Алматыда такси жүргізушісіне қол көтерген жолаушылар сот алдында жауап берді

Алматыда такси жүргізушісіне қол көтеріп, балағаттаған екі жолаушы сот алдында жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының соттары биыл сәуір айында такси жүргізушісі В. мен жолаушылар Т. және К. арасында болған оқиғаға байланысты екі қылмыстық және әкімшілік істі қараған.
Сот материалдарына сәйкес, жолаушы Т. көліктің артқы орындығында отырып, темекі шеккен. Жүргізуші тарапынан жасалған ескертуге Т. агрессиямен жауап қайтарып, балағат сөздер айтып, жүргізушіні желкесінен ұрған. Сот Т.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 1-бөлігі бойынша (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) кінәлі деп танып, 12 тәулікке қамаққа алу туралы үкім шығарды. Сонымен қатар жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, Т.-дан моральдық шығын ретінде 100 мың теңге өндіру шешілді.
Ал екінші жолаушы К. көліктің алдыңғы орындығында отырған. Ол да жүргізушімен сөзге келіп, балағат сөздер айтқан. Бұл іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) қаралып, нәтижесінде К.-ға 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды, - делінген мәліметте.
Соттың екі шешімі де әлі заңды күшіне енбеген.
Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын полиция қаланың 19 жастағы тұрғынына қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен 32 жастағы ер адамды ұстаған.
