Жаңалықтар

Алматылық дәрігерлер жүрегі екі рет тоқтап қалған 10 жасар баланы аман алып қалды

Алматылық дәрігерлер жүрегі екі рет тоқтап қалған 10 жасар баланы аман алып қалды
Фото: ©El.kz/Марат АМИРОВ 16.06.2023 10:45 849

Алматы балалар жедел медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері пион спирт тұнбасын ішіп алған баланы аман алып қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Балалар жедел медициналық жәрдем орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 жасар Дастан таушымылдық (пион) спирт тұнбасын сумен шатастырып ішіп қойған.

Біраз уақыттан кейін баланың денсаулығы нашарлап, есінен танып қалған. Жедел жәрдем бригадасы науқасты Алматы балалар жедел медициналық жәрдем орталығына жеткізді.

Баланың жақындары оның сол тұнбаны ішкенін білмегендіктен, бала тағамнан уланған деп болжап, нақты диагноз қою қиынға соққан. Дастан бұрын ешқашан дәрі-дәрмек пен тағам аллергиясынан зардап шекпеген.

Бізге бала III дәрежелі экзоуытты шок салдарынан өте ауыр жағдайда түсті, балада қандағы глюкозаның жоғарылауы (18 ммоль/л дейін), гипергликемия, кетоацидоз, бас ми ісінуі, жалпы интоксикация белгілері байқалды. Санасы комада болды. Қабылдау бөлімінің жағдайында науқасты көпбейінді дәрігерлер бригадасы тексеріп, шұғыл түрде клиникалық және зертханалық зерттеулер жүргізілді.

Таушымылдық тұнбасымен жедел улану. Ауыр дәреже. 3-дәрежелі экзоуытты шок. Уытты энцефалопатия. Уытты гепатит. Науқас жансақтау бөліміне жатқызылды, онда оған жеке дәрігерлік және медбикелік пост тағайындалды. Жағдайының ауырлығына байланысты науқастың жүрегі екі рет тоқтап қалған. РҚТБ қызметкерлері баланы реанимациялап, жағдайын тұрақтандыруға қол жеткізді, - дейді Алматы Балалар жәдел медициналық жәрдем орталығының токсикология бөлімінің меңгерушісі Хурметбек Тохтар.

Дастаның анасы баласын аман алып қалған дәрігерлерге алғысын айтты.

10-бөлімшенің медицина қызметкерлеріне, әсіресе Хурметбек Тохтарұлына, М.Г. Мақұлбеков, Т.М. Бидайбай, А.З. Риги, А. Кулимбетов, невропатолог Н.Н. Құрманбаевқа ұлым үшін алғыс білдіремін. Жанкешті еңбектің, жоғары кәсібиліктің, қайырымдылықтың, сапалы медициналық көмек көрсетуге деген ұмтылыстың арқасында ұлым аман қалды. Жүрегі екі рет тоқтап қалды, бір тәуліктен астам уақыт комада болды, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Міне, енді біз еш патологиясыз дерлік үйге шыққалы жатырмыз, денсаулығымыз жақсы, барлық анализдер жақсы нәтиже берді. Кәсіби мамандарды таңдап, жұмысты жақсы ұйымдастырғаны Балалар жедел медициналық жәрдем орталығының бүкіл ұжымына көп рахмет, - деп рахмет айтты Дастанның анасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға