Алматыда Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған көрме ашылды

Мемлекеттік орталық музейінде Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған «Алтын Орда кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шара барысында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының, сондай-ақ «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының коллекцияларынан 300-ге жуық бірегей экспонат, Алтын Орда, Хорезм, Самарқан, Иран және басқа да өңірлерге тиесілі күміс дирхемдер мен мыс теңгелер ұсынылды.
Сонымен қатар көрме аясында «Алтын Орданың тарихи-мәдени мұралары: қорғау, қайта қалпына келтіру және зерттеу мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстелі өтті. Жиынға ортағасырлық қала мәдениетін зерттеуші ғалымдар, реставраторлар, сәулетшілер және басқа да мамандар қатысты, - делінген мәліметте.
Көрме 2025 жылдың 12 наурызына дейін жалғасады.
