Алтын
Алтын – дәстүрлі мәдениетте сан алуан мәнге ие, құны жоғары, сары түсті асыл металдардың бірі. Алтын өңдеуге қолайлы әрі сыртқы ортаның әсеріне аса төзімді болғандықтан сәндік заттар жасайды және онымен басқа металдардың бетін жалатады. Ертеде өңдеуді кәсіп еткен зергерді алтыншы, күмісші, алтын ұстасы, күміс ұстасы деп атаған.
Қазақта алтынның сапасы мен көлеміне және өндіру технологиясына қарай, бірнеше түрі бар: таза, қоспасы жоқ алтынды айырған алтын және қарқ алтын атайды. Қарқ сөзі ертеде өңкей бір, қоспасыз деген ұғымды білдірген. Сап алтын (саф алтын), сары алтын таза алтын деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге зергерлер тілінде ши алтын, шым алтын, шымқай алтын, шын алтын, шора алтын, ұрғашы алтын т.б. атаулар оның сапасы жоғары екендігін аңғартады. Керісінше, қызыл алтын мыс қосылған сапасы төмен алтын дегенді білдіреді. Қазақтар арасында алтынның топ-тобымен жер қыртысының бетінде көшіп жүретін сұйықтау келген сом алтын түрі болады және оны көшпелі алтын деп атайды деген аңыз ұшырасады. Ондай алтын жердің бетін ыра ойқастап құмда жүрген жылан тәрізді болып, жер қыртысын «талқандай» жосып жүреді деседі ауызша деректерде. Көшпелі алтынды көрген адам сол сәтте өз денесінен (бармағынан) немесе малды бауыздап қан шығарса, көшіп бара жатқан алтын тоқтап қалады-мыс.
Алтын тазартылып, өңделіп дайындалған соң әр түрлі құйма түріне енгізіледі және олардың атауы түрліше болып келеді: үлкендеуін алтын жамбы немесе сом алтын (құйма алтын деп те атаған) десе; жылқының тұяғымен барабар алтын құйманы аттұяқ, онан кішілеуін тай тұяғының үлкендігіндей мөлшерде құйылған тайтұяқ алтын; қой тұяғы көлемінде құйылған кесегі алтын қой тұяқ алтын делінеді. алтын құйманың ұсақ түрлерінің де атаулары бар: түйменің үлкендігіндей алтын кесегі түйме алтын; қойдың басына ұқсатып құйылған алтын ақша қой бас ділда және т.б.
Ауыз әдебиет үлгілерінде ат басындай алтын деген жиі тіркес кездеседі және оны халықтық өлшем ретінде түсіндіріледі. Мәні – көлемді, үлкен алтын дегенді білдіреді. Ал аттың бас терісінен бітеу сойылып, талыс тәрізді етіп жасалған ыдысқа алтын бұйымдарды салып өлшейтін жуық өлшем ретінде алынады.
Қоспасынан ажыратылмаған, сапасы төмен алтын зергерлер тілінде еркек алтын деп аталады. Бір замандарда алтын ұғымы орнына зер сөзі қолданылған.
Қазақта алтынға байланысты «адамды сөз бұзар, алтынды жез бұзар»;
«ақыл айнымас, алтын шірімес»; «алтын алма, ақыл ал»; «алтын – базарында бағалы»; «алтын жерде жатпайды, жаман ұста суын таппайды»; «алтын көрсе, періште жолдан таяр»; «алтынның қолда барда қадірі жоқ»; «алтын отта сыналар, адам жоқта сыналар»; «алтын тас, дақыл ас»; «алтын шыққан жерді белден қаз»; «алтын шыққан жерінде қадірлі», - деген сияқты сөз орамдары мен паремалар қалыптасты. Бұлар алтынның дәстүрлі ортадағы этномәдени мән-маңызы, байлық пен молшылық өлшемінің көшпелі ортадағы моральдық-этикалық нормаларда алатын орны туралы ақпарат береді. Алтынды жұмырлап, қалыптан өткізіп алған талшығын кестелеп тоқу өнеріне пайдаланады (қ. Алтындалған жіп). Алтынды зергерлікте түрлі тәсілдермен – ширату, сіркелеу, қалыптау, жалату, сымкәптау, аптау сияқты алуан түрлі тәсілдермен ұқсатып пайдаланған (толығырақ қ. Зергер). Сонымен бірге, алтын ұғымы эстетикалық және этикалық мәнде де қолданылды. Алтындай деп, бір жағынан, қыздың қас сұлулығын әспеттесе, екінші жағынан, адамның тектілігін айтады. Мысалы, халық арасында жақсы адамның ұрпағын «алтынның сынығы», яғни жақсының көзі деп жатады деген сияқты.
Дәстүрлі наным-сенім бойынша судан өткен кезде алтын бұйым салынған сандық, жүктерге өте абай болуы қажет. Сондықтан, алтын бұйымды киізге орап сандыққа салады. Өйткені, алтын үнемі бостандыққа ұмтылады-мыс.
Әдеб.: Қазақ ертегілері. 1-том. Алматы, 1957; Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья мен неке (тарихи-этнографиялық шолу). Алма-Ата: Ғылым, 1973; Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. Алматы: Қазақстан, 1993; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. Алматы: Алматыкітап, 2007; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»