Жаңалықтар

Алматыда заңсыз көше саудасына қарсы тазарту жұмыстары жалғасуда

Алматыда заңсыз көше саудасына қарсы тазарту жұмыстары жалғасуда
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 06.03.2025 06:31 368

Алматыда заңсыз стационарлық емес сауда нысандарын жаппай сүру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кезекті бұзылған нысан – Наурызбай ауданындағы Қонаев және Яссауи көшелерінің қиылысында орналасқан бургер дайындайтын дүңгіршек болып отыр. Бұл сүру жұмыстары Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен қала әкімдігі бастаған заңсыз орнатылған СЕСН-дарды жою науқаны аясында жүргізіліп жатыр.

2025 жылдың 4 ақпанынан бастап Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Жұмыс тобымен бірлесіп көше саудасы нысандарын жоюға кірісті. Бүгінгі таңда мемлекеттік қор жерінде орналасқан 300-ден астам СЕСН бұзылды. Бұл жұмыс аясында 222 ойын автоматы (силомер) алынып тасталды. Сондай-ақ, қалада жер телімдеріне орналасқан 32 күрделі құрылыс нысаны анықталды. Жұмыс тобы оларды мәжбүрлі түрде сүру үшін сотқа талап-арыз жолдады.

Алматының Медеу ауданының тұрғыны Татьяна Касаткина дүңгіршектер бұзылғасын қала кеңейіп, тазарып, жаяу жүргіншілерге арналған орын көбейгенін айтады.

Достық даңғылы бойындағы, соның ішінде «Достық Плаза» сауда орталығы мен «Орбитадағы»дүңгіршектерді алып тастағанына өте қуаныштымыз. Бұрын фастфуд тұтынушыларынан қалған қоқыс үйінділері, арықтағы егеуқұйрықтар жиі байқалатын. Біздің халыққа тамақтану мәдениеті мен тазалықты сақтауды үйрену керек, себебі тамақтанып болған соң қалдықтарын жерге, асфальтқа тастай салады. Дүңгіршектердің маңындағы қоқыс жәшіктері жиі толып тұратын. Оның үстіне, фастфуд денсаулыққа зиян ғой. Осындай орындардағы қызметкерлердің тазалығы мен тамақ дайындау санитарлық нормалары да күмән тудырады. Медеу ауданы туристер жиі келетін орын болғандықтан, қаланың жалпы келбеті маңызды. Көктемге дейін қаламыз тазарып, әдемі және жайлы болса екен, – деді Т.Касаткина.

Қалған 210 СЕСН-дІ бұзу жұмыстары 15 наурызға дейін аяқталады. Коммуналдық қызмет бұл нысандарға заңсыз қосылған инженерлік желілерді ажыратып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға