Алматыда 17 жастағы қызды өлтірген күдіктілер ұсталды
Алматыда кәмелетке толмаған қыз баланы айуандықпен өлтірген екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды El.kz тілшісі. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
27 мамыр күні Алмалы аудандық полиция басқармасына 2005 жылы туған қыздың анасы жүгінді. Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған қызы 24 мамыр күні үйден белгісіз бағытта кетіп қалған.
«17 жастағы қыздың қайда жүргенін анықтау мақсатында тергеу тобы құрылып, оның жоғалып кетуіне қатысы бар адамдарды анықтады. Олар Алматы облысында тұратын 1992 және 2001 жылы туған екі ер адам болып шықты. Қыз олармен жоғалып кеткен күні көшеде танысқан»,- деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдіктілер 17 жастағы қызды өлтіргендерін мойындаған. Қылмыстың ізін жасырмақ болған күдіктілер қыздың денесін өртеп, Қапшағай су қоймасына жақын жерге көміп тастаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған қылмысты одан әрі тергеуді аумақтық принципке сәйкес Алматы облысы бойынша полиция басқармасы жүргізетін болады.