Алтынсарин институты ұлттық сананы оятуға арналған жобаны қолға алды
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында ұлттық сананы оятуға және ұлттық ерекшеліктерді жаңғыртуға бағытталған жаңа жоба басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Енді жаңа дәстүр бойынша әр аптаның сәрсенбісінде институт ұжымы мен студенттері қазақи нақыштағы киім үлгісімен жүретін болады.
Негізгі мақсаты – тарихи мұраны және ұлттық дәстүрлер рухында ұрпақтар сабақтастығын сақтау.
Мұндай идеяны декан Қалиев Айбек Киікбайұлы жетекшілік ететін «Педагогика және филология» факультетінің ұжымы және студенттері ұсынды. Деканның айтуынша, олардың басты міндеті – қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен бай мұрасын жаңғырту.
Ұлттық киімдер – бұл халқымыздың дәстүрлері мен тарихи ерекшеліктерінің көрінісі. «Сәтті сәрсенбі» жобасы арқылы біз өз мәдениетіміз бен менталитетімізді құрметтеудің қаншалықты маңызды екенін үлгі етіп көрсеткіміз келеді, – деп атап өтті Айбек Қалиев.
Жобаны іске асыру студент жастар арасында дәстүрлі ұлттық мәдениет туралы білімді кеңейтуге ықпал ететін болады. Айта кетейік, бұл үрдіс қазақша киініп қоюмен ғана шектелмей, дәрістер арасындағы үзілісте «Ұлттық дәстүр» бойынша оқыту мен танымдық мастер-класстары бар қарқынды танымдық бағдарламамен жалғасады.
Студенттердің назарына дұрыс сәлемдесуден бастап дала фольклорының элементтері, оның ішінде шешендік өнер мен дәстүр ерекшеліктері туралы тың ақпараттар легі ұсынылатын болады. Ең әсерлі тұсы, Altynsarin Institute-да оқитын өзге ұлт студенттері де бұл дәстүрден тысқары қалмақ емес. Олар да өз кезегінде қазақша камзол киіп, белсенділік танытуда.
Айта кетейік, қазақ ұлттық киімін кию туралы пікірді ел Президенті Қ.Тоқаев та білдірген еді: «Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде ғана емес, жиі киіп жүрсе керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз».
Altynsarin Institute мереке күндері ғана емес, жұмыс күндері де ұлттық костюммен жүруге шақырады. ЖОО басшылығының айтуынша, рухани даму, мәдени мұраны және өзінің ұлттық кодын сақтау мәселелері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты жұмысының басым бөлігі болып қала береді.
Туған өлкенің бірегей тарихи танылуын қалыптастыру, ұлттық мәдениетті насихаттауды өз жұмысының негізі ретінде институт ұжымы жаңа буын ұстаздарын дайындауға күш салуда.