Жаңалықтар

Алматыдағы Армия үйінің ғимараты қайта жаңартылады

Алматыдағы Армия үйінің ғимараты қайта жаңартылады
Фото: Қорғаныс министрлігі 16.08.2024 22:31 578

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауқымды қайта қалпына келтіру жоспарланып отырған Армия үйіне барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ғимарат сәулетті ескерткіш және республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіліміне енгізілген, сондай-ақ Алматы мемлекеттік тарихи-сәулет және мемориалдық қорығының бөлігі болып табылады. 

Қазіргі уақытта ғимаратта ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының филиалы, ҚР Әскери-тарихи музейінің жауынгерлік даңқ музейі, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы, ардагерлер және қоғамдық ұйымдар орналасқан. 

Армия үйі рухани-адамгершілік пен мәдени-ағартушылық қызметті дамытуда маңызды рөл атқарады. 

Бизнестің қолдауымен бұл ғимаратты ауқымды қайта жөндеу жоспарлануда. Алматыға жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» отандық зауытының төрағасы – кәсіпкер Айбек Барысовпен кездесіп, нәтижесінде тарихи нысанды қалпына келтіру және жаңарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Әскери-тарихи музейде мәрмәр кешенін жаңарту жоспарланып отыр. Мұнда жаңа экспозициялар мен кеңесу залы болады. Іргелес аумаққа ашық аспан астындағы музей салу да жоспарда бар. 

Бұл бастама – азаматтардың бойында патриоттық сезімін қалыптастыруға, Отанға деген мақтанышын арттыруға, азаматтық борыш пен Отан мүддесін қорғау жөніндегі конституциялық міндеттерді орындауға әрқашан дайын болуға тәрбиелеу жолындағы маңызды міндет. 

Алматы гарнизонына жасаған жұмыс сапарының соңында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери-патриоттық тәрбие деңгейін арттыру және бұрын қойылған міндеттерді сапалы орындау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға