды салуда ұ-ның жаңа көркемдік ізденістерін төмендегі шығармаларынан айқын байқалды: “Біз заманымызды мақтан етеміз” (1965), “Бір кесе қымыз” (1967; Қазақстанның Мемл. сыйл., 1972); ұ. отандық көркемсурет өнерінде портрет жанрының шебері ретінде де белгілі. Оның “Ұлымның портреті” (1964), “Жазушы ұ.Мұстафиннің портреті” (1965), “К.Байсейітованың портреті” (1974), “Өнер зерттеуші Г.Сарықұлованың портреті” (1975), “Актриса С.Майқанованың Ш.Уәлиханов анасының рөліндегі портреті” (1976), “Актриса Х.Бөкееваның “Абай” спектакліндегі Әйгерім рөліндегі портреті” (1976), “Оралдық келін” (1978), т.б. шығармалары отандық суретшілердің осы жанрдағы үздік туындылары қатарынан орын алады. Суретші шығармаларына тән нәзік лиризм оның 20 ғ-дың 90-жылдарындағы “Қызыл раушан гүлдері”, “Шұғынық гүлдер”, “Жемістер мен гүлдер” туындыларында айқын байқалады. ұ. — “Қазақтың ұлттық киімдері” (1958, 1976) альбомының авторы. Ол Алматы көркемсурет уч-щесінде және ҚазПИ-де (қазіргі Алматы мемл. ун-ті) дәріс оқыды. Еңбек Қызыл Ту және “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдермен марапатталған.
Шығ.: Выставка произведений к 50-летию со дня рождения, Каталог, А., 1967; Қазақтың ұлттық киімдері, А., 1976.
Әдеб.: Вандровская Е.Б., Сарыкулова Г.А., Женщины-художницы Казахстана, А., 1954; Рыбакова И.А., Айша Галымбаева, М., 1970. Қазақ Энциклопедиясы
Ә. Ғалымжанова