Алматыда желден 9 қабатты тұрғын үйдің қаптамасы опырылды

Алматыда ұйытқыған желден «Сарыарқа» тұрғын үй кешеніндегі 9-қабатты үйдің шеткі қаптамасы опырылып түсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Әкімдік тұрғын үй кешенінің бес жылдық кепілдік мерзімі аяқталғанын айтты.
Алматы қалалық ТЖД 14 мамыр күні сағат 13:20-да жауапты инспектор 1-шағынаудан, Алтынсарин даңғылы 68/4 «Сарыарқа» ТҮК мекенжайына барғанын хабарлады.
Инспектор келген соң екпіні 13 м/с дейін соққан желдің кесірінен 9 қабатты тұрғын үйдің 400 шаршы метр аумақтағы шеткі жұмсақ қаптамасы құлағаны анықталды (қабырғаның жалпы ауданы 600 шаршы метр). Үйдің жұмсақ қаптамасының құлау қаупіне байланысты бұл учаскені 2 мамырдан бастап Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) қоршаған болатын. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Мұнда қазір МИБ төрағасы, әкімдік қызметкерлері жұмыс істеуде, – деп хабарлады қалалық ТЖД.
