Жаңалықтар

Алматыда вейптердің заңсыз айналымы бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды

Алматыда вейптердің заңсыз айналымы бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды
Фото: pixabay.com 27.02.2025 16:06 118

Алматыда кәмелетке толмағандарға темекі және темекі өнімдерін заңсыз сату фактілеріне қарсы күрес жалғасуда. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz  ақпараттық агенттігі.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, 2024 жылы 21 жасқа толмағандарға темекі мен темекі өнімдерін сату бойынша 160 құқықбұзушылық анықталды. Заңды бұзған кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 423-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заңға сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтарға темекі өнімдерін сату – құқықбұзушылық болып табылады. Жеке тұлғаларға 15 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, – деді спикер.

2025 жылдың басынан бері осыған ұқсас 27 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Билік жастарды темекі өнімдерінің зиянды әсерінен қорғау мақсатында бақылауды күшейтуде.

Сондай-ақ, азаматтардың денсаулығын қорғау шаралары аясында шылым шегуге болмайтын темекі өнімдерінің, соның ішінде электрондық тұтыну жүйелері мен хош иістендіргіштердің және оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымына қарсы қатаң шаралар қабылдануда. Вейптерді заңсыз сату үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.

Мемлекет жастарды никотин өнімдерінің зиянды әсерінен қорғау саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік едәуір күшейтілді, сондықтан кәсіпкерлерді белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз, – деп атап өтті қалалық полицияның өкілі.

Алматыда 5 мыңнан астам құқықбұзушы қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін жазаланды.

Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енгеннен бері Алматыда шегілмейтін  темекі өнімдерінің, соның ішінде вейптер мен хош иістендіргіштердің заңсыз айналымына байланысты шамамен 30 қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері 25 мыңнан астам вейпті тәркіледі.

Вейптер мен басқа да никотин өнімдерінің заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік белгілеу – азаматтардың денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам, – деп түсіндірді.

Оның айтуынша, енді вейптерді заңсыз әкелу және өндіру үшін 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Егер қылмыстық топ әрекет етсе немесе аса ірі табыс тапқан жағдайда, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК (18,46 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу түрінде қолданылады.

Сонымен қатар, 2024 жылы Алматыда қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 5514 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері мекеме иелеріне заң талаптарын сақтау туралы 458 ұйғарым жіберді.

Заңның орындалуына бақылау күшейтілетін болады. Азаматтарды белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз, себебі бұл – өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды, – деп атап өтті полиция өкілі.

Алматыда темекі өнімдерінің, вейптер мен кальяндардың заңсыз сатылуына қарсы күрес жалғасуда. Полиция өкілдері қатаң шаралар құқықбұзушылық санын азайтып, жастардың денсаулығын қорғауға көмектесетініне сенімді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға