ТЖМ қызметкерлері оттың қонақ үйде таралуына жол бермеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, 112 пультіне Алматы қаласы Медеу ауданы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан қонақ үйлердің бірінде өрт болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Өрт сөндірушілер келгеннен кейін, түтіннің үш қабатты қонақ үйдің жертөлесінде шыққанын анықтады. Қонақ үй қызметкерлері келушілерді үй-жайдан шығарып үлгерді. Өрт ошағын анықтау үшін барлау жүргізіліп, өрт сөндіру оқпандары енгізілді. Қабылданған шаралармен 8 шаршы метр бу бөлмесіндегі өртті құтқарушылар келген сәттен бастап 16 минут ішінде оқшауландырып, содан кейін толық сөндірді, - делінген мәліметте.
Өрт орнында келушілерге жылыту пункті ұйымдастырылды.