Жаңалықтар

"Алтын дала" табиғатты қорғау бастамасы БҰҰ марапатына ие болды

Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті
"Алтын дала" табиғатты қорғау бастамасы БҰҰ марапатына ие болды
Фото: gov.kz 14.12.2022 21:14 1409

Біріккен Ұлттар Ұйымы табиғатты қалпына келтірудегі рөлі үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 10 инновациялық бастаманы марапаттады. Оның бірі "Алтын дала" табиғатты қорғау бастамасы. Аталмыш бастамалар Дүниежүзілік қалпына келтірудің флагманы болып жарияланды және БҰҰ-нан қолдау, кеңес немесе қаржыландыру алуға құқылы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Алтын дала табиғатты қорғау бастамасы- ұлттық және халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының кең ауқымды серіктестік бағдарламасы. Оны 2008 жылдан бастап Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен, Франкфурт зоологиялық қоғамымен, Ұлыбританияның құстарды қорғау Корольдік қоғамымен бірлесіп осы бастаманы іске асыруда.

Оның мақсаты-бірегей дала, шөлейт және шөлді экожүйелерді сақтау және зерттеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тиімді желісін құру, экожүйелердің экологиялық байланысын қамтамасыз ету, типтік түрлер қауымдастығын қалпына келтіру, ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүрзізу.

Бастама аясында тіршілік ету ортасының жойылуына орай, сонымен қатар аңшылық салдарынан жойылып кету қаупі төнген киіктердің тіршілік ету аумағын – дала, шөл, шөлейт жерлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде 2006 жылы киік саны 50 мың бас болса, 2022 жылы 1,3 миллионнан асты. Далалы аймақты жандандыру мен қорғаудан басқа, аталмыш бағдарлама аясында 10 миллионнан астам қоныс аударатын құстар үшін маңызды болып саналатын сулы-батпақты аймақты сақтап қалу іске асырылды. Сонымен қатар, құландарды Орталық Қазақстанға реинтродукциялау бағдарламасы басталып, 11 жануар тасымалданды. Сондай-ақ, "Алтын Дала" резерватының аумағында жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығы құрылды.

Естеріңізге сала кетейік, 7 желтоқсанда Монреальда БҰҰ-ның биологиялық әртүрлілік туралы Конвенциясы тараптарының 15-ші конференциясы басталды, оған 150-ден астам елдің делегаттары қатысуда. Мақсат - 2030 жылға белгіленген жаңа негіздемелік құрылым туралы келісімге келу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға