Жаңалықтар

Алматылық университет Еуропалық желінің 29-шы Бас Ассамблеясын өткізді

Алматылық университет Еуропалық желінің 29-шы Бас Ассамблеясын өткізді
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 24.11.2024 00:14 417

Сәтбаев университетінде Орталық Азия білім беруді аккредиттеу қауымдастығы (CAAAE) және Инженерлік білім беруді аккредиттеу бойынша Еуропалық желі (ENAEE) ұйымдастырған маңызды іс-шаралар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, осы шаралар аясында «ENAEE желісінің аккредиттеу агенттіктеріне қойылатын талаптар» атты халықаралық семинар және ENAEE 29-шы Бас Ассамблеясы өтті.

Бас Ассамблея жұмысына Австрия, Франция, Италия, Испания, Ұлыбритания және басқа да жиыны 15 елден келген 16 аккредиттеу агенттігінің бірінші басшылары, сондай-ақ инженерлік білім беру ісінің сапасын қамтамасыз ету саласы бойынша отандық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Жиынды Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өзінің құттықтау сөзімен ашты. Ол халықаралық аккредитацияға университеттің қатысуы өте маңызды екенін атап өтті және бұл өңірде инженерлік білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ болашақта студенттердің мансап жолы табысты болуына ықпал етеріне сенім білдірді. Ректор сонымен қатар инженерлерді жоғары деңгейде даярлауды қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде EUR-ACE аккредитациясының маңыздылығын да атап өтті.

ENAEE президенті Жозе Карлос Квадрадо өз сөзінде халықаралық ынтымақтастық қарым-қатынасты одан әрі нығайту және бүкіл Еуропа мен одан тыс жерлерде инженерлік білім беру бағдарламаларын аккредиттеуді дамыту өте маңызды екендігін атап өтті. Ол осы аймақтағы студенттерге жаңа мансаптық мүмкіндіктер аша отырып, Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық байланысты кеңейту мен тереңдету жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты.

Профессор Жозе Карлос Квадрадо – инженерлік білім беру бағдарламаларын, әсіресе, Орталық Азия бойынша аккредиттеуді жақсартуға бағытталған бірқатар ауқымды жобалардың бас сәулетшісі. Ал ENAEE іс-шаралары өз кезегінде Еуропа мен Орталық Азияны біріктіру ісінде маңызды рөл атқарады, сөйтіп өзара тәжірибе алмасу мен инженерлік білім берудің сапасын арттыру үшін өз платформасын ұсынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға