Жаңалықтар

Алтындау

Алтындау – зергерлік өнердегі тәсілдің атауы. Алтындаудың бірнеше түрлері бар: алтын жалату, аптау, алтынмен әшекейлеу, алтын ерітіндісіне батырып алу немесе заттың бетін түгелдей алтынмен көмкеру деген сияқты.
26.08.2014 11:40 7050

Алтындау

Алтындау  – зергерлік өнердегі тәсілдің атауы. Алтындаудың бірнеше түрлері бар: алтын жалату, аптау, алтынмен әшекейлеу, алтын ерітіндісіне батырып алу немесе заттың бетін түгелдей алтынмен көмкеру деген сияқты. Сондай-ақ, алтыннан сызық жүргізу; алтын бояуын жарыстыра салуды алтын жүргізу деп атайды. Алайда, заттың сап-сары боп жылтырап, әрі таттанбай тұруы үшін оған жұқалап алтын ерітіндісін (суын) жалату, яғни алтынмен бояу ұзаққа шыдамайды. Ол туралы халық арасында «Жалатқан алтын көшер, қара шойын қалар» деп келетін мақал қалыптасты. Алтынды отта балқытып, сұйық күйге келтірген соң ерітіндіге затты малып алғанда, бұйым алтын жалатылған, апталған болып шығады. Алтынды қоспасынан айыру үшін де ерітеді. А. – халық зергерлері арасында өте шеберлікті қажет ететін тәсіл. Осыған орай, халық арасында алтынды еріте білмеген күл етеді, жібекті түте білмеген жүн етеді; алтынды еріте білмеген ірітер, теріні илей білмеген шірітер; алтынды еріткенмен жез болмайды, жібекті жуғанмен бөз болмайды деген нақыл сөздер қалыптасқан.

Әдеб.: Бес ғасыр жырлайды. ХІV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезеңіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Екі томдық. 1-том. Алматы: Жазушы, 1989; Махамбет. Ереулі атқа ер салмай. Алматы: Ғылым, 1974; Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. Алматы: Ғылым, 1991; Шойбеков Р.Н. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. Алматы: Қазақстан, 1993; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.

Алтынмен аптап, күміспен күптеу – зергерлiк тәсілінің атауы. Атаудың түптөркіні парсы тілінде «аб» су деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан деп пайымдайды зерттеушілер. Зергерліктегі бұл техниканың құпиясы «алтынды сынапқа сындыр» деген сөз орамында сақталған: металдардың ішінде сұйық металл сынапқа алтынды сіңіріп, сынық алтын, су алтын деп аталатын (ғылыми атауы амальгама) қоспа алып, оны күміс немесе мыс бұйымның бетіне жағады. Оны көмірдің қозына қыздырғанда, сынап буға айналып, алтын металдың бетіне қалады. «Алтынның буына ұсталған бұйым» деген сөз осы аптау тәсілін білдіреді. Металға алтын жалатуды қазақ зергерлері қысқартып аптау дейді.

Алтынмен аптағанда сынаптың буының улы болуына байланысты өте абайлап жасайды. Кейде аптауда бұйымның бетін түгел аптамай, белгілі жерлеріне ғана жұқалап алтын жалатады және ол үшін бұйымның апталмайтын жеріне «шіркеу» деп аталатын қоспа жағады. Шіркеу дегеніміз 1 өлшем қарағай шайыры, 2 өлшем балауыз, 3 өлшем өсімдік майын қосып қайнатылған қоспа. Шіркеу жағылатын жерге алтын жұқпайды, «бетке шіркеу түсірме», «бетке шіркеу салма» деген сөз тіркесі осыдан шыққан. Ол ар-ұятыңа кір келтірме, абыройыңды сақта деген мағынада айтылады. Апталған бұйымның бетін түртпемен, безеуішпен, нақыш салғыштармен өрнектеп безендіреді.

Әдеб.: Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі. Алматы: Ғылым, 1991; Жәнiбеков Ө. Жолайрықта. Алматы: Рауан, 1995; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.

Зерлі жіп (алтындатылған жіп) – дәстүрлі ортада құнды металл жіп талшықтарымен араластырып жасаған жіп түрінің атауы. Бұл тәсіл шығыс елдерінде мәдени алмасу, технология түрлерін шеттен алып пайдалану арқылы көптеген елдерге ортақ игілікке айналды.Алтындатылған жіп жасау үшін ең алдымен алтынды мейлінше жұқартып, таптап алған соң құстың қауырсынын бір-біріне үйкеп, өңдегеннен кейін (электростатикалық құбылысқа негізделген) алтын пластинканы іліп алады да, оны алмас жүзді өткір кездікпен жіңішке етіп ұзыннан тіледі. Осылайша тілініп дайын болған жұқа алтын пластинка тізбегін жібек жіп талшықтарымен біріктіріп иіріп, алтындатылған жіп жасайды.

ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға