Алматыда заңсыз дүңгіршектер сүріліп жатыр

Алматыда мемлекеттік қор жерлерінде заңсыз орналасқан стационарлық емес сауда нысандарын жаппай сүру жұмыстары жалғасып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, Бостандық ауданында фастфуд дүңгіршектері алынып тасталд. Сондай-ақ Байтұрсынов көшесіндегі екі стационарлық емес сауда нысаны электр желісінен ажыратылды. Қазақфильм және Орбита-4 шағын аудандарында 49 дүңгіршек пен 59 силомер сүрілді.
Ақпан айының басынан бері қалада 300-ден астам заңсыз нысан, оның ішінде тұрғындарға кедергі келтірген 222 шуы көп силомер жойылды. Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұл шаралар қалалық ортаны жақсартуға бағытталған,-деп атап өтті әкімдіктен.
Тұрғындар бұл қадамды қолдап отыр. Себебі көше дүңгіршектері мен ойын автоматтары көбінесе тротуарда орналасып, санитарлық нормаларды бұзады және шу тудырады. Қалған 210 нысан 15 наурызға дейін бұзылады.
