Алматыда үйлердің қасбеттерін жарықтандыру туралы ережелер әзірленуде

Алматыда үйлердің қасбеттерін жарықтандыру бойынша ережелер әзірленуде. Бұл туралы 2025-2027 жылдарға арналған қала бюджеті қабылданған қала мәслихатының сессиясы барысында хабарланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Былтыр мәслихат шешімімен Алматының Дизайн-коды бекітілген болатын. Бүгінгі таңда әкімдік магистральдық көшелер бойындағы үйлердің қасбеттерін сәндік-жарық безендіру бойынша жаңа ережелер әзірлеуде. Бұл қаланың үйлесімді келбетін қалыптастыруға және түнгі уақытта қалалық ортаның жақсы көрінуіне мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі шаһардың эстетикалық келбетін жақсарту мақсатында 2022-2024 жылдары 5 млрд теңгеге 355 үйдің қасбеті жөнделгенін атап өтті. 2025-2026 жылдары тағы 296 қасбетті жөндеу жоспарлануда.
Еске салсақ, Дизайн коды-әрқайсысы жеке бағытты сипаттайтын қосымшалар жиынтығы. Мұндай қосымшалардың алтауы бар: сыртқы ақпарат, навигация, көше жиһазы, көгалдандыру, қасбеттер мен қоршаулар. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша қалалық нысандарды жарықтандыру бойынша жетінші қосымша қосылды.
