Жаңалықтар

Алтай өңірін мекен еткен тарихи тұлғалар (I бөлім)

«Өшпес есімдер» еңбегі нені баяндайды?
Алтай өңірін мекен еткен тарихи тұлғалар (I бөлім)
Фото: © El.kz 22.06.2021 14:49 8694

 

Ерлік пен қаһармандық қасиеттерін танытқан тұлғаларды тарихи тұрғыдан қарап, олардың өмірбаяны мен еңбегің терең зерттеп, бүгінгі ұрпақтарға жеткізу – әрбір азаматтың игі борышы. Тарихи адамдардың есімі көптеген кітаптарда аталып жүргенімен, олардың жеке өмірі, өсу жолы жөнінде мағлұматтар жеткіліксіз. El.kz порталы жазушы, этнограф Байахмет Жұмабайұлының еңбектеріне сүйене отырып, бұл тарихи тұлғалардың жалпы өмірі жайлы кеңірек тоқтала кетуді жөн санады.

Алтайдың асқар тауы

Әрбір дәуірдің өз ортасына ізгілікті еңбегімен танылып, ертеңгі ұрпағына асқан парасатын әйгілейтін ұлы есімдер мыңнан бір кездеседі. Соның бірі – ел бастаған көсем, дауды шешкен шешен, халқының экономика, оқу-ағарту, мәдениетін көтеруге тер төккен ұлы ұлағаттың иесі 1820-1904 жылдары өмір сүрген Жуанған (Жотағажы) Мәйтіұлы еді.

 

Мынау сахарадағы көшпенді тірлікте сол ортаның тіршілік тынысын жақсартып, қаш-қаш, үркін-қорқын заманда соңынан ерген халыққа көшбасшылығымен қайырлы да қадірлі болып, олар үшін терін төге жұмыс істеу тек мықтылардың ғана қолынан келетін жұмыс еді. Сондықтан «Әке көрген оқ жонар» дегендей, елге билік жүргізіп, биіктен көрінген заңғар әке тағылымымен сусындап өскен Жуанған зерек те сұңғылалығымен ғана емес, мейірімді, іскерлігімен де жастайынан көзге түсті. Ол бір кездері «он үшінде отау иесі» танылатын дәуір болғандықтан, сол он үш жасында-ақ ел ішіндегі дау-дамайларғам араласып, адал кесім, асқан ойлығымен де төңірегін тамсантқан екен. Мынау сахарадағы жүз беріп отыратын қым-қуыт істі танып-біліп, дауды тауып сөйлейтін шешендігі де оның болашағына жарық нұр шұғыла түсіргендей.

 

Әдетте сөзге сараң, көп тыңдап, аз сөйлейтін, сөйлесе дәл тауып, төңірегіндегілерді шұлғыта сөйлету оған тәңір сыйлаған қасиет еді. Діндар әрі сопы әкесі Мәйтіұлы Жуанғанды алты жасынан бастап медресе оқытып не бір молда, қазылардың алдын көрсеткендіктен, ол да түрік, парсы, араб тілдерінде жетік әрі мол білімді адам болып ержетті.

 

Жуанған Өр-Алтай қазақтарының қайырлы жұртына өрлей көшіп, «Ұшарын жел, қонарын сай білетін» аумалы-төкпелі заманда 1820 жылы дүниеге келіп, ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ежелгі ата-бабаларымыз күл төккен қара жұртына өзен өрлеген балықтай өмірдің, тұрмыстың асау толқынына қарсы жүзген ел куәгерінің бірі болып есейген ол халықтық тұрмысқа, дала өміріне әбден пісіп-жетіліп ержеткен тау тағысы еді. Сондықтан қоныс алу, елді қалай бастау, малдың ыңғайы, тіпті даланың қоңыр аңдарының жусауы мен үйірге түсетін күніне дейін білетін асқан сұңғылалығы ұрпақтарға аңыз болып қалды.

 

Бір жолы Шонжыбай деген қайыр тілеген азамат Жуанған ауылына келген екен. Жуанған он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін мына азаматтың қылығына намыстанып, оған: «Осыдан тоғыз күннен соң бәлен жерге барсаң, бөкендер үйірге түседі. Бөкеннің текесі ең соңы сенделіп орнынан тұра алмай, сол орында қалады. Соның мүйізін алда, бұдан кейін қайыр тілеуші болма» деп, астына ат мінгізіп жолға салады. Айтқандай, әлгі азамат текенің мүйізін алып, қорасына қой салып ауқаттанған екен.

 

Тағы бір аңызда ел Өр-Алтайға келіп, бірінен соң бірі қоныстанып жатқанда мұндағы ел арасында біреу өліп, оны жерлегенде «Бір құранды қосып жерлеу» деген пәтуа тарап, «Құранның құны бес атқа шығып» ел қатты күйзеледі. Жуанған елді күйзелткен мұндай жоқтан жонып тапқан шариғаттың шындығына жету үшін төңірекке адам шаптырып, нағыз дін иелеріне кезігіп, ең соңы бұл орынсыз шариғат құран кітап саудалайтын саудагерлердің алдамшылық қылығы екенін анықтап, олардың біразын жазалап, елді қайта дұрыс жолға түсуге насихаттайды. Осы оқиға Жуанғанды және бір серпілтіп, мынау елді надандықтан оятып, оқу-білімге жетектеу керектігін аңғарады да, 1860 жылы Көктоғайдың Қайырты, Тұрғын, Күнгейті өңірлеріне мекендеп, Үрімжі, Тұрғынға дейін барып, ол жерлердегі медресе-мектептерді көріп, Мырзабақа бастаған (өзбек) молдаларды әкеліп, өз үйінің іргесінде көшпелі мектеп ашып, мынау қараңғы тұйықта жатқан ұрпақтардың көкірегіне білім нәрін құюға атсалысады. Сол медреседен алғаш Ақыт, Ләтіп, Ордаш, Уақитқан бастаған балалар оқып, олардың нәтижелі оқулары Жуанғанның ертеңіне асқақ үміт, өлмес рух сыйлайды. Сол кездің өзінде тұңғыш медресе ашып, молда тауып әкеліп, ұрпақтарының көкірегіне білімнің нұр шұғыласын жаққан Жуанған мынау қараңғы қапаста, тек мал соңында жүрген жұртына мәдениет, білім үйретуге ынтығып, 1882 жылы Өр-Алтайдан тұңғыш рет Меккеге жол алады. Осы жылы қаңтарда Мин Шың үкіметінің Батыс-Сібір губернаторына хат жолдап: «Жуанған мен Жәңгір деген қазақ шонжарларына алты айлық уақытпен Меккеге барып-қайту паспортын сұрау» өтініші жазылады. Бұл арқылы 1883 жылы Жайсаң арқылы қажылық сапарға Жуанған жол алады. Міне, осыдан-ақ Жуанған сынды тұлғаның сол кезде осынау орта жазықты алып жатқан Мин Шың үкіметімен тіл табысып тұрған танымал адам екенін аңғаруға болар еді.

 

Сол бір аумалы-төкпелі замандарда Жуанған ауылын Қалқа жеріне де жел ұшырған қаңбақтай апарып тастайды. Онда барған соң да өз еліне сақа айғырдай ие болған Жуанған ел ұрпағын оқытуды жалғастырып, оның сыртында Мин Шың үкіметінен қол үзбей араласып тұрады. Бұған бір себеп: Мин Шың үкіметінің Жуанғанға Қобда мен Жайсаң арасына екі пошташы шығару жөніндегі бұйрығыболатын. Ал Жуанғанның сол кезде өз ортасында көз аясы ашық, аңғарлы деген Ақыт пен Қобдабайды шығаруы еді. Аңғарлы Жуанғанның бұл жолы пошта жұмысына Ақытты таңдауы оның көрегендігі болатын. Ақыттың көз аясының кеңуіне, дарыны жанып, таланты талғар шыңға көтеріліп өз шығармаларын Қазан баспаларына дейін жөнелтуіне үлкен орай дәл осы кезде болғандығы анық еді.

 

Жуанғанның өз өмірінде мұндай елге әйгіленер парасатты істері көп. Оның бәрі мына шағын мақалаға шақ келмейді. Алайда елі оның осындай асқан дарынды, ойламды, зеректігіне қарай оны «Жотағажы» атапты делінсе, тағы бір айғақ Өр-Алтайға келген Керейлер өз ішінен жақ-жақ болған соң Жуанған Мин Шың үкіметіне Жанторыны елшілікке жіберіп, сол жолы Мин Шың үкіметі билікті Жуанғанға беріп, Өр-Алтай еліне Жуанған ие болыпты деген аңызды әйгілеп:

 

Досымызды қуантып,

 

Дұшпанның мойнын сындырдың.

 

Аузыңа елді қаратып,

 

Билігін алдың Абақтың, – деген өлең Жуанғанның Өр-Алтайда алғаш билікке ие болып, осыдан бастап «Жотағажы», «Төбе би» деген атқа ие болуын әйгілеуі бекерден-бекер емес.

 

Жуанғанның үнемі жота басына шығып, кеңес құруы, әрі оның жауырыны шығыңқы адам болғандықтан күржиіп отыратындығына, көзінің сұғы болғандықтан, адамдарға тіке қарамай тұқыра отырып көзінің астымен қарайтындығына қарап «Жотағажы аталыпты» дейтін де аңыз бар. Мейлі не болса ол болсын, өз дәуірінің жотасы емес, асқар шыңы екендігіне оның біз айтып отырған еңбектері куә. Осы бір парасат иесі 73 жасында қазіргі Көктоғайдың Шалғыр деген жерінде қаза болыпты. Оның сүйегін өз әкесі Мәйті жерленген, мұндағы Өр-Алтай қазақтарының тарихи қабірстаны, арғы жағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Сарыбайдың қабіріне дейін тұрған «Тау Қарабұлғынға» (қазіргі Көктоғай көлі тұрған орын) жерлейді. Бұл қабірді 1980 жылдардан кейін Көктоғай көлінің көлемінің жайылуымен су басып кетеді. Десе де ондағы Жуанған сынды ардагерлердің көл астында қалса да, Алтайдың асқар тауларынан жөңкіле келіп құйылатын мың бұлақ суларының тұнығынан мәңгі нәр алып, мынау бүгінгі дәуірдегі бақытты ұрпақтарына рух беріп жатқандай.

Тау тағысы Рақат Қалелұлы

Халық қашан да еркіндікті аңсайды. Соғыс дерті талай баланы әке мен шешеден айырып жетім қалдырса, талай үйдің түндігі ашусыз, түтіні өшіп қалғаны бүгінгі адамдардың жүрегіне айықпас жара салып кетті. Кім-кімнің болсын, соғысқа жиіркене қарайтыны сондықтан. Қандай дәуірде де халық үкіметтің, ортаның тыныштығын көксейді. Кешегі күн өз уәдесінен тайған Шыңшысай үкіметі халыққа орынсыз соқтықты. Сондықтан халықтың ыза-кегі қайнап, қолдарына ақ таяғын ұстап, соғыс отын маздатты. «Міне тоқтамға келіп отырмыз. Халықтың күтері тыныштық. Үкіметтің мына Шың дубанның уәдесіне берік болып, халыққа мәңгі тыныштық орнатуы осы отырған қалың халықтың арман-тілегі» – деп, сахнада сөйлеген орта бойлы, қара торы өңді азаматтың түз түлегіндей саңқылдап, отты жанарымен жауларын жасқай, айбарымен елді таң қалдыра сөйлеген сөзі бүгінгі мәжіліске жиналған 3000-нан астам Алтай, Көктоғай, Бурылтоғай елінің жүрек қылын шерткенде, тыңдарман жамағат: «Бұл кім болды екен, неткен жүрек жұтқан адам» деп таңырқай қарасыпты.

 

Бұл Қаратас жиынына Шыңшысай шенділерінің екі рет тоқтам, бейбітшілік туралы келісімге келгенде, халық ішінен бір уәкіл сөйлеуді бұйырғанда осынау жиналған қасқа мен жайсаңдар шегіншектей берген соң 25 жасар Рақат атылып алға шығып, сөйлеген сөзі еді. Ержүрек азаматтың үкіметтің талайдан бергі сорақылығын әшкерелеп, халық алдында масқара еткендігі осынау халықтың жүрек қылын шерткенімен, үкімет адамдарының ыза-кегін қозғап, өзектеріне от түскендей етті. Дәл осы күні, яғни 1943 жылы 10-айда үкімет Көктоғай халқының екінші көтерілісінен кейінгі тоқтамға келуі ержүрек ұлдары Рақаттың ақыл-парасатынан туған ақтық ақыл кеңесі екенін күні бүгінге дейін халқы жадында сақтап келеді.

 

Рақат Қалелұлы 1917 жылы дүниеге келген. Ол бес жасынан бастап діни оқу оқып, ордадағы әр күні шешім тауып жататын дау-дамайлармен аяғы үзілмейтін небір қасқа мен жайсаңдардың кеңесіне құлақ салып ержетеді. Рақат толық орта сауатты діни қабілетке ие болған соң ашық ойлы әкенің мақұлдауында 1934-1937 жылдар аралығында Алтайда ашылған толық орта сауатты пәни мектепте Құсайын, Шабдан, Сейітқазы, Салым сияқты озық ойлы, мол білімді зиялылардан дәріс алады. Тек жай білім алып қана қоймай, сол дәуірдегі дүние елдерінде және Кеңес үкіметінде болып жатқан оқиғалардан, Жұңгоның ішкі соғыстары жайынан, Шыңшысай үкіметінің мақсаты жөнінде көптеген мағлұматтардан хабардар болады. Бұған қоса Қазақ тарихы, жағрапия туралы мол білім алып, сол кездегі өзімен бірге оқыған 30 баланың ішінде ерекше көзге түскен болатын. «Әке көрген оқ жанар» дегендей, Алтайдан оқу бітіріп келген Рақат әкесімен бірге ел ішіндегі дау-дамайды шешуге араласып, қараңғы түнек қаптаған дәуірдегі халықтың мүшкіл хал-жайын көзімен көріп біледі. Жыл сайын алман салығы көбейіп, берекесі кете бастаған елдің тағдырына жаны ашып, ел басындағы ауыр күйді аластауға ат салысады. Сондықтан халықты береке-бірлікке шақырып, адал еңбек арқылы өздерін теңсіздіктен, кедейліктен құтқаруға болатындығы жайында үгіт-насихат жүргізді. Шыңшысай үкіметі өзінің «Алты ұранынан» айнып, алғашқы Шыңжаңға келген коммунистердің ықпалында болды деген себеппен бас көтерер адамдар мен ел ішіндегі беделді адамдарды ұстай бастағанда Көктоғай өңірінен бірінші болып әкесі Қалелді «Жиын» деген сылтаумен Көктоғайға шақыртып апарып тұтқындайды. Әкесінің жазықсыз жапа шегуі Рақаттың Шыңшысай үкіметіне деген ыза-кегін тіпті өршіте түседі.

 

Осы жылы, яғни 1938 жылы қазанда әкесі Қалелді Гоминдаң үкіметі жазықсыз алып кеткен соң Алтай уәли мекемесі оны тәйжі етіп тағайындайды да, соңынан жоғарыдан түсетін қат-қабат, алман-салықтан тартып ел ішіндегі бүлікті тию, халық қолындағы оқ-құралдарды жинау жұмысына дейін өзіне итергенде, жас Рақат әкесінің талай жылдан бергі иығындағы жүгінің қанша ауырлығын түсініп, әкеге деген сағынышы ұлғаяды. Сондықтан «Елдің ісі ердің мойнында, ер азамат елін қашанда аялап, қорғай білгені жөн» деген әке сөзін есіне алып, халықтың алман-салығын жеңілдетуге тырысып, ел басына төнген «Құрал тапсыру» алапатынан құтылдыру үшін халық қолында құрал, оқтың жоқтығы жөнінде жоғарыға талай мәлімет жөнелтеді. Бірақ, Рақаттың үкімет тапсырған келелі іске кесе-көлденең бола бастағанын сезген үкімет 1939 жылы «Қазақ, қырғыз, моңғол» құрылтайы деген сылтаумен Үрімжіге жөнелтеді де, бір жылға жуық уақыт түрлі идеялық саяси тәрбие жұмыстарын жүргізеді, тіпті үйқамақта ұстап, қашан елді «Шың дубанға адалдықпен ілестіреміз, Шың дубанның айтқанын екі етпейміз. Барған соң құрал, оқ жинау жұмысына ат салысамыз» деп уәде бергенше ешкімді өз еліне қайтармайды. Тек 1940 жылғы күзде Көктоғайдағы бүлікшілерді тыныштандыруға келісімге жіберіп, Рақатты орынбасар әкім деп тағайындайды.

 

Рақат Көктоғайға келіп соғыс зардабынан азып-тозған ел-жұртын көргенде төбесінен жай түскендей есеңгіреп кетеді. Мына мұздай қаруланған үкіметке халықтың ендігі жерде келісім арқылы бағынуын өтінеді. Осы талап бойынша 1940 жылы қазан айында үкіметпен тоқтамға келген ел құралдарын тапсырып бағынады да, бұрынғыдай қыстауларын мекендеп орныға бастайды. Рақат үкіметтің орынбасар әкімі болғандықтан, қыс бойы Көктоғай қалашағында қалады.

 

Қыстың аязы қайтып, көктемнің лебі есіп, қалың қардың шеті сөгіле бастаған бір күндері халық пен үкімет арасындағы тоқтамның бір келісімі бойынша «Жергілікті сақшы мекемесін жергілікті халық өзі басқаратын» болғандықтан, сонда сақшы орынбасары болып жұмыс істейтін Қадырбайдың іс-түссіз жоғалып кетуі Рақатқа әлдебір күдікті тудыра бастайды. Ұзамай үкімет жиынында Уаң әкім «Қадырбайдың құрал алып қашып кеткенін, халық ішінде және бүлікшілер бас көтергенін, тез арада халық қолындағы құралды жию керектігін» қатаң ескертеді.

 

Үкіметтің елге өтірік жала жауып, қапияда тап бергелі отырғаның аңғарған Рақаттың жаны түршігіп, тез қимылдамаса болмайтынын сезген ол түн жамыла Ышқынтыда (жер аты) отырған Зейнел үкірдайдың үйіне келіп, үкімет ішіндегі болып жатқан жайды жеткізеді. Мұнда төңіректегі ел азаматтарымен бас қосып, жауға қарсы тұру мәселесін ойласады. Ал ертесіне өзен бойындағы әкесі Қалелдікіне ат басын бұрып, болған жайдан хабардар етеді.

 

Бір жүзге жуық азамат ертіп келген Рақаттан Қалел әбіржіп қалады. Рақаттың Көктоғайда болып жатқан жау жағдайын естігенде, кектеніп жұлына шыққан азаматтардың бейнесіне сүйсінген Қалел өзінің Алтайдағы Бұқаттан хат алып отырғанын, мұнда да «Сарсүмбедегі жаудың әрекеті оғаш, адамдарды жасырын қолға ала бастаған жайт бар. Сондықтан елдің қапыда қалмауын» айта келіп, қалайда азаматтардың басын қосып, тап берер жауға әзірлік көрудің жөн екенін құптайды.

 

1942 жылы маусымда үкімет тыныш жатқан елге қайта тап берген соң күні бұрын әзірлік көрген азаматтар жауына қырғиша тиді. Талай жерде жауын жайратып, олардың құралдарымен өздерін қаруландырып, қарсы келген жау әскерін жойып отырған халық құдіретін еріксіз мойындаған Шыңшысай кейбір дін пердесін жамылған адамдарды халық арасына салып, елді тыныштыққа шақырады.

 

Халықтың күй-жайын ойлаған Рақат сияқты көтерілісшілер үкіметке бірнеше түрлі талап қойып, 1942 жылы қазанда тағы да келісімге келеді. Міне, осы тоқтамның соңы Сарсүмбедегі үкімет шонжарлары, өлке уәкілдері Қаратасқа (жер аты) жиынға шақырып, бұл рет тағы да үкімет пен халық арасындағы бітімге келу, ертеңгі күндердің тыныш боуын құттықтау жиынын ашады. Халық уәкілі ретінде сөйлеуге атылып алға шыққан Рақаттың жоғарыдағы сөзінен тіксінген үкімет өздерінің іштеріне бүге келген арамдығының бірі «Ел басшыларына арнап Сарсүмбе қаласында жиын ашатындығын» айтып, бірнеше адамды сол мәжіліске баруға міндеттейді. Жиын атаулыдан әбден запы болған ел басшылары тартыншақтағанымен, кей Үкіметті жағалап жүрген екі беткей адамдар құранды кеудесіне ұрып ант беріп, 13 адамды Сарсүмбеге әкетеді. Міне, осы топ ішінде кеткен Рақат Сарсүмбе арқылы Үрімжеге жөнелтіліп, «Үкіметке қарсы бас қылмыскер» ретінде жан түршігерлік қинау астында 1943 жылы 26 жасында өлтірілді.

 

Көпке танымал тау түлегі, елінің есіл азаматы қыршын жанын осылайша жау қолында қиды. Қысқа ғана ғұмырында еліне істеген ерен еңбектерін бүгінгі ұрпақтар мәңгі ұмытпасы хақ.

Халқының қалаулы азаматы Қажынәби

1978 жылы сәуір айында Үрімжі қаласында дүниеден көшкен Қажынәби Досқаұлының қабірі 1984 жылы шілдеде автономиялық аудандық төңкерістік құрбандар қабірістанына қайта көшірілуінің өзі екі дәуірдің сырын ашатын тамаша анықтама.

 

Иә, марқұмның дүниеден көшкен уағы солшылдық саясаттың үдеп тұрған кезі болғандықтан, оған ескінің мерезін жұқтырған адамдай қарап, «Бұзық», «Көненің жаңғыртушысы», «Жастарды кері жолға бастауышылар» деп жала жауып, марқұм Қажынәби де сол ескі адамдар қатарында саналды. Сондықтан ол елеусіз жерленген еді. Ал дәуір оңалған 1980 жылдан кейін саясат тұрақтанып, ел тынышталып, халықтың санасы ілгерілей бастаған кезде Қажынәбиді қайта «Азат» етіп, оның ежелгі қадір-қасиетін, еліне сіңірген еңбегін елеп, құрбандар қабірстанынан қайтадан орын берген болатын. Әрине, үкімет пен халықтың Қажынәбидің қаза болғанына арада қанша жыл өтсе де, оны сағына еске алып, оның ерен еңбектерін қадірлей білуінде де сыр бар еді. Өйткені, Қажынәби өмір сүрген дәуір азаттықтан бұрынғы және Қытай елі азат болса да түрлі қиыншылықтармен күрес жүргізіп, социалистік құрылысты ілгерілету жолындағы ең бір қиын да мехнатты ауыр күндер еді. Оқтын-оқтын оң мен солдан ызғырағын үдетіп кететін табиғаттай әр уақыттың өзіне тән «Оңшылдарды аластау», «Мәдениет төңкерісі» сияқты солақайлығы басым саяси жағдайлардың ушығып тұрған кездерінде Қажекең халқы үшін қажымай жұмыс істеп, елін бақытқа кенелту жолында еңбек еткен озық ойлы, нағыз белсенді, турашыл да шыншыл азамат еді. Сондықтан оның әрбір басқан қадамының бәрі «Елім» деп еміренген етенелікке толы болғандықтан, халқы оны қашанда еске алып отыратын болды.

 

Қажекеңді халқы неге мұнша аңсап, еске аларына аз да болса тоқталар болсақ, оның ел аузында жүрген бірнеше ерен еңбектерін айтпай кетпеске болмайды.

 

Қажынәби Досқаұлы 1904 жылы Сауыр тауында, ата-бабасының қара жұрты болған қыстауы «Қара аттың жалы» деген жерде дүние есігін ашты. Инабатты әке, ибалы ананың баулуында болған Қажынәби ес біле сала зеректігімен танылды. Істеген әрбір ісі жинақы, ойлаған ойы, айтқан сөзі орынды, сөзге пысық, қағылез де қайсарлығы ел ақсақалдарының бірден назарына ілігіп, оның ертеңіне үлкен үмітпен қарайтын жағдайға жеткізді.

 

Қашанда аз сөйлеп көп тыңдайтын, өзі теңдес азаматтарды ақылымен де, арынымен де жетелей білетін Қажынәбиге ең әуелі өз кезіндегі Қазыбек руының үкірдай Бұлан Уәлиұлының назары ауған болатын. Сондықтан ол оны қолына алып баули бастайды. Адамға ажал айтып келмейді. 1927 жылы қоңыр күз мерзімінде ауырған Уәли үкірдай өзінің ертеңіне алаңдап, ауылдың игі жақсыларын шақырып алып, бұдан жиырма жыл бұрын Дақ бидің осы билікті өзіне сеніммен тапсырғанын, содан бері елінің «Жау жағының далдасы, жел жағының панасы» болып шама-шарқынша жұмыс істегенін, енді өзі бұл дүниеден аттанар болса және елге ие болатын ақыл-есі дұрыс, ізгілікті адам керегін, сондықтан бұл ортада болашағынан үмітті жас Қажынәбиді өзінің мұрагері ету ойын айтады. Кәрі үкірдай айтса, ел қайда барады, оның сыртында өтер алдындағы өсиеті ретінде бәрі де құп көрді. Көп ұзамай Уәли үкірдай дүниеден өткесін үкірдайлықты жас та болса Қажынәби қолына алады.

 

Халқы құп көрген, кәрі үкірдай өсиет еткен халықтық жұмысты адалдықпен орындау жолында құлшынған Сәдуақас би Қажынәбиді баули жүріп, арада Алтайдың дауияңы Жаң микуәнің алдына 23 жасар Қажынәбиді ертіп барып, үкірдайлық лауазымын бекіттіріп алады.

 

Міне, осы күннен бастап ел қамы деп үзеңгіге аяқ салған Қажынәби бір күнде аттан түспей, халқының экономикасын өрлету, оқу-ағартуды дамыту, мәдени-етін шалқыту жолында барынша құлшына жұмыс жасайды. Шәріпқан дутыңның, генерал Дәлелқандармен тізе қоса отырып, қоғамның тыныштығы жолында аянбай күрес жүргізеді.

 

Қажынәби Шыңшысай үкіметін де, Гоминдаң үкіметін де бастан кешірді, сол бір халықтың күйісі кетіп, қан төгіс болған жылдарда ол елге қашанда ес болып, ізгілік жолында ерен еңбектерімен қамқор бола білді, талай-талай басына қауіп төнген ауыр күндерге тап келсе де, «Елім» деген ізгі ниеттен ауытқымай, адал да әділдік жолында еңбектеніп отырды.

 

Қажынәби марқұмның өмір жолы жеңіске, жеміске толы. Бұдан да мол, бұдан да бай қазынасы оның 1940 жылғы Көктоғай, Шіңгілдегі малшылар көтерілісінің мән-жайын жете баяндаған естелігі халықтың мұрағатына айналып отыр. Ендеше халқы Қажекеңді мәңгі ұмытпайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға