Жаңалықтар

«Алтынемел» ұлттық паркіне 7000-ға жуық турист келді

«Алтынемел» ұлттық паркіне 7000-ға жуық турист келді
Фото: © Wikipedia 18.07.2023 13:05 1748

Шалқыған көлі, асқақ тауы, ну орманы, шалқар даласы мен салқар құмы араласқан Жетісу өңірінің табиғаты адамды баурап алады. Әйтсе де иегіміздің астында тұрған «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркін көру бір арман. Расында барған да арманда, бармаған да арманда. Тауы тылсым, құмы әнші, тарихтан сыр шерткен көне мекеннің аты бүгінде алысқа кеткен.

Ұлттық саябаққа – ұлттық қорықтар үшін сақталған жерлер, теңіз саябағы, жергілікті саябақтар, тарихи жерлер, биосфера қорығы, әлемдік мұра тізіміне енген жерлер жатады. Қазақстанда көздің жауын алар табиғаты тамаша жерлер өте көп. Сондай керемет жерлердің бірі – еліміздің ең ірі «Алтынемел» ұлттық саябағы. Иә, «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің даңқы тұмса табиғатымен ерекше. Жалпы, ұлттық қорықта 149 штат бар. Оның 79-ы мемлекеттік инспектор, 46-сы далада жүрген жан-жануар, өсімдік әлемін қорғауды міндетіне алған инспектор, қалғаны қосымша есепшоттағылар деп аталады. Оған жүргізуші, механизатор, слесарь, күтіп-баптаушылар сынды аса қажетті мамандар жатады. Парктің аумағында 307 мың гектар жер бар. Соның 27 мың 907 гектары орманмен көмкерілген. Су жағасында орналасқан қамысты аймақта тораңғы, жыңғыл, сексеуіл, жиде, жылантал секілді ағаштар мен бұталар өседі. Таулы аймақта тобылғы молынан кездеседі. Орманмен көмкерілген аймақта жалғыз ағаш қана емес өсімдіктің сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген, жоғалып кету қаупі төнген барлық түрі бар. Солардың ішінде тораңғыны ерекше атауға болады. Қызыл кітапқа енген бірден-бір ағаш.

Ұлттық парктің аумағы Орта Азия бойынша құлан мен қарақұйрық мекен ететін аймақ болып есептеледі. Қарақұйрықтың саны 5 мыңнан, құланның басы 3,5 мыңнан асады. Былтырдан бері «Іле – Балқаш» резерватына бізден 60 бас құлан жіберілді. Оның алдында «Алтын дала» резерватына да 30 құлан жерсіндіру үшін әкетілді. Одан бөлек, паркті қар барысының мекендей бастағанына 2 жыл болды. Қазір қорықта шамамен 10 бас барыс бар. Парк аумағында 180-ге жуық арқар мекен етеді. Сондай-ақ, тауешкі, елік, жабайы қабан сияқты аң-құстың сан түрі мекендейді. Мысалы, бүркіт, ителгі, қаршыға, құмай, тазқара, қоқиқаз, бірқазан, сарыалақаз, үйрек, қаз, қырғауыл, кекілік, бұлдырық, дуадақ сынды құстар ұлттық парктің аумағын паналайды. Солардың арасында дуадақ пен қаршыға Қызыл кітапқа енген.

Мұнда туристер де жыл санап артып келеді. Айғайқұм, Бесшатыр, Таңбалы тас, Ақтау, Қатутау бағытындағы маршрутпен жылына 10-20 мың турист өтеді. Бұл санды нақты дерекпен айтып отырмын. 2019 жылы тура 20 мың турист келді. Кейінгі пандемия, асудың жолындағы құрылыстың салдарымен кейінгі жылдары келушілердің саны азайып тұр. 2022 жылы 13 мың адам келсе, биыл жыл басынан бері 6700 турист ұлттық паркті аралап шықты.

Алыс-жақыннан келетін шетелдіктер ұлттық парктің Айғайқұм, Ақтау бағытына қатты қызығушылық танытады. Соңғы 2 жылда Ресей, Беларус, Украина мемлекеттері мен Еуропа елдерінен келушілердың саны артты. Одан бөлек, үндістер, тайландтықтар, кәрістер, қытайлар көптеп келетін болды. Әлемнің әр құрлығынан келушілерді табиғаттың құбылысы тәнті етеді. Әсіресе, Айғайқұмның ерекше қасиеті бас шайқатады. Мұндай құм әлемде кемде-кем. Биіктігі 150 метр, ұзындығы 3 километр болатын құмның бір ерекшелігі – қанша жел соқса да ешқайда көшпейтіндігінде. Желдің ықпалымен биік жалы ғана өзгереді. Айналасындағы 240 гектар жерден жайылмайды, басқа жаққа көшпейді.

Айғайқұм туралы аңыз көп. Оның бірі – Шыңғыс ханның бұйрығымен үйілген десе, екіншісі – жердің айдары деген нұсқаны айтады. Таза физикалық тұрғыдан зерттегенде ешкім нақты дерек келтіре алмады. Әркім әрқалай айтады. Құмның үйкелісінен шығатын дауыстың өзін сан-саққа жүгіртіп, түрлі аңыздың өзегіне айналдырады. Қалай болғанда да сол аңыздар ел ішінен таралып, Айғайқұмның даңқы асырып жатыр.

Ұлттық табиғи парк бас директорының орынбасары Ғалым Ахметбеков:

Ұлттық қорықтың негізгі мақсаты туризм емес. Туризм жанама қызметі саналады. Сондықтан оны дамытуға кезең-кезеңге қарай шектеу қойылады. Аң мен құстың қашуы, төлдеуі кезінде туристерге шектеу салынады. Ұлттық қорықтың негізгі мақсаты – аң мен құсты, өсімдіктер мен жан-жануарларды, флора мен фаунаны сақтап, келешек ұрпаққа бүтін күйінде жеткізу. Әрине, әр нәрсенің зияны мен пайдасы бар. Рекреациялық жүктемесі есептеліп, бір маршрут күніне қанша адамды көтере алатындығы саналады. Жолы, құмы, акустикалық соққысы, көтерілетін шаңы сарапқа салынып, арнайы мониторинг жасалады. Парктің ғылыми және туризм бөлімі мұқият қадағалау жүргізеді. Егер келушілердің үлес салмағы артып кетсе, шектеу қояды. Мысалы, Таңбалы тасқа күніне 2,5 мың адам жіберуге мүмкіндік бар, – дейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға