Жаңалықтар

Алматыда жаңа туған сәбилер сатылған

Алматыда жаңа туған сәбилер сатылған
Фото: © Pixabay.com 29.11.2023 21:08 1099

Апелляция жаңа туған сәбилер саудасымен айланысқан 7 тұлғаға қатысты үкімді өз күшінде қалдырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін сотталушылар бірінші сатыдағы үкім бойынша қылмыстық топтың құрамында кәмелетке толмаған балаларды сатып алу-сату және сыйға тарту (ҚР-нің 28 б., 135 б.), ұйымдасқан топты құрғаны және оған жетекшілік еткені (ҚР-нің 262 б.) және жалған құжаттарды бірнеше мәрте дайындағаны (ҚР-нің 385 б.) үшін кінәлі деп танылған болатын.

Алматы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылдан бастап 2022 жылғы наурызға дейін А. (АХАЖ-дың бұрынғы қызметкері) балаларды сатып алу-сату және басқа да мәмілелер бойынша 4 эпизодты өз бетінше жасаған.

А. қылмыстық топ құрып, оның құрамына С. және Е. (жұмыссыздар) және белгісіз Э. есімді әйел кірген.

Аталған қылмыстық топтың мақсаты жаңа туған сәбилерге қатысты сатып алу-сату және басқа да мәмілелер жасау арқылы табыс табу болды.

А.-ның міндеттеріне қылмыстық топқа жалпы басшылық жасау, сондай-ақ туу туралы куәліктер жасау кірді. С., Е. және белгісіз әйел Э-нің міндеттері жаңа туған сәбилерінен бас тартуға дайын адамдарды және жаңа туған балаларды асырап алуғаниет білдірген адамдарды іздеу және келіссөздер жүргізу, ақша алу және кейіннен оларды А-ға беруді қамтыды.

Г., Б., М. және Н.-ның әрқайсысы жаңа туған сәбилерге қатысты сатып алу-сату мәмілелерінің бір эпизодына ғана қатысқан және қылмыстық топқа кірмеген.

Іс бойынша барлығы 12 жаңа туған сәбиге қатысты сатып алу-сату және сыйға тарту мәмілелері жасалды.

Сонымен қатар, Б.-ға алаяқтық жасады деген айып тағылған, яғни жәбірленушінің атына 1 000 000 теңгеге жуық сомаға несиені алаяқтық рәсімдеу арқылы ақша жымқырды деп айыпталды.

Сондай-ақ, сот Г. және Б.-мен бірге тұратын тұлғалар жаңа туған сәбилерін сатудан өз еркімен бас тартқанын анықтады, бірақ А. мен белгісіз әйел Э. оларды алдап, баланы алып, сатып жіберген.

Қылмыстық қудалау органы балаларынан бас тартқан аналарға және осы балаларды өздері асырап алу үшін сатып алған адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық істер ҚК-нің 65 б. бойынша әрекетті өкініш білдіргендері үшін тоқтатылғанын атап өткен жөн.

Сотталушы әйелдер М. 1956 ж.т. – 67 жаста және Н. 1953 ж.т. - 70 жаста, босанғаннан кейін анасы бас тартқан баланы осы сәбиді асырап алғысы келген тұлғаларға өтеусіз берудің бір эпизодына қатысқан. Осы айыпталушылар М. және Н. өз кінәларын толық мойындады, тергеу жұмысында серіктестік танытты және оларды әрекетті өкініш білдіргендері үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

Тараптардың ұстанымдары

Сотта прокурор барлық айыптау эпизодтары бойынша айыптауды қолдап, соттан айыпкерлердің барлығына 9 жылдан 16 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушы А., С. және Е. кінәларын ішінара мойындады және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады;

Г. және Б. - кінәларын ішінара мойындады, қылмыс жасаудан бас тартқанын және баланы бергісі келмегенін атап өтті, олар бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады;

М. және Н. - кінәларын толық мойындап, ҚК-ның 65 б. бойынша істі белсенді әрекетті өкініш білдіргендері үшін тоқтатуды немесе бас бостандығынан айырусыз жаза тағайындауды сұрады.

Сот шешімі

Сот үкімімен А., С. және Е. қылмыстық топ құрамында кәмелетке толмағандарға қатысты мәмілелер жасасқаны үшін тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп танылды және сотталды: А. – 14 жыл, ал С. және Е. – әрқайсысы 12 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

А. ҚК-нің 385 б.-ның 1 және 2 б. бойынша айып тағылған 11 эпизодтың 6-сы бойынша (құжаттарды қолдан жасау) қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбегені үшін ақталды.

Г. және Б. - ҚК-нің 135 б., 2 б., 1 т. бойынша кінәсіз деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы үшін ақталды;

Б. ҚК-нің 190 б., 1 б. (онша ауыр емес) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, сондай-ақ жаза мерзімінде қамауда ұстау мерзімін есепке жатқызу қағидаларына сәйкес өтеліп қоюына байланысты оны өтеуден босатылды.

М. және Н. - кінәлі деп танылды және ҚК-нің 65 б. бойынша әрекетті өкініш білдіргендері үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жергілікті білім басқармаларына қолданыстағы заңнамаға сәйкес заңсыз асырап алынған балалардың тағдырын анықтау туралы жеке қаулы жіберілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға