Алматыда 500 адамға арналған жаңа емхана салынады
Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуінде айтты.
Алматының Алмалы ауданында 500 адамға арналған емхана салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу кезінде айтты, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Алмалы ауданы денсаулық сақтаудың сапалы жүйесінің орталығы болғандықтан, мұндағы емханаға қаланың және облыстың басқа аудандарының тұрғындары тіркелуге ұмтылады.
– 443 мың адам тұратын ауданда жақын маңдағы Бостандық, Жетісу және Түрксіб аудандарының тұрғындарының тіркелуіне байланысты ауданның 18 емханасы 2 есеге артық пациенттерге қызмет көрсетуде. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін бүгінде 1947 жылы салынған ескі ғимаратты бұзып, ревматология орталығының орнында 500 келушіге арналған жаңа емхана құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Оған қаражат бөлінді, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Құрылысты 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Райымбек даңғылы бойында психикалық дамуы тежелген балаларға арналған бассейні бар спорт орталығын салуға ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда.
