Жаңалықтар

Алматының бұрынғы бас сәулетшісі неліктен сотталып жатыр

Алматының бұрынғы бас сәулетшісі неліктен сотталып жатыр
Фото: Видеодан кадр 06.02.2025 17:14 164

Алматының бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджановтың ісі бойынша жарыссөз өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Алматы қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановтың ісі бойынша жарыссөз өтіп жатыр. Прокурор экс-бас архитекторға 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Бұрынғы бас сәулетші Алмасхан Ахмеджанов пен жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетовке Алматының тау бөктеріндегі ірі тұрғын үй кешендерінің құрылысына рұқсат беру және құжаттарды заңсыз келісу бойынша айып тағылған. Бұл кешендер жеке тұрғын үй учаскелерінде салынған, осылайша кадастрлық құнды төлеуден қалыс қалған. Сонымен қатар, аталған тұрғын үй кешендерінде қабат саны мен тығыздыққа қатысты көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ахмеджанов бұл рұқсаттар үшін өз туыстарына пәтер алған.

Бұған қоса, тергеу мәліметтеріне сай, Ахмеджанов пен Самамбетов Алматы қаласының жер қорынан медициналық орталық, ХҚКО және сауықтыру кешені секілді инвестициялық жобалар үшін жер телімдерін бөлген. Алайда кәсіпкерлер бұл учаскелерді кейін жекеменшікке өткізіп отырған.

Жарыссөз барысында прокурор сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының барын – жеңілдететін, ал қызметтік антын бұзғанын – ауырлататын мән-жай деп атады.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 337-бабын басшылыққа ала отырып, Ахмеджанов Алмасхан Тлеуханұлын ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігі, 361-бабының 1-бөлігі және 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп тануды сұраймын. 28-баптың 5-бөлігі бойынша – 10 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. 361-баптың 1-бөлігі бойынша – 2 жыл, 4-бөлігі бойынша – 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы негізінде ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза ретінде 12 жыл бас бостандығынан айыруды, жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеуді сұраймын, – деді прокурор.

Сондай-ақ, прокурор Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетовті де ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы, 28-бабының 5-бөлігі және 190-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Жазаларды қосу арқылы оған да 12 жыл бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды өмір бойына атқару құқығынан айыру жазасын сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға