Жаңалықтар

Алматылық студент ғылыми жобасы үшін миллион теңге ұтып алды

Алматылық студент ғылыми жобасы үшін миллион теңге ұтып алды
Фото: Satbaev University 29.03.2023 21:08 7011

Алматылық студент Ақжол Нұрданәлі «Tech Startup-2022» инновациялық идеялар мен жобалар байқауына қатысып, ашқан жаңалығын жүзеге асыру үшін миллион теңге ұтып алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жігерлі жастардың қатары артып келе жатқаны қуантады. Олар нарықтың сұранысын нақты анықтап, жаңа идеяларды жүзеге асыруға ұмтылуда. Солардың бірі – Сәтбаев Университетінің «Биомедициналық инженерия» мамандығының 3-курс студенті Ақжол Нұрданәлі, ол науқастың қызыл иегінің ауырсынуын анықтайтын жаңа құралды ойлап тапты.

Ақжолдың ғылыми жобасы «Қызыл иек сезімталдығын өлшейтін құрылғы» деп аталады. Құрылғының жұмысы дене температурасын өлшеуге арналған аспаптарға ұқсас. Дегенмен, бұл құрылғы сезімталдықты өлшейді және тіс дәрігеріне науқастың қаншалықты ауыратыны туралы нақты ақпарат береді.

Жобамен айналысатын ғалымдар тобы нарықты зерттеп, әрі шетелде жасалған осындай құрылғылар болса салыстырып көрмек болып еді, қажетті құрылғы нарықтан табылмай, команда құрылғыны жаңадан жасап шықты. Сөйтіп, нәтижесінде әлемде теңдесі жоқ құралды ойлап тапты.

Ақжол өз жобасына қатты қызығушылық танытады – ол туралы айтқанда, көзі жайнап, жігерленіп кетеді. Ақжолдың айтуынша бұл жобаның тарихы өткен жылы басталыпты. Яғни Алматы стоматология колледжінің директоры жұмыс сапарымен Сәтбаев Университетіндегі жас ғалымдармен кездесіп, стоматология саласының қиыншылықтары жайлы айтқан екен.

Ақжол сол жүздесуді еске ала отырып: «Ол өте қызықты кездесу болған еді. Сол кезде біз тіс протезін орнату кезінде қызыл иектің ауырсыну процесін талқыладық. Бұрын тістің ауырсынуын дәрігер қолымен анықтайтын еді ғой. Бірақ әр адамның ауруы әртүрлі болып келеді. Жасанды тіс салдырған адамдардың жақ сүйектері қатты ауырып, дәрігерге қайтадан келеді екен. Сондықтан тіс мамандарына науқастың қызыл иегінің сезімталдығын, оның ауырсынуын анықтайтын құрал қажет болды. Осыны естігеннен кейін мен бірден мұндай құрылғыны қалай жасау керектігі туралы ойланып, шабыттана түстім» - деп, жобаға қалай кіріскені жайлы айтып берді.

Ақжол Нұрданәлінің ойлап тапқан бұл өнертабысының сәтті шығуы тек Алматыда ғана емес, тұтас Қазақстанның стоматология саласындағы соны жаңалық болып отыр. Жас ғалым өз жобасын одан әрі жетілдіріп, еліміздің биомедициналық инженерия саласын дамытуды жоспарлап отыр.

Өз өнертабысын нарыққа шығару үшін Ақжол бастаған жас ғалымдар қазіргі уақытта стартап ашып, түрлі сынақтар өткізіп, құрылғыны жан-жақты жетілдіру үстінде.

Алматылық студент ғылыми жобасы үшін миллион теңге ұтып алды

Айта кетейік, Ақжолдың негізгі мамандығы – электронды медициналық құрылғыларды құрастыру. Жас ғалым өз жобасын дамыта отырып, болашақта еліміздің биомедициналық инженерия саласына зор үлес қосатынына сенімдіміз.

Фотолар: Satbaev University-ден алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға