Жаңалықтар

Алматыдағы жер сілкінісі: Оқиға хронологиясы

Алматыдағы жер сілкінісі: Оқиға хронологиясы
Фото: © Polisia.kz 23.01.2024 12:10 7290

22 қаңтардан 23-іне қараған түні Алматыда жер сілкініп, тұрғындар үйлерінен шықты. Жер сілкінісінен кейінгі оқиғаларға шолу жасадық, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 

Оқиға хронологиясы:

00:10 – Тұрғындар далаға шықты

Әлеуметтік желі қолданушылары бір-біріне жазып, жер сілкінісі туралы сұрап жатты. «Жер сілкінісін сездіңіздер ме?» деген хат алысқан тұрғындар жер сілкінісінің 6,2 балл болғанын жазып жатты. Алматы қаласының тұрғындары бірден сыртқа шығып, далада күтіп тұрғандары туралы фото-видеолар тарады.

 

00:40 – Ресми орган өкілдері мәлімдеме жасады

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркегені туралы ақпарат шықты.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы. MPV магнитудасы 6.7. Алматы 4 балдық шкаланы көрсетті.

 

01:00 – Алматыда тағы да жер дүмпуі сезілді

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті адам қазасы мен қираған ғимараттар жайлы ақпарат түспегенін айтты. Департамент халықты лифт қолданбауға, тез арада үйлерінен шығып, қауіпсіз аймақ табуға, газ, су және жарықты сөндіруге шақырды.

 

01:30 – Шымкентте қанша балл болғаны анықталды

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түнгі сағат 00 сағат 09 минутта қала аумағында жер сілкінісі тіркелді. Үрейге бой алдырған тұрғындар түн ортасында көшеге шығып кеткен. Жағдай тұрақталғанша далада тұрғындар көп.

«Шымкент қаласында жер сілкінісі 2 балды құрады. Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. Орын алған жайтқа байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын абыржымауға шақырамыз!» делінген ведомство таратқан ақпаратта.

 

01:40 – Бішкекте 6 балл болды

Қырғызстан астанасының тұрғындары жергілікті уақытпен сағат 00:09-да жер сілкінісін сезінді. Нарын мен Қаракөлде қатты дүмпулер сезілген. Бішкекте сезілуі 6 балл шамасында болған.

 

01:50 –  Баспанасыз қалған халықты қабылдау пункттері ашылды

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті баспанасыз қалған зардап шеккен халықты қабылдау пункттерін ашты. Құжаттың толық мәтіні мына сілтемеде көрсетілген.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев жалған ақпарат таратпауға және азаматтарды дүрлікпеуге шақырды.

«Ресми дереккөзге ғана сеніп, дүрлікпеуді сұраймыз. Жер сілкінісі қайталанады деген ақпарат жоқ»,- деді ол.

 

02:00 – Алматы әкімі шұғыл кеңес өткізді

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Қаланың тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйесі қосылған. Қаланың полиция департаменті штаттық режимде жұмыс істеуде.

Барлық мектеп мен балабақша ашық, халықты жинау пункттері жұмыс істеп тұр.

Жедел медициналық жәрдем қызметі және барлық көп бейінді стационарлар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.

02:09  –  Шыңжаңда 7,1 балдық жер сілкінісі болды

Шыңжаңның Ақсу аймағында орналасқан Уши ауданында орын алған, ошақтық тереңдігі - 22 шақырым. Жер сілкінісі жақын маңдағы аудандарда өте күшті сезілген, Үрімжіде де сезілді. Көптеген үйлер қирады, жараланған адамдар бар.

Жер сілкінісі Ақсу, Атуш, Қашқар, Іле, Қорла, Қарамай және басқа жерлерде қатты сезілді.

 

02:10 – Жедел желі іске қосылды

Алматы қаласында жер сілкінісіне байланысты 87272782083 және 87272782084 нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істейтіні туралы айтылды.

 

02:20 – Медицина қызметкерлері күшейтілген режимге көшті

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел медициналық жәрдем қызметі және барлық көпбейінді стационарлар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

 

02:30 – Полиция шара қабылдады

Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады.

Патрульдік полицияның саны ұлғайтылып, учаскелік полиция инспекторларының тұрғын үйлерді аралауы ұйымдастырылды. Көлік өткізуді қамтамасыз ету және кептелістерді болдырмау мақсатында патрульдік полиция инспекторлары қолмен реттеуге көшті.

Жанармай құю бекеттерінде көлік кептелісі байқалады. Солтүстік-оңтүстік-шығыс-батыс бағытындағы жол қозғалысы әдеттегідей жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

 

02:40 – Бас сейсмолог үндеу жасады

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайтынын айтты.

Алматының тұрғындары мен қонақтарын жақын арада жойқын жер сілкінісі күтілмейтініне сендіргім келеді. Бүгін болған сейсмикалық оқиға ҚХР мен Қырғызстан Республикасының аумағында болды. Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, Жетісу облысының бір бөлігінде сезілген сілкіністер «афтершок» болып табылады. Орталық Азияның барлық дерлік елдері сейсмикалық оқиғаны сезінді. Қазіргі уақытта 10-нан астам афтершок тіркелді, оның ішінде Алматы тұрғындары 2 афтершокты сезінді. Байбаламға салынудың ешқандай себебі жоқ, - деді ол.

 

03:00 – Азаматтық авиация комитеті ұшақтар қона алмағанын мәлім етті

Әуеайлақ ауданында қонуға келе жатқан 5 әуе кемесі болды, оның ішінде 1 әуе кемесі қонды, 4 әуе кемесіне жер сілкінісі туралы хабардар етілді және әуеайлақ ауданында күту ұйымдастырылды. Аэродромды басқару орталығында әуе қозғалысын басқару 20 минутқа созылды. Одан әрі жерасты дүмпулері тоқтаған соң, аэродромды басқару орталығы қайтадан жұмысын бастады, - делінген ақпаратта.

Қонуы тиіс 4 ұшақтың бірі — Астана-Алматы бағытындағы Эйр Астананың КС-856 рейсінің ұшағы Түркістанның қосалқы аэродромына қонды.Қалған үшеуі еш қиындықсыз Алматы әуежайына қонды.

Сағат 00: 39-дан бастап әуежай штаттық режимде жұмыс істей бастады. Қосалқы аэдромға қонған КС-856 рейсі Түркістаннан 02.32-де Алматыға ұшып, 03.34-те сәтті қонды, - делінген комитет ақпаратында.

 

03:10 – Астанада жер сілкінісі болған жоқ

23 қаңтар сағат 00:19 шамасында Астана қаласы ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасына елорда тұрғындарынан жер сілкінісі мәселелері бойынша 30-дан астам қоңырау түсті. Өтініштер мен хабарламалардың келіп түскен мекенжайлары бойынша жедел-құтқару бөлімшелері жіберілді, олар келген кезде ғимараттар мен құрылыстарға көзбен шолып тексеру жүргізді және жер сілкінісі фактілері расталмады, зардап шеккендер тіркелмеді.

Астанада жер сілкінісі болған жоқ, бұл Алматыда болған жер сілкінісінің салдары болды, делінген хабарламада.

 

04:00 – Жарақат алғандар туралы айтылды

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы жер сілкінісі кезінде 8 адам зардап шеккенін мәлім етті. Олар терезеден секіріп кеткен.

Жарақат алған 3 адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген. Медициналық тексерістен кейін екеуі амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшінші науқастың жағдайы ауыр, қазір ол ауруханада жатыр, – делінген хабарламада.

Тағы үйден жүгіріп шыққан бес адам жарақат алған. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар да амбулаториялық емдеуге жіберілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға